• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Сұхбат 10 Қараша, 2020

Барсакелмес – экологиялық аймақта орналасқан әлемдегі жалғыз қорық

6986 рет
көрсетілді

Жуықта Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен табиғат қорғаушылар мен орман шаруашылығы және жануар­лар­ды қорғау саласында үздік еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен мекемелерге «Елім-ай» сый­лы­­ғы тапсырылды. Естеріңізге сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауында қоршаған ортаны қор­­ғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған міндет екенін айтып, осы орайда «Жануарларды қорғау туралы» заң қабылданатынын жеткізген. Сондай-ақ жақында ғана өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысында Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерді пайдаланып экотуризмді дамыту қажеттігіне де тоқталған еді. Осы орайда, Елбасы тағайындаған «Елім-ай» сыйлығына үміткерлер 16 номинация бойынша таңдалса, «Ең үздік қорық» номи­нациясына Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы ие болды. Мәртебелі мара­пат өткен айдың аяғында мекеме директоры Зәуреш Әлімбетоваға елорда төрінде тапсырылды. Осы сәтті пайдаланып қорық директорымен әңгімеге өрбіт­тік.

– Зәуреш Жансұлтанқызы, әңгі­ме­нің әлқи­сс­асын қорықтың қа­лып­та­су та­ри­­хынан бастасақ.

– Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы – жаһандық масштабтағы эколо­гия­лық апат аймағында орналасқан әлем­де­гі жалғыз қорық. Тарихы да терең. Бұл нысанға ғалымдар тарапынан зерттеу ХІХ ғасырдың орта тұсына қарай бас­талыпты. Алғаш рет 1831 жылы орыс ғалымы Р. Левшин Арал теңізінде осын­дай аралдың бар екенін анықтап, картаға сыз­басын түсіреді. Осыдан кейін пат­ша­лық Ресей үкіметі 1848 жылы теңіз аума­ғын зерттеуге тұңғыш рет экспедиция шы­ғарып, оған басшы етіп әскери теңізші Алексей Бутаковті тағайын­дай­ды.

Осы экспедиция мамыр айында Ор бекінісінен аттанып, бір ай жол жүріп Арал теңізінің жағасына жетеді. Шілде айында зерттеуді бастаған саяхатшылар әуелі Көкаралға аялдап, содан кейін Барсакелмеске жүзіп барады. Бұл экспедиция екі жыл уақыт жұмсап, Барсакелмес аралының пішіні мен көлемін анықтап, рельефіне, топырағына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне сипаттама берген екен. Жүз жыл өткен соң Барсакелмес аралында осы А.И.Бутаковке ескерткіш қойылды. Осы экспедиция құрамында бол­ған географ А.Макшеев пен топограф А.Акишев аралдың топографиялық сызбасын жасап, табиғатын сипаттаса, ланд­шафт­тық суреттемелерін солдат Тарас Шевченко жасаған дейді. Алайда ол суреттер сақталмаған.

Жоғарыдағы зерттеушілердің күн­де­лік дерегіне сүйенсек, айдынды арал оларды керемет табиғи сұлулығымен таң­ғалдырыпты. Жер бедерін түгелдей жасыл желек жапқан. Тұщы су қоры көп. Мұн­дағы өсімдіктердің көпшілігі басқа жерде мүлдем кездеспейді. Барлаушы-зерт­теушілердің мәліметіне қарағанда, аралда құстардың 200 түрі болған. Ал жердің бетінде, жылан, кесіртке, шаян, бүйілер өріп жүрген. Сексеуілді пана­ла­ған жайран мен ақбөкен тіпті адамнан үрік­пейтін болған. Сол кездері бұл жер шы­нында таңғажайып қойнау болғанға ұқ­сайды.

Содан кейін аралға 1874 жылы Мәс­кеу университетінің зоологы В.Але­ни­­цын келген. Ол аралдың ландшаф­тын сипаттаумен қатар, осындағы бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділерді зерттесе, 1900 жылы белгілі орыс географы Л.Берг, 1922 жылы ботаник И.Райкова зерттеу жүргізіпті. Бұлар арал­­­дан өсімдіктер үлгісін жинап, оны Петер­­бор және Ташкенттің ірі герба­рий­лік орталықтарға тапсырғаны жайлы дерек бар. Міне, Барсакелместің ашылу тарихы осындай. Арал 1939 алғаш рет қорық мәр­те­бесін алған екен.

– Қорық тарихын талдап түсін­дір­діңіз. Енді осында өмір сүруші жа­нуарлар әлемі мен өсімдіктер фло­­­ра­­сы жайлы тарқатып көрсеңіз?

– Барсакелмес – тірі табиғаттың сирек кездесетін өсімдіктер қазынасы де­сек жарасады. Қорықтың 60 528 гек­тары сексеуілді-орманды алқапты құ­ра­са, мұнда 298 түрлі өсімдік флорасы бар. Мысалы, Борщовтың әсем қыз­ғалдақтары, Қандым бұталары, сек­сеуіл­дің қалың шоқтары және дала шөптеріне жататын: бұйырғын, жусан, адыраспан, рауғаш, итсигек, сексеуіл секілді сортаң түрлері көп. Жануарлар әлемі негізінен омыртқасыздармен ерекшеленеді, сон­дай-ақ бауырымен жорғалаушыларға, құстар мен сүтқоректілердің 28 түріне бұл қорық мекен болып келген. Сонымен бірге құлан, ақбөкен, қарақұйрық, ор қоян сынды арал табиғатына бейім қоңыр аң­дар түрлері де осында өмір сүріп, өсіп-өнген.

Қорықтың жануарлар әлемі сан ал­уан. Қосмекенділер отрядына жататын – жасыл құрбақа мен көлбақа мекендейді. Омыртқасыз жәндіктердің 12 отрядына жататын 2000 жуық түрі болса, тек өрмекші тұқымдастардың 107 түр-тобын кез­дестіруге болады. Бауырымен жорға­лау­шылардың – 12 түрі, сонымен қатар 178-ге жуық қанаттылар түрі бар.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қоры­ғын 25 сүтқоректі жануар жайласа, солардың бірнешеуі дүниежүзілік «Қызыл кітапқа» енген. Олардың бірін­ші­сі – құлан да, екіншісі қарақұйрық. Сонымен қатар мұнда өсетін өсімдіктің 14-і эндемик. Құстардың 178 түрі мекен етсе, бұлардың 26 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» жазылған. Бұдан басқа, 12 бауырымен жорғалаушы мен 2 қосмекенді тіршілік етеді. Бұл жерде сирек кездесетін улы қалқантұмсық жылан бар. Мұндай бауыры суық бақанақтың уы медицинаға аса қажет.

Бірақ 1990-жылдары Арал теңізінің суы тартылып, қорық экологиялық дағда­рыс­ты бастан кешірді...

– Демек, Аралдың тартылуы салдарынан қорықтың байырғы табиғи фаунасы бұзылған болды ғой?

– Өкінішке қарай теңіздің тартылуына байланысты судың тұздылығы шектен шығып, қоңыр аңдардың өмір сүруін қиындатты. 1982-1991 жылдар аралығында 260-тан астам құлан республиканың басқа қорықтарына ауыс­тырылса, 1997-1999 жылдары Бар­са­­келмес арал болудан қалып, жаңа айт­қа­нымыздай тұщы су көздерінің жоғалуы қоңыр аңдарды түгелдей басқа жақтарға жөнелтуге мәжбүр етті.

Сол уақыттан бастап бұл жерден ұзын-саны 250 қаралы құлан көшіріліп әкетіліп, негізгі бөлігі Алматы маңындағы «Алтын Емел» ұлттық паркіне жіберілсе, тағы бір тобы Маңғыстау маңындағы Үстірт жоталарына аттандырылды. Ал қорықтың өз басында алыс жолға жарамайтын, кәрі-құртаң 50 шақты құлан қалып еді. Аралдың шығыс бөлігі үлкен материкпен жалғасуы бұл жануарлардың аман қалуына себепші болды. Екі араға өткел түскеннен кейін, бұл жерден 1500 киік пен 350 қарақұйрық сыртқа аман шықты. Оқшау аралдағы ауыз судың тапшылығы аң-құстарды осындай ауыр жағдайға душар етті. Суат іздеген тұяқты жануар­лар Қасқақұлан, Тоқпан, Ұзынқайыр, Ахат, Бегімана, Төртқопақ аумақтарына ауып барды. Сөйтіп, аталған өңірлерді қорыққа қосу қажеттілігі туды.

