Сурет өнерінің ерекшелігі де сол, кейде айтар ойыңды бояулар тілінде баяндаған кескіндемешілердің шеберлігіне еріксіз тәнті боласың. Бұрынғы Целиноград, қазіргі Қараөткел, еліміздің еңселі астанасында жазылған мына бір тамаша туындыны көргенде біз осыны ойладық.
Танымал суреші-монументалист Михаил Антонюктің кескіндемелік мұраларының арасындағы «Заманалар жалғастығы» деген бұл картинаның қасынан ешкім бей-жай өтіп кетпеуі керек дер едік. Тұтас ұлттың трагедиясын кейуана көздерімен айтудың өзі азаматтық берік ұстанымды аңғартады. Суретшіге сүйсінбеске шара жоқ. Кескіндеме тарихын білгенде алаш тағдырының ақтаңдақ жылдарын ашық көрсеткен өнер иесіне тағы разы болдық.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдары жаппай қырылған қазақ трагедиясы қандай шығармашылық иесін болсын қасірет шектірмей қоймайды. Бұл қылқалам шебері де аталған апатты өзінің шығармашылық зертханасында айналып өтпепті. Өтпеуіне және ең үлкен себеп – суреттегі кейіпкер кейуананы автор жеке таныған. Кескіндемеде көрініп тұрғандай, бұл ананың көзіндегі кісі шошырлық үрейдің ар жағында ашаршылық жылдары өзінің балалары мен жақындарын жоғалтқан қалың қайғы жатыр. Қылқалам шеберін бұл тақсырет қатты қинайды. Алайда қарт ана жүрегіндегі ыстық мейірім кейін көрші ауылдағы жетім қалған балаларды қамқорлығына алып, аштан өлуден сақ-тап қалыпты. Қарт ана әжімдеріндегі қасірет табымен суретші осы оқиғаны айтқысы келген. Қайғы мен көз жасынан бозарып кеткен көздерде күллі қазақ халқының мұңы мен зарының терең арнасы бар. Суретші алдыңғы планға ауыр еңбектен еті қашқан, тарамыс үлкен қолды әдейі шығарған.
Антонюк бұл арқылы осы қолдар бесікті де тербетті, бейнетті де көтерді, осы қолдар жетім-жесірлердің маңдайларынан да сипады, қаралы хаттарды да ашты, осы қолдар бір үзім нанды да екіге бөлді, осы қолдар бізді бүгінге де жеткізді деп тұрғандай.