Ауыл халқының әл-ауқатын арттыру үшін құрылған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының атқарар рөлі ерекше. Алдағы бес жылға арналған бағдарлама аясындағы 7,5 миллион теңге ауыл тұрғынының жағдайын жақсартуға бағытталып отыр.
Қазіргі уақытта ауылдық жерлерде шешімін таппаған мәселе шаш-етектен.
Шығыс Қазақстанда «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында биылдың өзінде-ақ ауылдық жерлердегі өмір сапасын жақсартуға бағытталған 50-ден астам жоба жүзеге аспақ.
– Аталмыш бағдарлама шеңберінде өмір сүру сапасы жағынан ауыл тұрғындары қалалықтардан қалыс қалмайтындай жағдай жасауға тиіспіз, – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фархад Бельбаев. – Бағдарлама шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, әлеуметтік-мәдени нысандарды, көлік инфрақұрылымын жөндеуге қаражат бөлінеді. Бұдан басқа су, газ және электр желілерінің жабдықтарын салу және реконструкциялау жоспарлануда. Спорт, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау нысандары да назарда болады.
Шығыс Қазақстан облысы халқының 38 пайызы ауыл-аймақта тұрып жатқандықтан, бұл бағдарламаның маңызы зор екені анық. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту үшін өңірде 116 тірек ауыл анықталған.
– Шекарадан 25 шақырым қашықта орналасқан 29 шекаралық және 232 шағын ауыл бар. Жалпы айтқанда, өткен жылы бізде қаржыландыру мөлшері 2,1 млрд теңгені құраған Глубокое, Үржар, Көкпекті және Күршім сияқты төрт тірек елді мекен анықталған болатын. Ол ауылдарда 8 жоба іске асырыла бастады. Төртеуі көшелерге орташа жөндеу жүргізуге, ал қалған төртеуі дамытуға бағытталған. Яғни үшеуі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға, біреуі Глубокое кентіндегі мәдениет үйінің құрылысына қатысты болды. Төрт көшедегі жөндеу жұмыстары былтыр аяқталса, қалған төрт жобаны биыл аяқтаймыз деп отырмыз, – деді Фархад Бельбаев.
Биыл облыс аумағындағы 20 тірек ауылда 51 жоба жүзеге асырылмақ. Олардың 13-і білім беру, 6 жоба – денсаулық сақтау, 12-сі спорт пен мәдениет, 20-сы жол жөндеу салаларына бағытталды. Биылғы жылы аталмыш жұмыстар Глубокое, Бородулиха, Көкпекті, Күршім, Марқакөл, Қалжыр, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Солдатово, Тұғыл, Ақжар, Үржар, Мақаншы, Алтыншоқы, Шолпан, Қаратал, Қарауыл, Қалбатау, Ақтоғай және Әуезов сынды елді мекендерде жүргізіледі. Ал 2026 жылға дейін жоғарыда аталған 116 тірек ауылдың тұрғындары бағдарлама шеңберіндегі жұмыстармен қамтылатын болады.
Шекаралық аудандарға да ерекше назар аударылған. Күршім, Катонқарағай, Үржар, Зайсан және Тарбағатай сынды бес ауданды дамытудың кешенді жоспары жасалып, бірқатар жұмыстардың жүзеге асып жатқандығы белгілі.
Ал «тірек ауылдардың» қатарына кірмей қалған 570 ауылдың жағдайы не болмақ? Бұл көпшіліктің көкейін түртпектеген сауал екені даусыз.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы орынбасарының айтуынша, мұндай ауылдар мемлекет назарында болады. Бірақ тірек ауылдарға бөлінетін қаражат басқа елді мекендерге қарағанда 2-3 есеге жоғары екен. Басқа ауылдарда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, шаруашылықтарды қолдау одан әрі жалғасын тауып, шағын және орта бизнесті дамыту, инфрақұрылымды жылдағыдай күтіп ұстау сияқты жұмыстар жүргізіле бермек.
Түгін тартсаң майы шығатын Шығыс өңірі – мал өргізуге, дән себуге қолайлы өңірлердің бірі. Сол үшін де «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясындағы қаржы ауыл шаруашылығына да бөлінуі керек.
– Аталған бағдарламаның негізгі бағыты – әлеуметтік саланы дамыту екені белгілі. Яғни ауруханалар мен мектептер, балабақшалар және қызмет көрсету орталықтарын салу керек. Бірақ мұнымен қатар ауыл экономикасын да дамыту өте маңызды. Сол себепті бағдарлама бойынша бағытталатын қаржының басым бөлігі ауылда құрылатын өндірістердің қуатын күшейтуге бөлінуі керек. Мысалы, ауылда сүт-тауарлы ферма немес мал бордақылайтын алаңдар салынуы керек. Соған инфрақұрылым тартуды күн тәртібіне қою қажет, – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.
Айтқандай, ауылдықтардың өмір сүру сапасы қалалықтармен теңессе, тұрақты әрі сенімді жұмыспен қамтылса, ешкім ауылдарынан табан аудара қоймас.
Шығыс Қазақстан облысы