• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Елбасы 11 Қараша, 2020

Татулық пен келісім – басты байлық ел үшін

2191 рет
көрсетілді

Биыл еліміз Қазақстан халқы Ассам­блеясының 25 жылдығын атап өтуде. Елбасы құрған бірегей институт айтулы дата аясында Н.Ә.Назарбаевтың бейбіт­­шілік пен келісім саясатының мәні мен мақсатын ашып көрсете отырып, Қазақстан халқын біріктіруге басымдық берді. Жалпыұлттық бірлік пен қо­ғамдық келісімнің, ішкі тұрақтылық пен этносаралық қатынастардың, мәде­ниет­аралық диалог пен толеранттық көзқарастардың ілгерілеуіне ықпал етті.

Елбасының Қазақстандық біре­гейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасы, мә­дени, этностық, тілдік және діни әралуандылыққа негізделген жалпы­ұлт­тық құндылықтар – Ассамб­леяның барлық бағыттағы жұмыс­тарының бастауында тұрды. Әлем­дегі қазіргі ахуал татулықты ту еткен Қазақстанның өз даму жолын сенімді таңдағанын айқын дәлелдеп берді.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­­денті – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың «Біз мыңжылдық­тар тоғысында бабалар аңсарын шындыққа айналдырып, тәуелсіз мемлекет құрдық. Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер көксеген, Абылай хан армандаған, Абай тілеген абат күнге жетіп, барша қазақтың басын біріктірдік.

Тағдыр табыстырған, тарих тоғыс­тырған түрлі этнос өкілдері азат­тықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қалас­ты. Ынтымақты ырысқа, алуан­дықты байлыққа балаған біз бір­лік­тің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық. Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бей­бітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжі­рибелері әлем жұртшылығына үлгі болды. Әрине, бұл жетіс­тік­тер бізге өздігінен, оңай келген жоқ. Еліміздің татулық пен тұ­рақ­тылықтың берекелі бекеті­не айналуына Қазақстан халқы Ассам­блеясы үлкен үлес қосып келеді» деген сөзі әрбір қазақстандық ұлт өкілінің жүрегінде жатталды.

Ассамблея 25 жыл ішінде барлық этностарды бір мақсат, бір мүддеге ортақ біріктіре алды. Жыл сайынғы сессияларында Қазақстан халқын толғандыратын мәселелер мен сұрақтар қызу, кейде өткір талқыланып, мемлекеттік, елдік мәселелер шешімін тапты. Толеранттылықты сақтап, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге таныттық. Тарихи оқиғаларға объективті көзқарас ұстанып, ел іргесінің негізін берік қаладық.

Әр халықтың төл мәдениетін, тілін, ділін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дамытуға қолайлы жағ­дай жасалды.

Алпауыт мемлекеттермен са­­лыс­­тырғанда, бізде аз ұлттар ұғы­­мы қолданылмайды, барлық эт­нос­­­тардың құқығы мен бостан­дық­­тары бірдей, үлкен-кіші деп жік­­теуге жол берілмейді. Соның нә­ти­­жесінде, бірде-бір этнос же­ке-дара оқшауланып, ерекше эт­нос­­тық мәртебесі туралы мәсе­ле көтер­ген емес. Кері­сінше, шығу тегі әртүрлі этностар Қа­зақ­станда дү­­ниеге ке­ліп, өсіп-өн­гендерін мақ­­тан тұта­ды. Өз Отан­ы­ның да­муы­на әрқай­сы­сы өз­дерінің қо­­мақты үлесін қо­сып, бел­сене ат­са­лысуға тыры­са­ды. Сон­дық­тан Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сы­ның ширек ғасыр­лық жолын та­ра­­зылай отырып, Елбасы­ның бей­­біт­­шілік пен келісім саясаты өзін-өзі толық ақтағанын атап өткен жөн.

Басты фактор – Қазақстанда эт­но­саралық интеграция әуел бас­­тан азаматтық қағидаттарға не­гіз­­дел­гендігі болып отыр. Руха­ни мә­­де­­ниет­тің ортақтығы, әлеу­мет­­­­тік тұ­­тас­тық – саяси тұтас­тықты ­қам­­­тамасыз етуге мүмкіндік берді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­дағы шетелдік сарап­шылардың сенімсіз болжамдарына қарамастан, Ассамблея Елбасының дара басшылығымен қасиетті қазақ жерін ұлтаралық қақ­ты­ғыстан аман сақтап, Қазақ­стан халқын біртұтас елге айналдыра алды.

БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан мен Пан Ги Мун Қазақ­стан­ға келген сапарлары бары­сында Қазақстан халқы Ассамб­леясының қызметімен танысып, «Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақ­стан халқына арнаған «Сын­д­арлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өр­кен­деуінің негізі» Жолдауын­да қоғамдық келісімді нығайта түсу­ді тапсыра отырып, «Әлеу­меттік және этникалық топтар ара­сындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалып­тастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деп халықтар достығының тереңдеуіне айрық­ша маңыз берді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді ны­ғай­тып, халқымыздың жағдайын жақ­сартуға жол аштық. Бұл жасам­паздық пен ілгерілеу, бейбіт­шілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады» деп атап өткен болатын.

«Әралуандықтағы бірлік» – біздің мемлекеттік саясаттың бас­ты ұстанымы және басымдығы болып қала береді.

Қазақстан Президенті биыл этносаралық қатынастар сала­сындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру міндетін де жүктеді. Уақыт талабы, заман ағы­мына сай елдегі этносаралық про­цестерді басқару тәсілдеріне бірқатар өзгерістер енгізілді.

Алғаш рет Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі жанынан республикадағы этносаралық қатынастарды реттеу және дамыту мәселелерімен тікелей айналысатын арнайы өкілетті орган – Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ететін «Қоғамдық келісім» республикалық мем­ле­кеттік мекемесі аталған Коми­теттің құрамына енгізілді.

Этносаралық қатынастарды алдын ала зерттеп-зерделеумен айналысатын Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты жасақталды.

Институттың міндетіне – эт­нос­а­ралық салада мониторинг жүргізу, кешенді зерттеулер ұйым­­­д­астыру, сараптамалық қо­ры­­­тын­дылар дайындау, саяси жос­­парлау бойынша ұсыныс­тар­ды терең талдау мен жедел және ұзақмерзімді болжамдар жасау жөніндегі ұсынымдар беру кіреді.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалалары мен облыс әкім­дерінің орынбасарлары арасын­дағы міндеттер қайта қаралып, Ішкі саясат және Қоғамдық даму басқармаларының құрамында этносаралық қатынастарды дамыту мәселелері бойынша жеке бөлімдер құрылды.

Ассамблеяның өңірлік хатшы­лықтарының және «Қоғамдық келісім» КММ-нің мақсат-мүддесі сақтала отырып, ішкі саясат басқармасына берілді. Ендігі жерде әкімнің ішкі саясат саласына жетекшілік ететін орынбасарлары өңірлік ассамблея төрағасының орынбасары міндетін қоса ат­қарады. Олар қоғамдағы этнос­аралық келісімді сақтауға және жаңа құрылымдардың тиімді жұмысына жауап береді.

Мемлекеттік деңгейде этнос­аралық процестерді басқарудың бірыңғай жүйесі – Елбасының «Ел бірлігі – біздің ең құнды игілігіміз» деген ұстанымын ла­йық­ты жалғастыратын болады. Осыған сәйкес 2008 жыл­ғы 20 қазандағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақ­стан Республикасының «қазақ хал­қының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық пат­риотизм, Қазақстан этностарының аза­маттық және рухани-мәдени ор­тақ­­тығы негізінде Қазақстан Рес­­пуб­­ликасында қоғамдық келі­сім мен жалпыұлттық бірлікті қам­­та­масыз ету» туралы заңын Ассам­блея ендігі жерде бірнеше бағыт­та жүзеге асырмақ. Атап айтқанда:

– ел азаматтарын, әсіресе өске­лең ұрпақты мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру;

– ағартушылық жұмыс, ғылы­ми жобалар арқылы қазақ мәде­ниетінің құндылықтарын, тарихы мен дәстүрлерін насихаттау;

– жанжалдардың алдын алу құралы ретінде медиация институтын нығайту;

