Бүгінгі таңда Қордай ауданында тұратын өзге ұлт өкілдерін қазақ тіліне үйрету мақсатында арнайы оқыту курстары жандануда. Сонымен қатар, жуырда ғана ауданның Сортөбе ауылынан "Имамдар үйі" орталығы ашылған болатын. Мұнда облыс имамдары бас қосып, қоғамдағы түрлі тақырыптарды талқылайтын болады. Сондай-ақ, аталған мекемеде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету дәрістері де ұйымдастырылады, деп хабарлайды Egemen.kz
Жуырда бой көтерген "Имамдар үйі" орталығының жұмысымен танысу мақсатында Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сортөбе ауылына арнайы барды. Сонымен қатар, аталған орталық ресми түрде ашылып, оған ҚМДБ төрағасымен бірге аталған басқарманың фатуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, облыстық орталық "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров және өзге де азаматтар қатысты.
"Бүгінгі ашылған "Имамдар үйі" діннің ақ жолын уағыздауға, жастарды адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеуге өз үлесін қосатынына сенімдімін. Бүгінде осындай орталық ашып, дініміз бен дәстүрімізді насихаттауымыз – тәуелсіздігіміз бен бірлігіміздің арқасы", дейді Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет.
Жаңа салынған "Имамдар үйінде" оңалту, бейбітшілік пен келісім бөлмелері және өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету сыныбы, дәрісхана, кітапхана, медициналық пункт және мәжіліс залы бар. Бұдан бөлек, асхана, жуыну бөлмелерімен қатар келетін меймандарға арналған жатақхана да қарастырылған. Сондықтан да бұл тек діни орталық емес, білім алуға, пікір алмасуға арналған орталық болып есептеледі. Мұнда келіп тағдыр тәлкегіне түскен жандар да кеңес ала алады. Қордай ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаевтың айтуынша, "Имамдар үйі" көпшіліктің қолдауымен тұрғызылған екен.
Жамбыл облысы