• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Қараша, 2020

Қара құрдым

1232 рет
көрсетілді

Қара құрдым – ғылым­да болсын, әдебиетте бол­сын, кино өндірісінде де­йік пе, өте көп ай­тылған, жан-жақты қам­тылған, ауқымы аса кең терең та­қырып. Жал­пы, бұл тыл­­сым түсі­нікке шығар­ма­­шыл адам ретінде қы­­­зық­пау тіпті мүмкін емес. Ең қызығы, аты айтып тұрғандай, құрдым құ­бы­лысы әуелден жой­қын тартылыс күші бол­ған­дықтан ба, ерекше ата­уының өзі адамды біртүрлі тұңғиыққа тартып тұрады.

 

Физика заңдарына сенсек, қара құрдымның жойқын әсе­рінен ешқандай материя құтыла алмайды екен. Қара құрдым деп аталатыны да сол, кеңістіктегі бүкіл жарықты сорып алатын алып үңгірдің түсі қап-қара, шет-шегі көрінбейтін тым орасан құбылыс.

Жалпы, әлем тарихында бұл тақырыпқа соқпаған са­на иесі болмағанын айттық. Қа­ра құрдым туралы көбіне фан­­­­­тазиялық әдебиетте, кино­да жиі қаузалатынын да атап кет­тік. Бүгін біз сол қара құр­дым айналасындағы көп туын­ды­лардың ішінен ең бір қысқа оқиға туралы баяндағымыз келеді. Ағылшын режиссері Филип Сэн­­сом мен сценарист Олли ­Уильям­стың «Қара құрдым» деген қысқаметрлі фильмі ­адам санасын кенет бұрылған көлік­тей аударып жіберетін ерекше картина ретінде әлемдегі ең бір ерекше сюжеттердің қатарында десек қателеспейміз.

Асқынған сараңдық адамды жақсылыққа апармайды. Әри­не, әңгіме жеті атасынан бері жілік майы үзілмеген байдың сараңдығы болса түсінікті болар еді. Қызық болғанда, бұл сіңірі шыққан кедей, өмірде ешқа­шан жолы болмаған қарапайым жұмыскердің ашкөз сараңдығы. Ұзақтығы бар-жоғы үш минуттан аспайтын қысқаметрлі бұл фильм сараң адам­ның сүйкімсіз мінезі түптің-тү­бінде өзін өзі жұтып ты­нады де­генді айтқысы келеді.

Үлкен идеяны жүк еткен кіш­­кентай ғана сюжетті то­лық баян­дай кетсек, шаршап, жұмы­сында кешке дейін кідірген кең­се қызметкері бір күні қы­зық жайтқа тап болады. Түрі әб­ден қалжыраған, күні бойы кең­се­нің ешқашан бітпейтін қағаз жұ­мы­сынан қажыған қызметкер түн­нің бір уағында жалғыз өзі қағаз көшірмесін жасайтын құ­рылғымен жұмыс істеп тұ­рады. Қыр­сыққанда қымыран іри­ді дегендей, құрылғы да бірер сәт­­ке істен шығады. Өзі шаршап, титықтап тұрған әлгі бейшара үлкен құрылғыны ызаланып теуіп-теуіп жібереді. Сол-ақ екен, жарығы өшіп-жанған құ­рыл­ғы қайта қосылады да қыз­меткерге керек қағазды емес, ортасында үлкен қара дөңгелек суреті бар ерекше қағазды басып шығарады. Қызметкер алға­шында әлгі А2 форматымен ба­сылып шыққан қара домалақ суретке мән бермей, жанында­ғы үстелдің үстіне тастай салады. Алайда қызықтың бәрі сол сиқырлы қара домалақ суретте болып шығады. Басты кейіпкер сәлден кейін қолындағы су іш­кен кесесін әлгі қара домалақ суреттің үстіне қоя салғаны сол еді, кесе суреттің ішіне түсіп жоқ болып кетеді. Өз көзіне өзі сенбеген жігіт қолын апарып еді, қолы қағаздың ішіне оп-оңай кіріп кетті де кесесін алып шықты.

Міне, ғажап. Қалжыраған қыз­­меткерге енді қанат бітіп, кө­­зі шырадай жанған бейшара әлгі қағазды ала салып дәлізде тұр­ған сауда дүңгіршегіне қарай жөнелді. Сиқырлы қағазын жапсырып, иесі жоқ дүңгіршектің ішінен тәтті шоколадты оп-оңай алып шығады. Яғни бұл қара құрдым қағазды кез келген жерге жапсырып, ар жағындағы затты алуға әбден болады деген сөз.

Қызметкердің көзі енді бас­шы­сының бөлмесіндегі есікке түседі. Жүгіріп барып сиқырлы қағазын жапсыра қойып есікті ішінен ашып алады да бөлме­нің төрінде тұрған темір сейфке қа­рай беттейді. Бара салып, «қарақшы қағазын» сейфтің есі­гіне желімдер-желімдеместен ішіндегі қап-қап ақшаны алып шыға бастайды. Тау болып үйілген ақша бітер емес, әлі де қалған сияқты, қолы жеткен жердің бәріндегі байлықты түгел сыртқа шығарады. Ашкөздігі тоят таппай, енді әлгі қара дөңгелек суреттің ішіне басын кіргізіп алып ақшаны әрі қарай тонай бастайды. Алайда сейфтің түбіне қарай тағы ұмтыла бергенде жар­тылай желімделген қағаз сырт­қа сыпырылып түседі де, аш­көздіктің аранына бейшара қызметкер мәңгі жұтылып кете барады. Соңғы кадрларда қаңыраған кеңсе төрінде тұрған сейф, оның маңында үйілген ақша, жерге сыпырылып түскен А2 парағы жатады.

Шын мәнінде, ол қызметкер қазына толы қамбаға емес, өзі­нің ашкөздігіне жұтылып кеткен еді.

Міне, осындай тамаша идеяны өзіне өзек еткен өміршең картина бізді бірден ой тұңғиығы­на осылай тартып әкетті және ұлттың ақадал қазынасына ұры қолдарын аямай сұққан небір ашкөз, жемқор типтерді көз алдымызға әкелді.