Венгрия билігі елдегі коронавирус жағдайына байланысты төтенше жағдай режімін 90 күнге ұзартты, деп хабарлайды Egemen.kz
Венгрияның конституциясы бойынша, үкімет төтенше жағдай режімін 15 күнге жариялай алады, ал оның мерзімін ұзарту үшін парламентарийлердің үштен екі бөлігінің рұқсатын алу керек. Төтенше жағдай үкіметке кейбір заңнаманың қолданылуын тоқтата тұруға және басқа төтенше шараларды қаулылар арқылы қабылдауға мүмкіндік береді.
"Парламент үкіметтің коронавирустың екінші толқынына қарсы шаралары туралы заңын қабылдады, пандемия салдарынан жарияланған төтенше жағдайды 90 күнге ұзартты", делінген хабарламада.
Заң жобасы жеделдетілген тәртіппен 180 дауыс арқылы қабылданған, тек бір парламентарий қарсы шыққан.
Сонымен бірге үкімет төтенше жағдай режімін уақытынан бұрын алып тастай алады. Заңға сәйкес, үкімет пандемиямен күрестің әр қадамын депутаттарға хабарлап отыруы керек.