– Арал теңізінің тартылуы және өткен ғасырдың 90-жылдары орын ал­ған жаппай экономикалық дағ­да­рыс қорық тынысына әсер еткені анық. Осы қиындықты қалай еңсер­діңіз­дер?

– Расында, өзіңіз атап өткендей, осы жылдары қорық дағдарысты бастан кешті. Бірақ 2005 жылғы 27 сәуірде Арал өңіріне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ат басын бұруы үлкен серпін беріп, қорықтың екінші тынысын ашты. Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолы қала орталығында қорық жөніндегі анықтамалық стендтерді қарап тұрып, аймақ табиғатында әлі де сақталып, өсіп-өнген эндемикалық жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне қызығушылық білдірді. Елбасының бұл сапарынан кейін Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің терістік бөлігін сақтап қалу жөнінде ғасырлық салмағы бар жоба қолға алынды. Көп ұзамай осы жылдың күзінде Көкарал бөгеті қалпына келтірілді.

Бұл нысанды Қазақстанның сегізінші кереметі атауға болады. Себебі жердің жағрафиялық картасынан жоғалған Солтүстік Арал теңізінің қайта қатарға қо­сыл­уы тіршіліктің жаңадан жандануы­на әсер етті. Осыдан кейін бұрынғы балық­шы­лар отбасы қайықтарымен су айдынына шығып, ата кәсібін жал­ғас­тыр­ды. Солтүстік Арал акваториясы содан бергі бар-жоғы екі жылдан сәл астам уақыт ішінде мамандар күткен мөлшердегіден әлдеқайда тез және мол суға толып түстіктегі қорық аумағына да өзінің оң ықпалын тигізе бастады. Қазіргі таңда қорық қайта даму кезеңін бастан өткізіп отыр...

– Қорықтың территориялық құры­лы­мы мен кластерлік сипаты жайлы айтып өтсеңіз?

– 2006 жылы Үкімет арнайы қаулы­сы­мен қорықтың аумағы бұрынғыдан 10 есе үлкейіп, барлығы – 160 826 гектарды құрады. Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің биылғы жылғы 29 шілдедегі №484 қаулысына сәйкес қорық көлемі Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін (2300 га) қосу арқылы тағы да ұлғайды. Қазір қорықтың жалпы аумағы 163 126 гектарға жетті.

Қазіргі таңда Барсакелмес қорығы 3 кластерлік учаскеден тұрады: Біріншісі, «Барсакелмес» учаскесі. Жалпы аумағы – 16 795 гектар. Бұған теңіздің суы тартылған табанын қоса есептегенде 50 884 гектарды құрап отыр. Екіншісі, – «Қас­қақұлан» учаскесі. Аумағы – 109 942 гектар. Жабайы құландар мекені осы жерде. Сонымен қатар, құрғаған теңіз табанына жаңадан өсіп шыққан табиғи сексеуіл тоғайларының үлкен массиві орналасқан. Үшінші – Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасында орналасқан «Дельта» учаскесі. Аумағы – 2300 гектар.

– Қорықты мекен етіп жүрген қо­ңыр аңдар популяциясы жайлы хабар­дар етсеңіз?

 – Қорық негізінен құлан, қарақұйрық, ақбөкен сияқты қоңыр аңдар мекені. Осының ішінде құландар алғаш рет 1953 жылы қорыққа Түрікменстанның Бадхыз өңірінен 9 бас әкеліп, жерсіндірілген болатын. 1980 жылы құлан саны 300-ге жетті. Сонан бері олардың популяциясында жыл сайын өсім байқалып келді. Тұщы судың аздығы мен теңіз суының тұздығы көтерілуі салдарынан құландарды аралдан біртіндеп шығару туралы шешім қабылданып, 1980 жылдары құландар популяциясының бір бөлігі «Алтын Емел» ұлттық паркіне қоныс аударылғаны жайлы жаңа айтып өттік. Қазіргі таңда құландардың аралдық популяциясынан қалғандары Қасқақұлан учаскесіне жерсіндірілді. Мұнда олардың саны жыл сайын артып келеді.

