Өкінішке қарай, індеттің екінші толқыны іргеде тұр. Қазір барлық аймақта сақтық шарасы күшейіп, карантин шектеулері қатаңдатыла бастады. Осы санатта Алматы облысы да бар. Әзірге өңірдегі жағдай тұрақты болғанымен, көршілес Шығыс Қазақстан облысындағы ахуалдың асқынуы жетісулықтарды да алаңдатып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сақтық та қорлық жоқ» дегендей, қазір екі аймақтың шекарасына санитарлық бекеттер қойылып, кірген, шыққан көліктер қатаң тексеруден өтуде. Жолаушылардың денсаулығы текесеріліп, адамдар туралы анықтама толтырылып жатыр. Бұл шара вирустың ел ішінде кеңінен таралуының алдын алмақ. Ал Алматы облысы бойынша пандемия маусымы басталғалы бері 5204 адам коронавирус індетің жұқтырған екен. Дерттен 52 адам қайтыс болған. Мамандардың дерегі бойынша, аймақтағы вирус жұқтыру қарқыны тәулігіне 0.2 пайыз шамасында анықталған. Қазіргі сәтте 149 адам стационарларда ем қабылдап жатыр
- Індетпен күрес жұмысында іркіліс жоқ. Біз өз тарапымыздан күресу шарасына толық дайындық жасап отырмыз. Бұған тиісті қаржы бөлініп, қажетті құрал-жабдық, дәрі-дәрмек қоры жасалды. Мамандар қатары да толықтырылды.Коронавирус инфекциясымен күресу мақсатында Талдықорған қаласында 200 төсек орындық модульдік инфекциялық аурухана пайдалануға берілді. Жалпы 5280 төсек-орын дайындалды. Дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан-Ресей медициналық университетімен денсаулық сақтау мамандарын, интерндерді, резиденттерді көп деңгейлі даярлау бойынша оқу орталығын құру туралы меморандум жасалды. Талдықорған және Алматы қалаларындағы көпсалалы ауруханалардың базасында ауыр науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін заманауи құрылғылармен жабдықталған орталықтар құрылды. Сондай–ақ, балалар жұқпалы аурулар ауруханаларының базасында балаларға арналған екі COVID-орталығы қосымша жарақтандырылуда. Жалпы пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 млрд.теңге, оның ішінде коронавирустың екінші толқынына дайындыққа 8,9 млрд теңге бөлінді., - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Низябеков.
Жалпы, екінші толқынға дайындық барысын пысықтау аясында облыстағы СOVID орталығына 1 цифрлық рентген-аппарат, 2өкпені жасанды желдету аппараты, 12 концентратор, 30 монитор, 8 виброакустикалық аппарат, 130 пульсоксиметр сияқты медициналық жабдықтар жеткізілген. Ал ауруханаларда 534 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Тауяда республикалық бюджет есебінен тағы 130 құрылғы жеткізілмек. Жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге сомасына 100 бірлік өкпені жасанды желдету аппараттары сатып алынды. Сондай-ақ, облыстың 13 ауруханасы оттегі станцияларымен қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде 12 оттегі станциясы іске қосылды. Аудандардағы ауруханалар үшін 1070 дана оттегі концентраторы сатып алынған. Яғни, өңір бойынша дайындалған 5280 төсек-орынның 40 пайызы оттегімен қамтамасыз етілетін болады.
- Әрине, індетпен күресте медицина қызметкерлерінің білімі мен білігіне сенім артамыз. Әріптестеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты орында. Қазір облыстың медицина мекемелерінде жеке қорғану құралдарының үш айлық қоры бар. Ал дәрілік заттардың екі айлық қоры жасақталды. Оның ішінде бірыңғай дистребьютермен 500 млнтеңгеге дәрілік заттардың 30 түрін сатып алуға шарт жасалды. Яғни, қазір медицина ұйымдары мен дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. 15 қыркүйектен бастап тұрығындарды тұмауға қарсы егу басталды, бүгінге дейін 214 мың адам екпе салдырды. Жалпы, науқастарды емдеу үшін 3455 медицина қызметкері, оның ішінде 851 дәрігер жұмылдырылады, - дейді тағы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Низябеков.
Алматы облысы