– азаматтардың әлеуметтік жауап­кершілігінің құралы ретінде қайырымдылықты, меценаттықты дамыту;

– Қазақстан этностарының тіл­дерін, салт-дәстүрлерін сақтау­ға қолдау көрсету;

– мәдениетаралық диалог, тарихи мұраны сақтау мәселелерін зерделеуге бағытталған жобаларды қолдау;

– волонтерлер қозғалысын дамыту;

– Қоғамдық келісім кеңестері­нің жұмыс тәжірибесін ескере отырып, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару институттарын дамытуға жәрдемдесу;

– ҚХА Кәсіпкерлер қауымдас­тығының жұмыс тәжірибесіне сүйеніп, әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына ықпал ету;

– қазақстандық этностардың тарихи шығу елдерімен байланысын қолдау, халықтық дипло­матия мен гуманитарлық ынты­мақ­тастықты нығайту.

Яғни Қазақстан халқы Ассам­блеясының қызметі түрлі этнос­тық топтар өкілдерінің азамат­тық бірегейлігін үйлесімді дамы­туға бағытталған. Бірегейлік проце­сінің ұрпақтар арасындағы байланысын ұғыну аса маңызды.

Мемлекеттік саясаттың интеграциялаушы әлеуеті – тәуелсіздік идея­сы, мемлекеттік құрылым­ның тұтас­тығы, мемлекеттік тіл және адам мен азамат құқық­тары­ның ба­­сым­дығы төңірегінде құрылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет құрылымының жаңа кезеңінде конституциялық мәр­тебесі бар институт ретінде мем­лекеттік-ұлттық бірегейлік пен бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқаратын болады.

Ассамблеяның жинақтаған тәжірибесі, үкіметтік емес ұйым­дардың дамыған қоғамдық желісі азаматтардың барлық этностық топтар өкілдерінің әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және білім беру процестеріне тартылуын ұл­ғай­туға мүмкіндік береді. Ассам­блея­­ның айналасында Қоғам­дық ке­лісім кеңестері, Аналар ке­ңес­тері, медиаторлар, ҚХА кә­сіп­кер­лері қауымдастығы, Ғылыми-сарап­шы­лық кеңес және өңір­лердегі ғы­лыми-сарапшылық топ­тар, жастар қозғалысы, масс-медиа, театрлар құрылып, табысты жұмыс істеуде.

Ассамблея мерейтойлық жыл аясында да этнос өкілдерін бірік­тіруді, стратегиялық сабақтас­тықты одан ары арттыруды бас­ты бағдар ретінде ұстан­ды. Каран­­тин талаптарын сақтай оты­рып, қо­ғамдық келісім мен жал­пы­ұлт­тық бірліктің қазақстандық үлгі­сін танытып, этносаралық қа­ты­­нас­тарды нығайту үшін рес­пуб­­ли­калық деңгейде онлайн фор­матта шаралар ұйымдастырды.

Жыл бойы 100 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, оған 800 мыңға жуық адам қатысты.

Айтулы мерейтойдың негізгі жобасы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізді қалыптастыру мен дамыту жо­лын­дағы қажырлы еңбегін жан-жақты көрсетуге арналған «Тұң­ғыш Президент жолымен» халық­тық экспедициясы».

Халықтық экспедицияның бас­ты арқауы – Елбасы мен халық. Өйткені сан ғасыр бодандықтан құтылуды армандаған ел тілегі – Тәуелсіздік болса, азаттықтың арайлы таңында Елбасы – ел тірегі болды. Сол себептен жоба Ұлт Лидерінің Тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы рөлі мен «Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамы», «Мәңгілік ел», «Тәуелсіздік туралы сөз», «Ұлытау баурайындағы ой-толғау», «Тәуелсіздік дәуірі», «Рухани жаңғыру» сияқты бағ­дар­ламалық тұжырымдарын ұр­пақ жадында, қоғам санасында айшықтауды мақсат етті.

«Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» негізгі үш бағытқа бөлінді. Бірінші бағыт – бұл басты бағыт. Үшқоңыр баурайында Елбасы өмірге келді, ер жетті, азамат атанды. Сондықтан басты бағыттың Алматы облысынан бастау алуы тарихи заңдылық.

