Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойында мен Қазақстанның 225 мыңнан астам татарлары мен башқұрттарының атынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа мемлекетіміздің дамуына қосқан және одан әрі де қосып келе жатқан зор үлесі үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді.
Бүгін көптеген адамдар республикамыздың тоқсаныншы жылдардың басында, кеңестік державаның бүкіл экономикасы қирап барлық шаруашылық байланыстар үзіліп кеткенін ұмытып кетті. Ал кейінгі жастар біле бермейді де. Тіпті көрші, бір кездегі бауырлас республикаларда ұлтаралық негізде қанды қақтығыстар басталды, ол мыңдаған адамның өмірін қиды...
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күннен бастап еліміз тәуелсіздік алған ел ішіндегі, сондай-ақ геосаяси аренадағы салиқалы, сарабдал саясатының арқасында ғана біздің еліміз әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына нық ене отырып, кезең-кезеңімен экономикалық бейберекетсіздік пен дағдарыстан шықты.
Бұл ретте біздің мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі ұстанымдарының бірі әрі оның өзегі – бүкіл әлемде танылған этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі болды.
Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуының алғашқы жылдарында мен Атырау облысы әкімінің орынбасары және мұнай саласында жұмыс істедім. Жоғарыда айтқанымның бәрі – барлық негізгі көрсеткіштер бойынша экономиканың құлдырауы, мұнай бағасының барреліне 9 долларға дейін төмендеуі, жалақы, балалар жәрдемақысы, зейнетақы төлеу, шағын бизнес субъектілеріне төлем жасау бойынша миллиондаған қарыздың болуы, жергілікті халықтың киім мен азық-түлік үшін көрші Астраханьға барғаны – міне, сол кезеңнің нақты көрінісі осы.
Міне, Назарбаевтың экономикада да, саясатта да нақты құрған стратегиясының арқасында елімізге сол кезде аты әлемге әйгілі алғашқы және салмақты инвесторлар келді, нарықтық құрылымдардың дамуы басталды, бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау шалғайдағы қалашықтан бүгінде Қазақстан Республикасының ең табысты және дамушы өңірлерінің біріне, оның шын мәніндегі мұнай астанасына айналды, онда бүгінде «Шеврон» корпорациясынан бастап іс жүзінде барлық жетекші әлемдік компаниялар жұмыс істейді.
1995 жылы мен өңірлік деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы ұйымдық құрылымдарын құруға қатыстым, содан кейін 2007 жылдан бастап Қазақстандық татарлар мен башқұрттар Конгресінің республикалық қоғамдық ұйымын басқардым.
Қазақстанның татарлары мен башқұрттары, басқа этностардың өкілдері сияқты, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың нақты құрылған саясатының арқасында бүгінде өмірдің барлық салаларында өздерін де, өздерінің этностарын да лайықты танытуға барлық мүмкіндіктері бар екенін барынша жауапкершілікпен айта аламын.
Мысалы, Дүниежүзілік татарлар Конгресі төрағасының орынбасары бола отырып, мен Еуропа, Азия, Американың түрлі мемлекеттеріндегі бауырларыммен жиі тілдесемін. Олардың көпшілігі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен әрбір этнос үшін ана тілін үйренуге барлық жағдай жасағандығы таңғаларлық жаңалық болды. Біздің этномәдени орталықтарда ширек ғасырдан астам уақыт бойы жексенбілік мектептер жұмыс істеп келеді!
Біздің бауырлас халқымызды біртұтас дін, дәстүр және туыс тіл біріктіретіндіктен, бұл сабақтар ана тілімізді ғана емес, мемлекеттік қазақ тілін де меңгеруге мүмкіндік береді. Осының барлығы Қазақстанның Татарстанмен экономикалық және мәдени байланыстарын дамытуға септігін тигізеді, оған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың жазындағы Қазанға сапары жаңа серпін берді.
Татарстанның астанасында халықтар мен мемлекеттер арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін құрмет пен ризашылық белгісі ретінде Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көше пайда болғаны да кездейсоқ емес. Оның жайлы гүлзарында екі бауырлас халықтың өзара қарым-қатынасының нышаны іспетті Тайқазанның мүсіндік композициясы орнатылған.
Елбасының даналығы мен көрегендігі 2019 жылы Президент өкілеттігін өзінің серіктесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруы – бұл мемлекетіміздің сабақтастығы мен тұрақтылығын білдіретін орасан зор саяси және мемлекеттік маңызы бар оқиға болып отыр.
Қазақстан – біздің ортақ үйіміз және біз көпэтносты елдің біртұтас халқымыз. Сондай-ақ біздің бар күш-жігеріміз кез келген қауіп-қатер мен қыр көрсетулерді еңсеруге қабілетті біртұтас және ұйымшыл Қазақстан халқын қалыптастыруға бағытталған. Дәл осы мақсаттар мен міндеттер әр кезеңде жаңа деңгейге шыға отырып, әрқашан тұрақты даму үстіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде басым.
Әрқашан Қазақ жерінің аспаны ашық, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы негізін қалаған халықтың бірлігі ұзағынан болсын және мемлекетіміздің экономикасы қарыштап дами берсін!
Тауфик Каримов,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, «Қазақстандық татар және башқұрттар Конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы