Сараптап-саралап қарасақ, мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты халыққа тиіп жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жөндеу көрмеген нысандар жөнделіп, ауыл-аймақ абаттанып қана қойған жоқ, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Облыста бұл бағдарлама бойынша 20 020 адам жұмыспен қамтылса, құрылыс жұмыстары аяқталған соң 1 150-ін тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған іске жұмысшылардың көбі жергілікті жердегі тұрғындардың ішінен тартылған. Олардың жалақысы 85 257 теңге деп белгіленген. Тек арнайы мамандар шеттен барып, уақытша қызмет етеді. Оларға мердігер компания келісімшарт негізінде үш күн ішінде 85 мың теңге әлеуметтік көтерме ақысын беруі тиіс. Ал Өскемен қаласында көтерме ақы бұл белгіленген мөлшерден жоғары.
Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін ұйымдастырылған бағдарламаның жұмыстарына аз-кем тоқталып өтсек, өңірде көптеген игі іс атқарылып жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 214 жоба қолға алыныпты. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазановтың айтуынша, облыста сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта құру және ағымдағы жөндеу бойынша 49 жоба, жылумен жабдықтау нысандары бойынша 18 жоба, электрмен жабдықтау бойынша 5 жоба және абаттандыру бойынша 142 жоба іске асырылып жатқан көрінеді.
– Өскемен, Семей, Алтай қалаларында, сондай-ақ Аягөз, Абай, Тарбағатай, Бородулиха, Шемонаиха, Бесқарағай, Жарма және Зайсан аудандарының сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, Аягөз, Бородулиха, Катонқарағай, Ұлан және Алтай аудандарының жылумен жабдықтау және жылу көздері желілеріне, Риддер қаласында және Үржар, Ұлан аудандарының электрмен жабдықтау желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деп атап өтті Н.Рамазанов.
Сондай-ақ балалар футбол алаңдары, хоккей корттары мен воркаут алаңдары орнатылды. Саябақтар мен скверлерге көгалдандыру және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстың барлық қалалары мен аудандары абаттандырылды.
Биыл Жарма ауданында түрлі деңгейдегі 60 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде жалпы құны 3 млрд 679 млн теңгені құрайтын инвестициялық жобалар болса, одан бөлек күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары да бар. Түптеп келгенде, бұл жұмыстар ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық ахуалына айтарлықтай өзгерістер енгізуі тиіс.
Жарма ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 25 жобаны іске асыруға 656 млн теңге бөлінген. Соның нәтижесінде ауданда 174 жаңа жұмыс орны құрылған. Бүгінге дейін 20-дан аса жоба орындалған. Оның ішінде елді мекендердің ішкі жолдарын қалпына келтіру жұмыстары да бар. Мысалы, Қалбатау ауылының үш көшесіне және Шардағы Қабанбай батыр көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса Қалбатау, Шар, Әуезов елді мекендеріндегі бірқатар көшеге жарық тартылған.
Сондай-ақ Бесқарағай ауданында да жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылып жатыр. Биыл Бесқарағайда жол картасы аясында 6 бірдей ауылдың көшесіне жарық тартылды. Үш ауылдың жолы орташа жөндеуден өтті. Бесқарағай ауылындағы Әуезов, Жабаев, Шевцов, Тәуелсіздік көшелері, Глуховка ауылының Абай, Пионер және Совет көшелері жөнделді. Бұл жұмыстарға 137 млн теңге жұмсалған екен.
Ал Катонқарағай ауданында жалпы құны 6 млрд теңге болатын 76 жоба жүзеге асырылып жатса, оның ішінде 24 жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынған. Осы ретте айта кетерлігі, 20 мектеп және 6 мәдени нысан жөнделген. Сондай-ақ аудан жолдарының 30 шақырымына асфальт төселді.
Көкпекті ауданында да автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл ауданның 50 елді мекенін байланыстыратын аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 72,5%-ы – қанағаттанарлық жағдайда. Аудан басшылығының жоспарлауынша, 2025 жылға дейін жолдардың 95%-ы жақсы жағдайға жетуі тиіс. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Преображенка – Шұғылбай ауылдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үлкенбөкен – Көкжайық – Үлгілі малшы автомобиль жолының 54 шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бірнеше ауылдың кіреберістері тегістелді.
Бұл бағдарлама бойынша Алтай ауданының көптеген ауылдық мектебінде жылы дәретханалар орнату мәселесі шешілді. Олардың ішінде Октябрьск кентіндегі мектеп те бар. 1957 жылы салынған оқу ғимаратында осы уақытқа дейін дәретхана болмаған еді. Аудан халқы, ата-аналар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы бұл мәселенің шешілгеніне қуанышты.
Абай ауданының Қарауыл ауылындағы 27 пәтерлі тұрғын үйдің ауласы, сондай-ақ Құнанбай көшесі абаттандырылып, Зере, Сүндетбай, Құтжанов көшелерінің көше жарығына ағымдағы жөндеу жүргізілді, Бекбосынов және Әйгерім көшелеріне жарықтандыру тартылды. Ал Аягөз қаласында 8 спорттық воркаут алаңдары ашылып, аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бородулиха ауданының Белағаш және Зенковка ауылдарында да көшелерге жарық тартылды.
Сонымен қатар әлеуметтік қорғау бойынша 66 жоба жоспарға енгізілген. Соның бірі – Семейдегі әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөліміне лифт орнатылды. Бұл да көптен бері шешілмей келе жатқан күрмеуі қиын мәселе еді.
Жалпы, облыста 817 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін 77 млрд теңге бөлінгені белгілі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыруда Өскемендегі әуежай қайта жаңарды, екі жатақхана пайдалануға берілді, Семейдегі онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығының құрылысы аяқталды, Өскемендегі облыстық аурухана мен көпсалалы онкология және хирургия орталығы қайта жаңартылды.
Бағдарлама бойынша 15 білім беру нысаны жаңартылуда. Биыл білім беру нысандарын жөндеудегі ең ауқымды жұмыстар Глубокое ауданының бірнеше елді мекендерінде жүргізіліп жатыр. Көп жылдар бойы күрделі жөндеуді көрмеген мектеп ғимараттары ретке келтіріледі.
Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» аясындағы жобаларды ескере отырып, облыста жалпы ауданы 533 мың шаршы метр 6 454 пәтерге арналған 118 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әсет Сүлейменовтің айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша бір қабатты үйлерді, сондай-ақ жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Бесқарағай ауданында жаңа спорттық нысандар пайда болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 3 футбол алаңы орнатылды. Естеріңізге сала кетсек, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін Бесқарағай ауданында 27 жоба бойынша жөндеу-құрылыс жұмыстарына 531,2 млн теңге бөлінген. Бородулиха ауданында да бірнеше ауылдың көшелері жарықтанып, ауылдарда шағын футбол алаңдары пайда болды.
Бүгінгі таңда Риддер және Курчатов қалаларында, сондай-ақ Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай және Ұлан аудандарында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының жобалары толық аяқталып, салынған, жөнделген барлық нысан пайдалануға берілді. Негізінен бұл – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған дағдарысқа қарсы бағдарлама. Нәтижесінде тозған ғимараттар қайта жөнделіп, ауылдың ажарын аша түсті. Қаншама әлеуметтік, спорттық нысандар бой көтерді. Тағы бір маңызды мәселенің бірі – көптеген адам жұмыспен қамтылды.