Ал қарақұйрықтарға қатысты ай­тар болсам, 1929 жылы аралға Қара­қал­пақ­стан­нан 9 бас әкелінген екен. Олар жаңа жерге бейімделіп күрт өсе бастады. 1948 жылы саны 2000 бас­ты құрады. Алайда 1948-1949 жылдары ауыр жұт салдарынан жаппай қырылып, бар-жоғы 60 басқа жуық қана қалған екен. Кейін қайта көбейіп 1983 жылдың санағы бойынша аралда 160 бас қарақұйрық болғаны жайлы статистика бар. Аралдың құрлықпен шектесіп кетуінен кейін қара­құй­рық­тардың негізгі бөлігі тұщы су іздеп жақын маңдағы аумақтарға қо­ныс аударды. 2019 жылы қорықтағы қара­құй­­рықтар 135 басты құрады.

Ақбөкендер популяциясына тоқтал­сақ, өткен ғасырдың 20-жылдары арал­ға 50-60 бас әкеліп жерсіндірілген екен. Бұлар арал жағдайына көбірек бейімделген жануарлар болғандықтан олардың саны өсіп, кей жылдары 3000 бас­қа дейін жеткен. Теңіз тартылып, құр­ғақ­шылық салдарынан кейінгі кезде 3-5 есеге кеміген. 2019 жылғы санақ бойынша қорықта 125 бас ақбөкен тіркелген.

– Қазіргі таңда қорықта ғылым, ақпарат, мониторинг және эколо­гия­­­лық талдау бағытында, сонымен қатар ха­лықаралық байланысты ны­ғай­­ту тұр­ғы­сынан атқарылып жатқан жұ­­мыс­­тарға тоқталып өтсеңіз?

– Өзіңіз атап өткен бағыттар бо­йынша ауқымды істер атқарылып жатыр дегенді сенімді түрде айта аламыз. Осы істерді ғылыми-зерттеу бойынша жік­теп-жіліктеп тақырыптарға бөліп таныс­тырар болсақ: «Табиғат жылнамасы» бағдарламасы бойынша Барсакелмес МТҚ табиғат кешенінде жүріп жатқан құбылыстар мен процестерді бақылау; Арал теңізіндегі гидрологиялық ахуал­дың және климатының өзгеруі жағ­дайын­дағы Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы өсімдіктерінің динамикасы; Индикаторлық түрлер мысалында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қоры­ғы­ның қосмекенділері мен бауырымен жорғалаушылары популяцияларының қазіргі таңдағы жай-күйі; Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы құстарының индикаторлық түрлерінің мониторингі; Барсакелмес мемлекеттік табиғи қо­ры­ғын­­дағы құландар популяциясы және олардың жай-күйі т.б. тақырыптар бо­йынша ғылыми жетілдірілген жоспарлар жасалынып, игі істер атқарылуда. 

Бүгінгі таңда Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы Қазақстан Республи­ка­сының алдынғы қатарлы ерекше қорға­ла­тын аумақтарының бірі болып табылады. Қорық өз қызметі барысында көп­те­ген отандық және халықаралық ұйымдар: БҰҰ, Халықаралық Аралды құт­қару қоры, Жапония тарапынан ұсынылып отырған «Шөптер тамыры» бағдарламасы, ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы, Қазақ­стан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциа­­циясы және т.б. ұйымдармен етене жұмыс жасаудамыз. Сондай-ақ Бар­сакелмес биосфералық резерваты ЮНЕСКО биосфералық резерват­та­рының әлемдік жүйесіне енді. Бұл Қазақстандағы ЮНЕСКО мойындаған 6-шы биосфералық резерват болып табылады.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»