Елдегі жағдай ушыққан сайын Ұлыбритания барлық шараны жасауға жанталасып жатыр. COVID-19-дың белгілері болмаса да, тұрғындардың барлығы тесттен өтеді. Бұл – вирусты анықтап, жоюдың тиімді тәсілдерінің бірі дейді сарапшылар. Елдің премьер-министрі Борис Джонсон Ұлыбританияда мұндай сынақты ел көлемінде өткізуге уәде беріп отыр. Ливерпуль алғашқы болып бастайды.
Жалпы, жаппай тестілеу нақты не нәрсеге қол жеткізеді деген сауал да туындайды. Оксфорд университетінің қызметкері, үкіметтің ғылыми кеңесшісі Сэр Джон Белл «бұл әрекет бізді алдағы қиындықтардан құтқаруы мүмкін» дегенді айта отырып, бірақ «бұл жағдайдан тым көп шу шығарудың қажеті жоқ» екенін де ескертті.
Жаппай тестілеу қатерлі ісік скринингіне ұқсайды. Сау адамдар да тексеріледі, солардың арасынан өздері білмей вирус жұқтырып алғандар анықталуы мүмкін. Бұл індеттің өршуіне ары қарай жол бермейді. Дәл осы қадам Қытайда бірнеше рет қолданылған болатын. Вирус өршіген аймақтарда тұрғындарды жаппай тексеріп, өздері білмей, симптомсыз жүрген науқастарды оқшаулаған. Ал бұл – өз кезегінде індеттің басқаларға жұқпауын қадағалауға таптырмас шешім. Словакия да дәл осы әдіске жүгінуді көздеп отыр.
Тестілеу миллиондаған халыққа қалай жүргізіледі деген заңды сауал туындайды. Қолданылатын сынама жүктілікті анықтайтын тестке ұқсас келеді: қарапайым, арзан және жылдам анықтайды. Мұрыннан не ауыз қуысынан алынған материал вирустың бар-жоғын бірден көрсетіп береді. Лаборатория мен медицина қызметкерінің қажеті жоқ. Осылайша Ұлыбритания індеттің өршуіне байланысты елдегі қауіпсіздік шараларын қайта күшейтуге мәжбүр болып отыр.