Бірде...
«Қазаққа таңым бар!..»
Өзінің сатиралық, юморлық шығармаларымен танылған ақын Дүйсенбек Еркінбеков бірде таңертең жұмысқа бұлқан-талқан ашуланып келіп:
– Кеше газеттен бір жаманның мақаласын оқып, түні бойы ыстығым көтеріліп, қаным тасып шықты, – дейді гүжілдеп.
– Дүйсеке, соншалықты не бүлініп қалды? – дейді қызметтестері бәйек болып.
Сонда Дүйсенбек:
– Осы қазаққа таңым бар, Абайды кілең орыстардан үйренді дейді. Абайдан да бір орыс үйреніп еді десе ауыздары қисайып кете ме! – деген екен.
Шараптың қызуы
Қызылорда жақта баяғыда сыйлы бір кісі қайтыс болып, ол кісінің қазасына халқымыздың сүйікті ақыны Асқар Тоқмағамбетов те қатысады. Соңынан жаяулатып үйге қайтып келе жатса, соңынан бұжыр бет, масаңдау бір жігіт бірге ере шығыпты. Жолай ақынға тиісе сөйлеп, көргенсіздік танытып, гүжілдеп сұрақ қойыпты:
– Асеке, сіз ажалдан қорықпайсыз ба, соңғы кезде ауырғыштап жүр деп естимін? – дейді тілін шайнап мүләйімсіп.
Сонда Асекең бар денесімен бұрылып, әлгі сұрақ қойған жігіттің бетіне бажырая қарапты да:
– Шырағым, іріген ауыздан шіріген сөз шығады... Шіріген сөзді біреу мастықпен айтады, біреу қастықпен айтады. Қастықпен айтқандардың сeн секілді бетінің бұжыры, ішінің қыжылы, арақ пен шараптың қызуы болады, – депті.
Мопассанның әсері
Көрнекті аудармашы, француз әдебиетінің тамаша білгірі, Бальзактың, Мопассанның бірнеше шығармаларын қазақ тілінде «сөйлеткен» Хасен Өзденбаев 80 жасқа толып, астаналық бір мейрамханада үлкен той жасапты. Хасекең сексенге келсе де томағалы бүркіттей сыр бермеген, түзу жүріп, тік отыратын, шашына қылау түспеген келбетті кісі екен. Сөз кезегі тигенде ол кісіге ақын Сырбай Мәуленов былай деп тост көтеріпті:
– Өзденбайдың Хасені,
Жан біткеннің әсемі.
Ақ түспеген шашына,
Сексенде де жас өңі...
Тиді ме әлде, кім білсін,
Мопассанның әсері.
Әлібек АСҚАР
Нұр-Сұлтан
Айғырдың ақыры
Мен қазақтың маңдайына біткен бірден-бір төл жануары жылқымын. Олай дейтінім, қазекең ұлан-ғайыр даласында өріп жүрген жан-жануар ішінен бізді таңдап қолға үйреткеніне бақандай бес мың жылдың жүзі болыпты. Біз қазекеңнің мінсе көлігі, ішсе сусыны, жесе тамағы болыппыз. Яғни тағдыр-талайымыз біте қайнасып, бірімізсіз біріміздің күніміз жоқ қалыпқа жеткенбіз.
Бізді басымыздан бақайшығымызға дейін бағамдап, желдей желдіртіп құрмет тұтып, біздер жөнінде небір өлең-дастандар тудырып қадір-қасиетімізді асқақтатқанына ризамыз.
Енді міне, заман өзгеріп, техниканың дәуірі дүрілдегелі бері біздер қағажу қалып, қапалана бастағалы да біраз болған.
Қыжыл қойыртпақталып іштен тынып тыпыршып жүр едім, құдай оңдап елімізге әлемнің түкпір-түкпіріндегі жан-жануар өкілдері жиналып, алқалы басқосу өткізе қалмасы бар ма.
Бұйырып алқалы топ алдында сөз сөйлеу мәртебесіне ие болдым.
Не керек, шектеулі уақытта шерменде шерімді ағыл-тегіл ағыттым... Сондағым, айғырлығыма басып кісінеп алып, айтқанымның тоқетері мынау болды:
– Ағайындар, осы отырғандардың біразың бір замандарда осы өлкені мекен еткендеріңді естеріңе салайын. Қиын-қыстау заман туып, табиғат осы өлкеде алай-дүлей болғанда әркім бас сауғалап тым-тырақай қаша жөнелгендеріңді білеміз. Бір-екеуін айтсам, мәселен, жан-жануардың алыбы пілдің өзі үрім-бұтағын үйіріп бір-ақ түнде Үндістаннан бірақ шықты... Әшейінде ақырып-бақырып айбар шегер арыстан тұқымының қайда барып бас сауғалағанын білеміз... Азуы алты қарыс аюеке, сіздің сонау солтүстікке суша сіңіп, сүңгіп кеткеніңізді қалай ұмытамыз... Ойпыр-ай, құрт-құмырсқа, жер бауырлап жылжыған жәндік атаулы оңтүстікке опырыла көшкендегі көрініс әлі күнге көз алдымда... Түйе жарықтық та маң-маң басып қиыр шетке қырқа асып кете барды-ау...
