Астанада алтыншы рет өткізілген Қазақстан судьяларының съезінде Мемлекет басшысы еліміздегі сот жүйесін жетілдіру бағытында алдағы уақытта атқарылатын бірқатар міндеттерді айқындап берді. Судьялар құрылтайының қорытындысы қандай? Республикалық съезде қандай өткір мәселелер қаралды? Осыдан төрт жыл бұрын өткен басқосуда көтерілген өзекті мәселелер жауабын тапты ма? Елбасының сот корпусы алдына қойған міндет-талаптары қалай орындалмақ? Журналистерді қызықтырған осы тектес сұрақтарға Қазақстан Республикасы Судьялар одағының жаңа тағайындалған төрағасы Серік Байбатыров жауап берді.
Астанада алтыншы рет өткізілген Қазақстан судьяларының съезінде Мемлекет басшысы еліміздегі сот жүйесін жетілдіру бағытында алдағы уақытта атқарылатын бірқатар міндеттерді айқындап берді. Судьялар құрылтайының қорытындысы қандай? Республикалық съезде қандай өткір мәселелер қаралды? Осыдан төрт жыл бұрын өткен басқосуда көтерілген өзекті мәселелер жауабын тапты ма? Елбасының сот корпусы алдына қойған міндет-талаптары қалай орындалмақ? Журналистерді қызықтырған осы тектес сұрақтарға Қазақстан Республикасы Судьялар одағының жаңа тағайындалған төрағасы Серік Байбатыров жауап берді.
Сөз басында айта кетейік, республикалық Судьялар одағының іргетасы 1996 жылдың желтоқсан айында өткен алғашқы съезде қаланған. Одақ еліміздің сот жүйесінің жандануына оң ықпал етіп келеді.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Серік Байбатыров республикалық VI судьялар съезінің маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының судьялар қоғамдастығының алдына қойған мақсат-міндеттерінің ауқымдылығын да айтып өтті. «Съезде күн тәртібіне қойылған – ел дамуының құқықтық-стратегиялық жоспарында міндеттелгендей судья кадрларын іріктеу процесін одан әрі демократияландыру, сот жүйесін лайықсыз адамдардан арылту және судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдігін қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру әрі құқықтық тұрғыдан нығайту мәселелері көптің көкейінде жүрген, осы сала мамандарын мазалаған сұрақтар еді. Сот жүйесін дамыту, сот ісін жүргізудің тиімділігі мен объективтілігін арттыру, сот рәсімдерінің ашықтығы мен айқындығын барынша қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау міндеттерін іске асыру жөніндегі құқықтық шаралардың орындалуы да осы басқосуда жан-жақты талқыға салынды», – деді Серік Катенұлы.
БАҚ өкілдерінің судьялардың көбіне қылмыстық істерді қарау кезінде процесті созбалыққа салып жіберетіндігі, оларға сырттан қандай қысым жасалатындығы жөніндегі сұрақтарына жауап берген Одақ төрағасы: «Сотқа келген істердің дені көптеген заң бұзушылықтарға, қателіктерге толы болатыны жасырын емес. Сол себепті жаңа жобадағы Қылмыстық іс жүргізу Кодексінде бұл мәселеге ерекше мән беріліп, тергеу судьясы институтын дамытуды көздеп отырмыз. Яғни, сот санкция беретін тергеу әрекеттерінің аясы кеңиді. Ендігі таңда сотқа дейінгі істі қадағалау жұмыстарын тергеу судьясы атқаратын болады. Мұндағы басты мақсат – істі сөзбұйдаға, қағазбастылыққа салмай, орын алған қандай да бір қателікті дер кезінде анықтап, аз уақыттың ішінде нақты бір шешім шығару болып табылады», деді. Ал, судьяларға сырттан жасалатын қысым жайлы ойын ортаға салған Серік Катенұлы қоғам арасында сот өкілдеріне қатысты теріс пікір қалыптастырып жүрген журналистердің өзін сынға алды. «Көп жағдай ақпарат құралдарының өкілдері бір қылмыстық оқиғаға байланысты біржақты ақпарат таратады, сот үкімі шықпастан өздерінің «үкімін» шығарып жібереді. Ақиқат-өтірігі әлі айқын анықталмаған ақпараттарды көпке таратып жіберіп, құқықтық сауатсыздық танытып жүрген журналистер осы іс-әрекеттері арқылы сот процесіне де кедергі келтіріп жатқандарын түсіне бермейді», деді С.Байбатыров.
Бір айда 150-ден астам іс қарайтын судьялар жұмысының ауыртпалығына тоқталып өткен төраға мұндай көп жүктеме кезінде қателіктің кетуі де заңдылық екенін айтып өтті. «Бір адамға осынша істі артып қойып, әділ шешім шығар деп талап ету де қиын. Себебі, судья жауапкершілікті қанша терең түсінгенімен де кем-кетік болады. Съезд кезінде Елбасы жаңа жылдан бастап судьялар санын 450-ге көбейту туралы айтты. Бұл хабарды барлық сот өкілдері қуана қабылдады», деп атап өтті.
Сот ісін жүргізуді барлық кезеңдерде жетілдіріп судьялардың мәртебесін арттыруды, соттар мен судьяларды мамандандыруды, сот жүйесінің ашықтығы және әділдігін қамтамасыз етуді жүктеген ел Президенті қуатты да құқықтық мемлекет құру бағытындағы бірқатар тапсырмаларды соттардың құқықтық іс-шаралар жоспарына енгізуді тапсырды.
Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,
журналист.