Түркістан облысында еңбек өнімділігін арттыру шеңберінде басымдық беріліп отырған 3 негізгі бағыттың бірі – Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес, кооперация жүйесін дамыта отырып, өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу. Жолдауда горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармау қажеттігі, онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайтыны айтылды. Бұл орайда бүгінгі таңда Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру үшін 1 458 шаруа қожалығы 9 кооперативке біріктірілген.
Су үнемделеді, өнім молаяды
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбол Бадырақовтың айтуынша, аймақта 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру көзделген. Қазіргі таңда соның 892 гектарына 21 жаңбырлатып суару машинасы орнатылған. Жаңбырлатып суару технологиясының тиімділігі, ағын суды 2 есеге үнемдеп, өнімділікті 3-4 есеге арттыратындығы ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суару технологиясы 2 мың гектарға дейін жеткізілмек, ол үшін құны 23,2 млрд теңгені құрайтын 6 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда.
Екінші бағытта көзделген «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында биыл 128 ауыл округінен 5,2 мың гектарды құрайтын 1 928 жоба іске асырылып, бірінші, екінші өнімнен 220 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Ал үшінші бағыт бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласын тамшылатып суару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру жоспарланған. Бұл жоба көпбалалы аналарды, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларды жұмыспен қамтуға, жағдайын жақсартуға мол мүмкіндік бермек. Яғни 10 сотық жерге тамшылатып суару мен агротехникалық шығындарын қоса есептегенде, 462 мың теңге шығын жұмсап, 850 мың теңге табыс алынады. Жоба «Еңбек» бағдарламасымен бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант есебінен қаржыландырылуда. Қазіргі таңда 287 жоба, оның ішінде 105 жоба грант негізінде іске асырылған.
Республикадағы ауыл шаруашылығы жалпы ауылшаруашылық өнімінің 14 пайызы Түркістан облысына тиесілі екенін айта кетейік. Аймақта тіркелген 71,8 мың шаруа қожалығының республикадағы үлесі – 33 пайыз. Онда 177,5 мың маман жұмыс істеуде. Биылдың қаңтар-тамыз айларына 338,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда меже 103 пайызға артығымен орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 17,6 млрд теңге, тамақ өндірісіне 3,3 млрд теңге инвестиция салынды. Былтырғымен салыстырғанда инвестиция көлемі 5,6 пайызға көбейді. Сонымен бірге биылдың I тоқсанына еңбек өнімділігі 109,5 пайызға артты.
Ауылшаруашылық мамандары тұтынушы сұранысын қамтамасыз ету бағытындағы бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Мысалы, Кентау қаласы Иассы ауылындағы «Сүлеймен ата» шаруа қожалығы күніне 500 кило құс етін сатылымға шығаруда. Тұтынушылардың сұранысына ие мекеме өз жұмысын 2017 жылы мемлекеттік бағдарламаның көмегімен бастаған болатын. Бүгінде цехта 8 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда 17 мың құс бағылуда. Әзірге өнімі Түркістан және Кентау қалаларының сауда орындарынан артылмайды. Қожалық алдағы уақытта мекеменің ауқымын кеңейтіп өзге де өңірлерге еттен бөлек жұмыртқа сатуды жоспарлап отыр. Соған байланысты құс етін сақтауға арналған 40 тонналық тоңазытқыш даярлап қойған.
Төрт түліктің төресін бағады
Ал Созақ ауданында төрт түліктің төресі – түйені көбейту қолға алынған. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ойсылқара тұқымын көбейту арқылы өзге өңірлермен бәсекелес болуға қауқарлы ауданға осы кәсіпті мықтап қолға алуды тапсырған болатын. Бұл орайда Шолаққорған ауылында түйе шаруашылығын өркендетіп отырған «Бағдат» шаруа қожалығында 350 бас түйе бар. Әкімнің тапсырмасымен өңірде түйе шаруашылығын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспары жасалды. Жоспарға сәйкес Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Созақ, Шардара аудандарында биыл қосымша
3 962 інген сатып алынып, соның нәтижесінде, өндірілетін сүттің көлемін 14 250 тоннаға, яғни 15%-ға арттыру жоспарланған.
Ал шардаралық диқандар соңғы жылдары күріш өсіруге қайта ден қоя бастады. Мәселен, алдыңғы жылы 1 115 гектарға, былтыр 1 350 гектарға күріш егілсе, биыл 1 419 гектарға егілген. Бүгінде күріштіктің өнімі гектарынан 71,2 центнерден болды. Өткен жылы 1 350 гектар жерге күріш егіліп, 9 612 тонна өнім алынған болатын.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұлов биыл былтырғымен салыстырғанда күріш егетін жер көлемі 69 гектарға артқанын айтады. «Келесі жылы 1560 гектар жерге күріш егу жоспарлануда. Ауданда жиналған күріш өнімдері Ауғанстан, Өзбекстан республикаларына, еліміздің өзге облыстарына және аудан тұрғындарына сатылады. Қазір күріш өңдейтін екі диірмен жұмыс істеп тұр. Оның бірі қалада орналасқан, екіншісі Алатау батыр ауылындағы «Ырыс – 2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде ашылған», дейді Талғат Әлімқұлов. Диқандардың айтуынша, күріш жерді сорландырудан сақтайды, сосын арамшөптен тазартады. Ауыспалы егіс жүйесін сақтап, күріштен кейін ол алқапқа басқа дақыл егілсе жақсы өнім береді екен.
Айта кетейік, Шардара ауданында биыл жалпы 59 300 гектар алқапқа әртүрлі дақылдар егілді. Оның ішінде шитті мақта 18 225 гектарға, ескі және жаңа жоңышқа – 18 525, бақша дақылдары –
10 338, күздік бидай – 1 089, жаздық арпа – 1 648, дәндік жүгері – 3 000, сүрлемдік жүгері – 3 608, картоп – 250, көкөніс – 600, маш өнімдері 598 гектарға егілді. Диқандар қазір мақта мен күрішті қара суыққа қалдырмай жинап алу үшін уақытпен санаспай еңбек етуде.
Түркістан облысы