Қазақстан мен Ресей Жайық трансшекаралық өзенінің экожүйесін сақтау үшін бірлесіп жұмыс атқарады. Соған сәйкес 2021-2024 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданбақ.
Бірлескен бағдарламаның жобасы Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының екінші отырысында талқыланды.
Бейнебайланыс форматында өткен кездесуде Қазақстан тарапынан Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, сондай-ақ көршілес елден Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Сергей Ястребов қатысып, ортақ акваторияның келешегін пысықтады.
Басқосуда Парламент Мәжілісі мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының депутаттары, ғалымдар, мемлекеттік құрылымдар мен қоғам өкілдері де Жайық өзеніне байланысты қордаланған проблемалар туралы пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында аталған өзен бассейнінің экожүйесін жақсарту мен трансшекаралық ластануды болдырмау жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы айтылды.
Бұған қоса қатысушылар 2019 жылғы шілде айында халықаралық тәжірибені зерделеу және Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтаудың бірлескен институционалдық және экономикалық тетігі бойынша ұсыныстар дайындау жөніндегі семинарда айтылған ұсыныстарды талқылады.
Маңызды отырыстың қорытындысына сәйкес Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасына 12-13 қарашада Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресей Федерациясының XVII өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде қол қою туралы шешім қабылданды.