Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында "Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді", деп атап көрсеткен болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлы Абайға арналған ірі шаралардың қатарында Педогогикалық ғылымдар академиясы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен заманауи әдебиет пен журналистиканы кеңінен насихаттау, жас жазушылар мен ақындардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында Абайдың 175 жылдығына арналған "Мүшайра" республикалық байқауының өңірлік іріктеу туры өтті.
Маңғыстау облысы бойынша ақындар мен жазушылардың қатысуымен өткен мүшайраға 30 үміткер қатысты. Абай Құнанбаевтың сол замандағы ішкі жан-күйін сезінген қатысушылардың арасынан үздіктерді іріктеп алу қиынға соқты. Әділ қазылар Yessenov University профессоры, әдебиеттанушы ғалым, "Абайтану" пәнінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Қабылов Әділет, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы, ақын, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы Жайлауов Бақтыбай жазу стиліндегі сауаттылық пен ерекшелікке аса мән бере отырып, өлеңдердің ойлары тұнық, парасаты биік, мазмұны терең, тілі құнарлы, көркемдігі шұрайлы болуын қадағалап, Абай тұлғасын асқақтата жырлауды басты назарда ұстады.
"Заманында қазақ қоғамының батыл сыншысы бола білген ойшыл ақын Абай атасына өлең арнай отырып, бүгінгі заман мәселелерін де байланыстыра жырлаған жастар саны жетерлік. Атап айтқанда, Ақтау қаласы, Түпқараған ауданы, Жаңаөзен қаласының колледж студенттері мен Yessenov University білім алушылары. Орын саны шектеулі болғандықтан ғана үш үміткеріріктеп алынған еді. Шохаев Мұстафаның "Абай сөзі – Абай шыңы ар деген" Дүйсенов Наурызбектің "Абайға арнау, Орынбасар Азаматтың "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Абай" атты шығармалары дараланып, іріктеу турынан өтіп, республикалық додаға түсті. "Ел іші – өнер кеніші" дегендей, республикамыздың әр өңірінен қатысып жатқан жас ақындардың жақсы өлеңдерін жинап, топтастырып, кітап етіп шығарса, Абай ақынның 175 жылдығына қосылған үлес болар еді", дейді Ш.Есенов атындағы КМТИУ, Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Маңғыстау облысының өңірлік ұйымдастырушысы Ақмарал Отарова.
Маңғыстау облысы