• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Қараша, 2020

"Астана Балет" жаңа балеттің премьерасына дайындалып жатыр

103 рет
көрсетілді

6 және 7 қарашада "Астана Балет" театрында қазақстандық хореограф Анвара Садықова қойған "Желтораңғы туралы аңыз" бір актілі балетінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Көріп тұрғанымыздай, осы күні бұл тақырып өзекті болып тұр. Біз – адам мен табиғат арасындағы үндестікті табуға ұмтыламыз. Тамыры терең бойлаған желтораңғы ағашының өзі табандылық пен күш-қуаттың бейнесіндей. Ол түрлі қиындықтарға төтеп беріп келеді. Осы қасиет біздің халқымызға да тән: талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткерген еліміз күш жинап, алға қарай ұмтылып келеді», – дейді хореограф Анвара Садықова.

Балет либреттосын әйгілі ақын Бақыт Қайырбеков жазған. Спектакльдің әр көрінісі философиялық мазмұнға ие, ал, бейнелердің ішкі тереңдігі мен сыртқы сұлулығы айқын.

«Балетті шығаруыма Қуат Шілдебаевтың «Тораңғы мұңы» атты ғажайып туындысы түрткі болды. Композитордың музыкалық шығармалары белгілі бір ой мен идеяға жетелеп, түрлі күйге бөлейді. Мұнда мұң, зар мен сағыныш болғанымен, баршамыз қол үзбеуіміз тиіс үміт сәулесі де бар… Біз әр бейнені қазақ музыкалық аспаптарының терең мазмұнды әуезін суреттейтін пластикалық тілмен сипаттауға тырыстық. Мысалы, қобыз. Оның сарыны желдің күшімен даланы кезеді», – деп атап өтті Анвара Садықова.

Балетмейстердің айтуынша, балеттің хореографиясы классикалық би мен  қазақ биінің үйлесімділігінен құралған. Ұлттық хореографияның стилі балет спектаклінің түрлі бейнелерін суреттеуде кеңінен қолданылды.

«Анвараның хореографиялық туындыларында қазақ ұлттық хореографиясының заманауи формасы, заманауи сипаты есіп тұрады. Оның көтерген идеялары, таңдаған тақырыптары адамзатқа ортақ болғандықтан, көрермендер мен бишілерге де ерекше әсер етеді. Репетиция залында Анвара елгезек әрі өте зерделі. Ол әртістермен бірге шығармашылық жасауға ашық», - деп атап өтті, жетекші солист Дилара Шомаева.

Балетті көрерменнің қабылдауында спектакльдің көркемдік безендірілуі де айтарлықтай маңызға ие: декорация, костюмдер, жарық – осының бәрі «Астана Балет» театры шеберлерінің күшімен жасалады. Костюм суретшісі Наталья Протасованың айтуынша, костюмдерді жасағанда ол шынайы табиғи бейнелерге көңіл аударып, тораңғы тоғайларындағы ағаштар мен құстардың келбетін балет костюмдеріне икемдеген.  

«Адам баласы не істесем де өз еркім, деп ойлайды. Бірақ, бұл қате. Осы екі әлем арасындағы қақтығысты көрсету үшін, мен отыншыларға қазіргі заманғы киім кигіздім: джинсы, футболка, бәтеңке. Табиғат аясында олардың бейнелері тұрпайы болып шықты, нағыз басқыншылардың бейнесіндей», - дейді Наталья Протасова.

Спектакль декорацияларының жобасын Жандос Омаров жасады: «Спектакль безендіруінің басым бөлігі жұмсақ декорация. Соның арқасында біз қоңыр күздегі нағыз тораңғы тоғайының өзін жасап шықтық. Жалпы саны отыз мыңнан астам әрбір жапырақты біз арнайы матадан жасадық. Әуелі оны арнайы тоқыма бояуына малып, қайнатып, сосын кептірдік. Содан кейін, әрбір қажет затты қолмен кесіп дайындадық. Мұның бәрі декорацияның көлемді әрі шынайы әсер қалдыруы үшін жасалады».

«Астана Балет» театрын құрған кезде, ұжым алдына қойылған мақсаттың бірі – ұлттық хореографияны насихаттап, тың ұлттық балеттер шығару еді. Бұл міндетін театр сәтті атқарып келеді: оның репертуарында үш ұлттық балет, «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы бар. Ал, 6 және 7 қарашада көрермен назарына «Желтораңғы туралы аңыз» атты жаңа балет ұсынылады.

Спектакльдердің басталуы: 6-қараша, сағат 19:30. 7-қараша, сағат 18:00.