Бесінші қараша – Әскери барлау күні. Әдетте барлаушылардың қызметі, олардың немен айналысып, қандай нәтижеге қол жеткізгені жариялана бермейді. Өйткені бұл саланың өзі құпияға негізделген. Әйтсе де, бір нәрсе анық. Әскери барлау қызметі – ұдайы қауіпке және тәуекелге байланысты.
Қазіргідей әлемдегі ахуал күрделі шақта барлаушылардың иығына түсетін жауапкершілік те мол. Өйткені ақпараттық, гибридтік және ассиметриялық күрес әдістері қолданылып, лаңкестік актілері жасалып жатыр. Сол себепті әскери барлаушылардың міндеттері бұрынғыдан да күрделене түсті.
Осы айтулы мерекеде Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери барлау қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ведомство басшысы барлаушылардың қызметі ешқашан жарнамаланбайтынын, ол әрдайым қауіп-қатерге толы қызмет екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда Қазақстан мен бүкіл әлем қауымдастығы жаңа сын-қатерлермен бетпе-кет келіп отырған кезде, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде барлау қызметі маңызды рөл атқарады. Сіздердің уақтылы ұсынған ақпараттарыңыз үкіметтің маңызды шешім қабылдауына сан мәрте негіз болды», деді Н.Ермекбаев.
Барлаушы сарбаздар жедел, жауынгерлік даярлық және оқу-жаттығулар кезінде біліктілігі мен дағдысын жетілдіріп, жоғары әскери шеберлігін көрсетеді. Республикада кәсіби барлаушыларды даярлаудың шетелдік баламасынан кем түспейтін жүйесі құрылды.
«Барлаушылар әрқашан елеусіз болып жүретініне қарамастан, ең күрделі тапсырмаларды орындаған кезде тиімді әрі үйлесімді әрекет етеді. Сіздер бұдан кейін де қазақстандық барлаушылардың жауынгерлік дәстүрлерін нығайтып, оны одан әрі еселей түсетіндеріңізге сенімдімін. Сіздерге зор денсаулық, Отанымыздың игілігі жолындағы әскери қызметтеріңізге сәттілік тілеймін», деді Қорғаныс министрі.
Қазақстандық әскери қызметшілер барлау топтарының, мергендердің және патрульдердің халықаралық жарыстарында жүлделі орындарды иеленіп келеді. Барлау бөлімшелері алдыңғы аға буынның дәстүрлерін құрметтейді және олардың жауынгерлік тәжірибесіне сүйенеді. Өмірге қауіп төндіретін, кейде елестетудің өзі қиындық туғызатын міндеттерді орындау кезінде олар ерекше төзімділікті, батылдық пен кәсіби шеберлікті көрсетіп жатады.
Барлаушы жауынгерлер өздерінің дағдылары мен ептіліктерін жедел, жауынгерлік даярлықтарда және оқу-жаттығу іс-шаралары барысында жетілдіріп, шыңдайды. Онда барлаушылар далалық ептілік пен жоғары әскери шеберлікті көрсетеді. Соның нәтижелері Қазақстан Қарулы Күштерінде отандық мамандарды даярлау жүйесі бар екенін куәландырып қана қоймай, осыған ұқсас шетел мамандарынан кем соқпайтынын көрсетеді. Қазақстандық әскерилер халықаралық барлау топтары, мерген жұптары, патрульдер сияқты сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Барлау бөлімшелерінде алдыңғы буынның дәстүрін қастерлейді және оларды жауынгерлік тәжірибеде қолданады. Ең күрделі, өмірге қауіп төнетін жағдайда кейде іске асуы қисынсыз міндеттерді орындау кезінде олар айрықша батырлық, шыдамдылық және кәсібилік көрсетеді. Отанға деген шексіз адалдық, жанқиярлық – мемлекеттің мүддесін қорғаудағы әскери барлаушылардың негізгі қасиеттері.
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің Бас барлау басқармасының штаб-пәтеріне барып, оның жұмысымен танысқан болатын. Президент Бас барлау басқармасы бөлімдерінің заманауи үлгідегі әскери құрал-жабдықтарымен және техникаларымен де танысты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әскери барлау жұмысына оң баға беріп, халықаралық ахуал шиеленіскен жағдайда оның ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы рөлі арта түсетінін айтты.
Жоғарғы Бас қолбасшы Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасына әскери барлау жүйесін одан әрі жетілдіру және дамыту жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырып, аталған бөлімдегі әскери қызметшілердің еңбегіне табыс тіледі. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмысы жемісті жалғасып жатыр.
Жалпы, әскери барлау – қарсыластың немесе ықтимал қарсыластың қарулы күштері туралы, мемлекеттің экономикалық, моральдық-саяси жағдайы туралы мәліметтер алу және зерттеу мақсатында жүргізіледі. Әскери барлау стратегиялық, оперативтік және тактикалық болып үш түрге бөлінеді. Олар өзара тығыз байланысты әрі бірін-бірі толықтырып тұрады.
Тарихқа үңілсек, әскери барлау күнінің бекітілуі большевиктермен тікелей байланысты. Сонау 1918 жылдың маусым айының соңында Әскери халық комиссариаты Л.Троцкий кеңестік әскери барлаудағы тұңғыш «Барлау және қарсы барлау қызметінің жалпы ережелері» құжатын бекітті. Революциялық әскери кеңестің және далалық штабтың бұйрықтарымен 5 қараша әскери барлау күні болып бекітілді.
Далалық штаб құрамында барлық әскери барлау агенттігінің басын біріктірген тіркеу басқармасы құрылып, тұңғыш бастығы болып С.Аралов тағайындалды. Тіркеу басқармасының құрамына агенттік және әскери бақылау, яғни «контрразведка» секілді екі бөлімше кірді. Әскерлер барлауымен Шұғыл Басқарманың барлау бөлімшесінің 15 адамнан тұратын құрамы айналысты. Агенттік барлау және әскери бақылау органдары пайда болғанымен, жалпы әскери барлау топтасқан күйде қалды.
Көп ұзамай Мәскеуде барлау және әскери бақылау курстары ашылды. Оның бағдарламасы жаяу әскер барлау, артиллерия, география, байланыс қызметі, әкімшілік, тактика, артиллериялық барлау, бақылау барлау (контрразведка), инженерлік бақылау, топография, кавалерия барлауы (атты әскер), әскери-топографиялық барлау, агенттік барлау пәндерінен құралды.
Кейінірек француз, неміс, ағылшын, жапон, швед, фин және тағы басқа шет тілдерін оқыту басталды. 1921 жылдың сәуір айында тіркеу басқармасы республиканың революциялық әскери кеңесінің Барлау басқармасының штабы болып өзгертілді. Басқарманың штатына әскери барлау бөлімі де қосылды.