Қайсыбірін айтайын, осы отырған көбіңнің бір кездердегі жұртың осы елді мекен болған... Оған топан су қаптағандағы Нұқ пайғамбардың кемесі куә...
Енді міне, еліміз тәуелсіздік алып, Алла тағала бұйыртқан байлығымызды меңгеріп асып-таси бастағанда: «Қазақстанның асты-үсті толған байлық, құт-берекелі елді мекен» деп неше түрлі айла-шарғыны ойластырып келіп қалған екенсіздер...» деп, жылқы емеспін бе, құлағымды қайшылап, оң тұяғыммен жер тарпи нағыз «кісіней» сөйлеуге бет бұрып: «Осы елдің етене жануары біздің де қадір-қасиетіміз қалмады. Мәселен, қазы-қартаны – еврейлер, қымызды – немістер, ең аяғы көкпарды көрші ел заңды түрде иеленіп алды...» деп төтесінен тартып едім, жиналыстың тізгінін ұстап отырған өзіміздің билік өкілдері: «уақытыңыз бітті» деп шорт кесіп, оған келіп отырғандар қол соға қосарланып, трибунадан ит қосып қуып түсірді...
Не істейін, түскен бойда сыртқа шығып бар даусыммен кісіней шыңғырып, жер тарпи алдыңғы аяғымды көкке көтере бұлқынып барып бар екпініммен шаба жөнеліппін...
Қанша шапқаным белгісіз, аяқ талып, тізем дірілдеп омақаса құлаппын.
Ертесінде ес жисам, бір топ «арнайы» өкіл келіп аяғымды матап байлап арт тұсымды «шұқылап» жатқан... Сөйтсем, пәтшаһарлар «айғырлық» уақыты бітті деп піштіріп тастапты...
Берік САДЫР
Нұр-Сұлтан
Қожанасыр хикаялары
Қожанасыр үйленіп, әйелі тойдан соң үш ай өткесін ұл туыпты. Содан Қожанасыр дереу базарға барып кітап, сөмке, дәптер сатып алыпты да баланың бас жағына қойыпты.
– Жаңа туған жас бала кітаптарды қайтеді? – деп сұрайды әйелі.
– Бала тоғыз айлық жолды тез арада жүріп өтті ғой, демек көп ұзамай-ақ мектепке де барып қалар, – депті Қожекең.
* * *
Қожекеңнің бет-әлпеті онша келіспеген екен де, ол айнаға қарауды ұната бермепті. Бір күні аяғы ауыр әйелі Молданың бетіне бажайлап қарапты да:
– Баламыз болады деп қуанып жүрмін ғой, бірақ саған тартып кете ме деп уайымдаймын, – депті.
Сонда Қожекең әйеліне:
– Бала маған тартса уайымдайтын ештеңе жоқ, ал маған тартпаса нағыз уайым сонда болар, – деген екен.
* * *
Бір күні Темір падишах Молданың ұлын сарайына алдыртса, бала әкесіне қатты ұқсайды екен. Баланың бойы да, түр-әлпеті де, тіпті мұрнына дейін Қожаның өзіне құйып қойғандай.
«Әкесі сияқты ақылды ма екен?» деп ойланады Темір. Ол қалтасынан бір алтын ділдә алып Молданың баласына ұсынса, бала алмай қояды.
– Сен неге ақшаны алмайсың? – деп сұрайды Ақсақ Темір.
– Маған анам ұрсады. Ол көшедегі бейтаныс кісілердің ақшасын алушы болма деген.
– Жарайсың! – дейді Темір.
– Бірақ мен сенің шешең айтқандай бейтаныс кісі емеспін, мен сенің әміршіңмін!
– Сенің әмірші екеніңді білемін, – дейді бала, – бірақ шешем бұған сенбейді.
– Неге?
– Өйткені шешем «егер әмірші ақша сыйлаған болса, онда ол бір ділдә емес, көп ақша сыйлар еді ғой» дер еді, – депті бала.
Сурет әлеуметтік желіден алынды
* * *
Қыш құмырамен суға жіберерде Қожанасыр баласының жағынан бір тартыпты да:
– Байқа, құмыраны сындырып алма, – депті жекіп.
Әпендінің әйелі:
– Баланы неге ұрасың? Құмыра сынған жоқ қой әлі! – деп ренжиді.
– Сен ештеңені ұқпайсың, қатын! – дейді Әпенді, – құмыраны сындырған соң баланы ұрдың не, ұрмадың не – бәрібір, түк пайдасы жоқ!
Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР