• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Қараша, 2020

Әділ шешім – әділетті қоғамның бастауы

589 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниені шарпыған қауіпті індет мемлекеттің қауіпсіздігі мен экономикалық жағдайының қандай екенін айқындап, баға бергендей. Өйткені айналдырған бір жылға жетпейтін уақытта алпауыт елдердің өзі қандай амал, шара қабылдарын білмей абдырап қалған сияқты. Бұл ХХІ ғасырдың ең үлкен апаты, қарусыз майданы, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіріп, күн санап өршіп бара жатқан аты жаман ауруға айналды.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының шешімімен жа­рия­ланған пандемияға қар­сы әрбір мемлекет өзінше күре­сіп бағуда. Осы орайда, өзін тәуел­сіз, зайырлы, құқықтық және демократиялық ел ретінде орнық­тыруды жариялаған мемлекетіміз халқының амандығы мен әрбір азаматының денсаулығын сақтау мақсатында жедел шешімдер қабылдап, денсаулық сақтау, халықаралық қарым-қатынастар байланысы мен экономиканың тұрақты дамуына қатысты бар­лық заңдар мен құқықтық акті­лерге тиісінше өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, оның орындалуын қамтамасыз етуде.

Осының арқасында еліміздегі пандемиялық жағдай біршама тұрақтанды. Осы жетістік хал­қы­мыздың бойындағы ұлт­тық болмысымызға тән асыл қасиет­терімізге жататын сабырлылық пен шыдамдылықтың, ынтымақ пен бірліктің арқасында деуге негіз болып отыр. Бұл өз кезегінде әлі де болса халқымыздың құқық­тық санасы мен құқықтық мәдениетінің жоғары екендігін білдіреді. Оны біз еліміздің азаматтары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қажетті дәрі-дәрмектер мен құрал жаб­дықтарды тиісті орындарға жеткізгендігін бұқаралық ақ­парат құралдарынан көріп, біліп отырдық. Өз кезегінде бұл азаматтарымыздың адамгершілік санасының жоғары деңгейде екендігін танытты. Сонымен қатар індетпен күрес кезінде бі­рінші кезекте денсаулық сақ­тау саласы мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің өз қызметтеріне адал қарауы елі­міздің болашағынан үміт күту­ге болатындығын білдірді. Оны біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қауіпті індетпен күресу барысында көрсеткен ерліктері мен азаматтық ұстаным­дарына ерекше алғысын білдіріп, әлеуметтік қорғалуына айрықша мән беретіндігіне арнағанынан байқауға болады.

Қазіргі уақытта да әлем әбігерге салып отырған пандемия мәселесі Қазақстан халқы­на да өз қаупін сейілтті деуге келмейді. Осындай күрделі кезең­де мемлекет алдында тұр­ған бірінші міндет еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуын тұрақты ету, халықтың табысы мен жұмыс орындарын сақтап қалу өте маңызды. Бү­гін­гі күні әлем елдері бір ға­сыр­да болмаған өте күрделі эко­­но­микалық дағдарыспен бет­пе-бет келуде. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша бүгінгі күні тығырыққа тірелген экономиканы қалпына келтіру бірнеше жылға созылуы мүмкін. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жолдауында қарастырылған бағыт-бағдарлар еліміздің алдында тұрған негізгі мәселелерді шешуге бағытталып отыр дегіміз келеді.

Алдағы уақытта Қазақстан халқ­ына қызмет жасайтын мемлекеттің жаңа стандарттарын дайындау мақсатында қыруар жұмыстар атқару қажет. Осы орайда, құқық қорғау және сот жүйесіне реформа жа­сау қажеттілігі туындайды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы өз Жол­дауында Президент Әкім­шілігі жанынан құқық қорғау мен сот жүйесін реформалауды жүзеге асыратын арнайы комиссия құ­ры­латындығын айтқан болатын.

Қазіргі қоғамда індетке айнал­ған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі жұмысты қажет етеді. Ол үшін әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидат­тарын ұстануды қалыптастыру аса маңызды. Бұл жерде сыбай­лас­ жемқорлыққа қарсы кү­ресу емес, оның пайда болу себеп­терін анықтау, алдын алу ша­раларын қабылдау қа­жет. Жем­қорлықтың алдын алу үшін барлық мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдар бастамашылық танытып нор­мативтік-құқықтық актілерді өз­герту, жаңадан қабылдау бағы­тында жедел шешімдер шыға­ру­ға, бірлесіп әрекет етуге да­йын болуы керек. Сондай-ақ қа­зір­гі кезде қоғамда орын алып отырған көріністер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңаша тәсілдерін енгізуді талап етіп отыр.

Бүгінгі күні сыбайлас жем­қор­лықты мемлекет тарапынан қадағалауға қосымша ретін­де қоғамдық бақылау инсти­тут­тарының жұмысын жандандыру, оның құқықтық негізін қалып­тастыру қажеттігі қаралуда. Ол үшін барлық мемлекеттік ор­гандардың қоғам алдындағы ашық­тығын, әрбір азаматтың қоғам­дық жауапкершілігін арт­тыруға негіз болатын «Қоғам­дық бақылау туралы» заң қа­был­данатындығы Президент Жол­дауында нақты көрініс тапты. Сондықтан бірнеше жылдан бері өңірлерде жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық кеңестердің рөлін арттырып, жұмысын қайта қарап, жандандыру керек. Бұл үшін, қазіргі қоғамдық кеңестің құрамына әлеуметтік топ өкіл­дерін оның ішінде мүмкіндігі шек­теулі азаматтарды, үкіметтік емес ұйым өкілдерін қосып, олар­дың өз ұсыныстарын жеткізу­ге мүм­кіндік жасау қажеттігі маңызды.

Жолдауда айрықша мән беріл­ген тағы бір сала бұл ғылым саласын дамыту бағыты. Ғылымды дамыту үшін әлемдік деңгейде мойындалған жаңалықтар мен тәжірибелерді қай салаға болса да енгізу үшін жаңа қөзқарас, жаңа тәсілдер мен жаңаша ойлай алатын білімді де білікті кадрлар керек. Аталған маңызды мә­се­леге нақты қол жеткізу үшін алдағы жылдан бастап дү­ние жүзінің үздік, жетекші ғылы­ми орталықтарында 500 ғалым­ның іс-тәжірибеден өтуіне және «Жас ғалым» жобасы арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізу мақ­сатында 1000 грант бөлу жос­пар­ланып отыр. Бұл жобаны қаржыландыру, яғни ғылым саласын дамыту тікелей ірі кәсіп­орындардың қаражаты есебі­нен жүзеге асырылатын болды. Соны­мен бірге аймақтардағы уни­верситеттердің ғылыми қыз­мет­терін, оның ішінде иннова­ция­лық ғылыми жобаларын қар­жыландыру мен іске асырылуына ірі бизнес өкілдерінің қатысуын қамтамасыз ету қажет. Ол үшін ғылыми-технологияны тұрақты дамыту бағытында арнайы бағдарламалық құжат қа­былданып, оның негізгі мін­деті ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуде ғылым саласының әлеуетін пайдалану болып отыр.

Жолдаудағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – шын мәнісінде «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Аза­мат­тардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бас­тысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Бұл – Мемлекет басшысының Парламент пен Үкіметтің алдына қойған, нақты шешімін табуы қажет басты мә­селе. Осы жолда еңбек ету қазақ­стандық әрбір азаматтың парызы, міндеті әрі борышы болмақ.

Жоғарыда айтылғандар негізінде Жолдауда айтылған басты мәселелердің барлығы дерлік халықтың тікелей қаты­суы­мен жүзеге асырылатын ша­ра­лар болғандықтан бірінші кезек­те халықтың санасын, оның ішінде құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін жетілдіру болып танылады. Себебі алға қойылып отырған мақсаттар мен міндеттерді орындауда сананың дұрыс болуы маңызды. Әрбір қазақ­стандық өз іс әрекеттеріне саналы түрде қарап, саналы ше­шімдер қабылдаған жағдайда ғана біз биік мақсаттарға жетеміз.

 

Гүлнар АРҒЫНБЕКОВА,

заң ғылымдарының кандидаты

 

Қызылорда