• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қараша, 2020

Көкшетау «сары аймақ» санатында

295 рет
көрсетілді

13 қарашадан бастап Көкшетау қаласына басқа облыстар мен қалалардан қатынайтын азаматтардан санитарлық бекеттерден өтетін кезде ПТР-тест анықтамасы талап етіледі.

Облысымызда соңғы тәу­лік­терде коронавирус інде­тінің көптеп тіркелуіне байланысты бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы күшіне енеді. Соған сәйкес облыс орталығының периметрі бойынша орна­тыл­ған санитарлық бекеттерде бақы­лау күшейтіледі.

– Өкінішке қарай, облысымызда эпидемиялық жағдай ушыға түсуде. Коронавирустың зертханалық расталған де­рек­тері көбеюде. Көкшетау, Степногор қалалары мен Бір­жансал, Бурабай аудандары – науқастардың тіркелуі бо­йынша алдыңғы қатарда. Өткен аптада өсім 1,6 есені құрады. Ал өткен үш аптада індет жұқтырғандар саны 3 есеге өсті, – дейді облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақы­лау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.

Осыдан төрт күн бұрын Ақмо­ла облысы «жасыл аймақ­та» болса, қазіргі таңда «сары аймаққа» еніп отыр. Бұл карантин шараларын жедел түрде күшейту қажеттігін білдіреді. Қарашаның 7-сінде Көкшетау қала­сының аумағында сани­тар­лық бекеттер қойылып, қалаға кіріп-шыққан тұрғындар арасында термометрия, сауалдама жүргізілген болатын.

Жаңа қаулыға сәйкес аума­ғы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкен­дер­дің, ойын-сауық, сауда орындарының жұмыс уақыт­та­рына шектеу қойы­ла­ды. Олардың жұмыс уақыты – 10.00-ден 19.00-ге дейін, сен­бі күні 10.00-ден 17.00-ге дейін. Егде жастағы адамдар ауруға бейім келетіндіктен, 65 жастан асқан тұрғындарға далаға себепсіз шығуға шектеу қойылды. Үйге қонақ шақыруға, той өткізуге бұрынғыша рұқсат етілмейді. Өкінішке қарай халық әлі де тәртіпке көндіге алмай жатыр. Өткен демалыс күндері рейд шаралары кезінде эпидемиялық қызмет пен тәртіп сақшылары «Аристократ» мейрамханасы мен «Бал махаббат» дәмханасында өтіп жатқан тойдың үстінен түскен. Аталған ойын-сауық орындарының иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша шара қол­да­нылады.

Елімізде коронавирустан қайтыс болғандардың дерегін салыстырсақ, облыс алдыңғы қатарда. Індет басталғалы 77 ақ­молалық жаман тұмаудан көз жұмған.

 

Көкшетау