Өткен жылы облысты былай қоғанда Ақтөбе қаласының өзінде көптеген денсаулық сақтау мекемелері пайдалануға берілді. Оның ішінде екеуі Елбасының “100 аурухана мен 100 мектеп” бағдарламасы бойынша жыл аяғына таман пайдалануға берілген.
№1 қалалық емхана ғимараты 1,3 млрд. теңгеге түсті. Қыруар қаржы жұмсалған емхана қалалықтарға медициналық қызмет көрсету сапасын қаншалықты жақсартты? Осыны білмек ниетпен №1 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу істері жөніндегі орынбасары Татьяна КОНДРАТКОҒА жолығып, әңгімелескен едік.
– Жаңа ғимараттың қандай тиімділіктерін көріп отырсыздар?
– Бұрынғы ескі ғимаратта қысылып-қымтырылып, кейбір аппаратуралар болмай, берекеміз кететін. Дәрігерге қаралуға келгендер сағаттап күтіп, тағатын тауысатын, бізде анықтауға мүмкіндік болмағандықтан, кейбір ауруларды қаланың екінші шетіндегі емханаларға жіберіп, әуреге түсетінбіз. Сондай-ақ әр түрлі аурулардың араласып жүруі де талапқа сай келмейтін. Жаңа ғимарат еңселі де жарық, кең. Осында 550 бөлме, әрқайсысы 70 адамдық екі зал бар. Ересектер бөлімі 350 сырқатты, балалар бөлімі 150 келушіні қабылдай алады. Мұнда медициналық тексерілуге қажетті бөлімшелер мен қондырғылар жеткілікті. Осы заманғы екі сандық рентген аппараты, флюрографиялық қондырғы, ультра дыбыстық тексеру аппараттары, басқа қажетті медициналық құралдар дәрігерлердің еңбегін жеңілдетумен бірге, медициналық қызмет сапасын арттыра түсті. Биохимиялық, дәрет, қан және басқа өлшемдер бойынша ауруды анықтайтын зертханалар да игілікке қызмет етуде. Олардың ішінде бір сәтте он сегіз көрсеткіш бойынша талдау жасайтын аппаратпен жабдықталған зертхананың қолымызды анағұрлым ұзартқанын айту ләзім. Мұның өзі аурулардың босқа сенделуін болдырмайтыны өз алдына, сырқаттың сырын тез ашуға да ықпал етеді. Барлық бөлімшелер бөлек-бөлек блоктарға орналасқандықтан, келушілердің жүріп-тұруына да ыңғайлы, бір дертпен алысып жүріп, екінші ауруды жұқтырып аламын деп қауіптенбейді.
– Емхананың кадрлық қамтамасыз етілуі қалай? Осы заманғы медициналық аппараттарда жұмыс істейтін маман дәрігерлер бар ма?
– Жалпы біздің емханаға тұрғындар қалашығы ауданындағы 66 мың тұрғын бекітілген. Біз қазір 81 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетіп отырмыз. Себебі, қала маңында орналасқан Қурайлы елді мекені де бізге қарайды. Оның үстіне біздің ауданда 39 жатақхана, 14 барак үй бар. Оларда көбіне алыс аудандардан келгендер тұрады. Олардың бір-екеуі ғана есепке тұрады, қалғандары есепте жоқ. Бірақ біз оларды да қамтимыз ғой. Осыншама адамға 108 дәрігер, 160 медбике қызмет көрсетеді, 24 учаскелік терапевт дәрігер, 20 учаскелік педиатр дәрігер жұмыс істейді. Дәрігерлердің 17-сі жоғары, 42-сі бірінші және екінші дәрежелі мамандар болса, медбикелердің 42-сі жоғары, 29-ы бірінші және екінші дәрежелі қызметкерлер. Жаңадан алынған қондырғыларда жұмыс істейтін дәрігерлер мен медбикелер ірі қалалардағы емханалар мен ауруханаларда тәжірибеден өтіп келді. Бұған дейін әйелдерді маммографиялық тексеру үшін басқа емханаларға жіберетінбіз. Қазір мұндай сырқаттарды анықтаудың барлық мүмкіндігі бар, осы заманғы бірегей қондырғылардың арқасында емшек безі, жатыр мойыны қатерлі ісігі сияқты әйелдер ауруларын алғашқы сатыларында анықтауға алғышарт жасалды. Жалпы емханадағы бірегей аппараттармен білікті дәрігерлердің арқасында аурудың алдын алу, қатерлі ісік және созылмалы ауруларды ерте анықтау жақсара түсті.
Емханада жиырма кереуеттік күндізгі стационарлық бөлім ашуға мүмкіндік туды. Бұл кейбір аурулардың ат сабылтып тұрғылықты ауданынан қашықтағы ауруханаларға бармай-ақ, емхананың өзінде ем алуына жақсы болды. Емханадағы тағы бір жаңалық – ол осында амбулаториялық-хирургиялық орталықтың ашылуы дер едім. Орталықта көк еттің жыртылуы, жара сияқты жеңіл ауруларға операция жасалады. Ұжымда бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне көшудің алғашқы қадамдары жасалуда. Кейбір тұрғындар бұрынғы емханаларынан шығып, бізге ауысып жатыр.
– Емханаға жас мамандар қабылданды ма?
– Қабылданды, олардың дені акушерлік-гинекологиялық бөлімшеде жұмыс істейді. Жас дәрігерлерге жоғары дәрежелі дәрігер Бақытгүл Сүйіншәлина тәлімгерлік етеді.
Біздің емхана ұжымы халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бағытында алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жүргізе береді. Ол үшін материалдық жағдай жеткілікті, кадрлық қамтамасыз етілуі де көңілден шығады.
Әңгімелескен Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.