Бүгін Көкшетау қаласында ақ түйенің қарны жарылған сүйінішті оқиға орын алды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі медициналық мекемелерге 8 жылжымалы медициналық кешен, облыс орталығындағы жедел жәрдем станциясына 38 реанимобиль және ішкі істер саласы қызметкерлеріне 24 патруль, өрт сөндірушілердің саты орнатылған автокөліктерінің кілтін табыс етті. Көкшетаудың қоғамдық транспорты жаңа 16 автобуспен толықты, деп хабарлайды Egemen.kz
Карантиннің қатаң талаптарын сақтай отырып өткізілген шара барысында 6 медицина қызметкері мен 8 тәртіп сақшысы "Халық алғысы" медалімен марапатталды.
– Бүгінгі таңда жаман тұмаудың екінші толқынына дайындық ыждаһатты жүргізілуде. Басты міндет инфекцияның таралуына жол бермей, алдын алу. Науқасқа шалдыққандарды емдеу. Осы орайда, өңірде жаңа заманғы медициналық нысандар салынып, ауруханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, – деді әкім өз сөзінде.
Тағы бір айта қаларлық жағымды жаңалық – Көкшетауда коронавирусқа шалдыққан науқастар емделетін заманауи үлгідегі жұқпалы аурулар орталығы ашылды. Бұл орталық 200 кереуетке шақталған. Онда Германия мен Ресейден алынған жаңа жабдықтар орнатылған. 8 корпустан тұратын нысанда көліктерді дезинфекциялау пункті, медициналық қалдықтарды залалсыздандыру орны, жан сақтау бөлімшесі, орталықтандырылған оттегі станциясы, жылу қазандығы бар. Бір айта кетерлігі, құрылыс жұмысы төрт айда аяқталған. Жобаның құны 7 млрд 185 млн теңге. Жалпы аумағы 4,4 гектарды құрайтын нысан құрылысына 620 адам тартылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай ашылған дәл осындай орталық елімізде некен-саяқ. Сондай-ақ, бүгін облыстық көпбейінді аурухана магнитті-резонансты томография кабинеті ашылды.