Екінші бағыт – аймақтық немесе өңірлік бағыт. Болашақ Президент еңбек жолын алғаш бастаған, жалынды жастық шағы өткен, мемлекеттік қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау, сондай-ақ Елбасы білім мен білігін шыңдаған Украинаның бұрынғы Днепродержинск, қазіргі Каменское қаласын қамтыды.

Үшінші бағыт – халықаралық бағыт. Қазақстанның тұңғыш Президенті ел тізгінін ұстағаннан кейін Тәуелсіз мемлекетіміздің даму жолында ресми іссапар­лар­мен барып, айтулы келіссөздер жүр­­гізген, келелі кеңестерге қа­ты­­сып, әлемдік ареналарда мә­лім­­демелер жасаған шет мем­ле­кеттерді құрайды.

Осы жоспарға сәйкес, экспедиция 2019 жылдың аяғында, «1 – желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында ресми түрде бастау алып, ресми туы мен күнделігі Алматы облысына арнайы тапсырылды. Ақпан айының алғашқы аптасында ақбасты Алатаудың етегіндегі Шамалған ауылында, наурыз айының екінші он күндігінде Теміртау, Қарағанды қаласында салтанатты жиын өтті.

Еліміздегі коронавирус пандемиясына қарсы жарияланған төтенше жағдай кезінде экспедиция республикалық деңгейде онлайн форматта жалғасын тапты.

Іс-шаралардың барлығында Нұр­­сұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың өмір өткелдері мен еңбек жолы өск­елең ұрпаққа өнеге етілді.

Ұлт Көшбасшысының Семей поли­гонын жабу, ядролық қару­дан бас тарту, шекараны шегендеу, Арқа төсіне астана салу, Дүние жүзі қазақтарының құрыл­тайын өткізу сияқты алғашқы шешімдеріне басымдық берілді.

Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық экономикалық одақ, Бірыңғай экономикалық ке­ңіс­тік, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Экономикалық ынты­мақтастық пен даму ұйымы және басқа ірі халықаралық ұйымдарға мүше болуының ел тарихындағы маңызы айтылды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымы қыз­­метін қай­та жандандырған Астана сам­миті, ТМД елдерінің ара­сын­да өт­кен алғашқы ЭКСПО халық­­ара­лық мамандандырылған көр­месі­нің экономикалық тиімділігі талданды.

Бұған қосымша Қазақстан тәуел­­сіздігімен қатар өрілген Ел­ба­сы жолының ел азаматтары­ның өмірінен алған орны мен әсері әңгімеленіп, сөз алушылар Тұң­ғыш Президентпен кездесуден кейінгі басынан өткен оң өзге­ріс­терімен бөлісті.

Экспедицияның қорытынды жобасы телевизиялық форматта «Хабар» арнасы эфиріндегі «Қоғам­дық талқылау» бағдарла­масы арқылы 2020 жылдың 30 мау­­сымында көпшілікке жол тартты. 2020 жылдың 1 шілдесінде «Тұң­ғыш Президент жолымен» онлайн конференциясы ұйым­дастырылды.

Бұдан бөлек, Ассамблея әлем­ді жайлаған COVID-19 індеті бас­тал­ған тұста алғашқылардың бірі бо­лып «Біз біргеміз!» респуб­лика­лық акциясын іске асыруға атсалысты.

ҚХА мүшелері жалпы сомасы 1 млрд 497 млн теңгеге көмек көрсетті. 2 млн 200 мыңнан астам медициналық маска таратылды.

Су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына 335 тонна гуманитарлық көмек және құрылыс материалдары жіберілді.

Құрбан айт күндері Ассам­блея­ның «Мың алғыс» қайырым­ды­лық бастамасы аясында 7 мың медицина қызметкерінің от­басына 77,7 млн теңгеге көмек көрсетілді.

«Мектепке жол» акциясы аясында 6 мың оқушыға ноутбук таратылды.

Ассамблея Абай Құнанбай­ұлының 175 жылдық мерейтойына да белсене қатысты.

