• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 09 Қараша, 2020

Оқу-білім өркениетке бастайды

508 рет
көрсетілді

Күні кеше ғана Ұлттық академиялық кітапха­нада Мәдениет және спорт министр­лігінің ұйымдастыруымен Қазақстан кітапха­нала­рымен бірлескен «Заманауи кітапха­на­ның жаңа келбеті – оқу мәдениетін қалыптас­тыру­дың жаңа форматы» тақырыбында дөң­гелек үстел өтті.

Онлайн режімде өткен шараға Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова, Мәде­ниет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы, хатшы Гүлзейнеп Пазылова, Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының басшысы Бақытжамал Оспанова, сондай-ақ «zoom» платформасы арқылы басқа аймақтардағы кітапхана директорлары қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры К.Сейітова аталған шараның маңыздылығына тоқталып: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 22 қазанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында жасаған баяндамасында кітапханалар ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ кітапханалардың өскелең ұрпақ бойында оқу мәдениетін қалыптастыру, оқу сауаттылығын дамыту ісіндегі ерекше рөліне бас назар аударған еді. Осыған орай републикалық және жергілікті атқарушы органдарына қарасты кітапханалар өздерінің дәстүрлі қызмет көрсету сапасын арттырып, уақыт талаптарына сай оқырмандарды тартудың жаңа жолдарын іздестіру қажеттілігі ­туындап отыр», деді.

Айта кетейік, жастарға арналған коворкинг орталықтарын ашу Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың партия­ны жаңғырту бойынша тапсырмасымен орындалған болатын. Және осы мақсатта былтырғы Жастар жылы қарсаңында еліміздің барлық аймақтарындағы кітапханаларда жастар коворкинг орталықтары ашылған еді. Бұл туралы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ү.Мұңалбаева да өз сөзінде айтып өтті. «Қазіргі кезде барлық Қазақстан кітапханалары бірігіп, серпіліс жасауымыз керек. Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артып отыр. Сол сенімді ақтау үшін, ең алдымен, жастардың кітап оқуға деген талпынысын арттыру шарт. Әлбетте, жастар коворкинг орталықтары жастардың ғылым-білімге деген қызығушылығын арттыруға көмекші бір құрал», деді ол.

Нақтылап айтсақ, коворкинг орталықтары – жастар ұйымдарының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ұжымдық кеңсе қызметі. Жастарға дәстүрлі кітапханалардың ішінде жағдай жасап, ғылым-білімге деген құлшынысын арттыруды мақсат тұтқан бұл жоба заманауи кітапханалық жүйенің бір сипаты іспеттес. Мұнда әлеуметтік жобалар аясында жастар түрлі форматтағы іс-шараларды өткізіп, кеңес алып, идеяларын талқылауға мүмкіндік алады.