«Жыр орталығы» онлайн-жобалары, #abai175 челленджі, халықаралық онлайн-конферен­ция­­сы, «Біз Абаймен біргеміз!» он­лайн поэзия фестивалі өтті. Этнос өкілдері Абайдың өлең­дерін оқып, әлеуметтік желілерде 1 мың­нан аса бейнероликтер жариялады.

Волонтер жылы Ассамблея волонтерлер қозғалысының 30 орта­лығын құрды. 430 мың адам­ға гуманитарлық көмек көр­сетіл­ді. 12 мың волонтердің қаты­суы­мен 1200 іс-шара өткізілді. «Автоволонтерлік» жобасы жүзе­ге асы­рылды. Әрбір облыс ор­та­лығында 50-ден 80 авто­көлік­ке дейін провизорлық госпиталь­дарға қызмет көрсетіп, көмек таратумен айналысты.

Мемлекеттік тілдің рөлін кү­шейту және оны этносаралық қаты­нас тіліне айналдыру мақ­сатында Қазақстан халқы Ассам­блеясының қазақ тілін үйрену жөніндегі Бірінші Конгресі және дәстүрге айналған жыл сайынғы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы өткізілді.

«Даналық әліппесі» және «Абай» интерактивті кешендері енгізілуде, «Қазақтану» және «Мың бала» мәдени-ағартушылық жоба­лары іске асырылуда, «Мәмі­ле» және басқа да қазақ тілін оқыту клубтары жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл­­дің қол­данылу аясын кеңей­ту үшін бар­лық жағдай жасал­ған. Сон­­­дық­тан біздің ерік-жігері­міз, өже­т­тілігіміз, еңбегіміз бен табан­ды­­лы­ғ­ымыз Елбасы Нұрсұл­тан На­зар­­баевтың «Қазақстанның бо­ла­­шағы – қазақ тілінде!» деген сөзін іске асыруға зор мүмкіндік береді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұн­дай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» деп тіл мұраты жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Сөз соңында айтарымыз, Ел­басы Н.Назарбаевтың «Қазақ­стан­­дағы қоғамдық келісім – ең ал­­ды­мен қазақтың келісімі еке­нін мықтап есте ұстаған абзал. Тату­­лық пен тұрақтылық ел иесі ре­тін­де ең алдымен қазаққа керек. Қа­зақ­тың ынтымағы мен бірлігі мық­т­ы болмайынша мемлекеттің тұтас­тық келбетін сақтау мүмкін емес.

Халқымыз «тар жерде табыс­қан, кең жерде келіседі» демейтін бе еді?!

Ең тар замандарда қазақ құ­ша­ғы­на алған өзге этнос өкіл­дері бүгінде өз бауырларымыз ата­нып, бізбен бір халыққа айналды.

Бақыт бағалай білгеннің басын­да тұрақтайды. Ең асыл қазы­на­мыз – бірлігімізді көздің қара­шығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз. Мен халқымды Ассамблеяның алтын шаңырағын асқақтата түсуге үндеймін. Бірлік қағидасы – әрбір азаматтың өмір­лік ұстанымына айналсын!» деп айтқан сөзін Қазақстанның әр азаматы естен шығармауы тиіс.

Жамбыл облысындағы сапары барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақ жұрты қиын-қыстау кезеңде амалсыз қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Олардың өздері де, ұрпақтары да жерімізден пана тауып, өсіп-өніп, Қазақстанның дамуына зор үлес қосты.

Тәуелсіздік кезеңіндегі табыс­тарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткіздік. Бұл – егемен еліміздің баға жетпес байлығы. 

Сондықтан бұл қастерлі құн­ды­­лықтар әрдайым айнымас те­мір­қазығымыз болып қала береді. Ішкі саяси тұрақтылық – әрбір қазақстандықтың зор жауап­­кер­шілік пен белсенділік таныт­уы­ның нәтижесі. Еліміз­дің бар­лық аза­мат­тарына Қазақстанды дамы­ту­ға қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы ризашылығымды білдіремін» деген еді.

Ұлттық біртұтастық принци­піне сүйенген Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақытқа дейін елді біртұтастыққа шақырудан жаңылған емес, әрі қарай да осы бағытта өз міндетін лайықты жал­ғастыра береді.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі