Әріптесіміз, журналист Баян Қуандыққызының «Egemen Qazaqstan» газетінде 2020 жылғы 10 қараша күні жарияланған «Іздеусіз ер, сұраусыз ерлік» мақаласын үлкен ризашылықпен оқып шықтық. Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Серікбай Тұрлыбаевтың анасы Сәпен апаймен жүздескен журналистің әрбір сөзін тебіренбей оқу мүмкін емес. Баян Қуандыққызы бұл мақаланы Сәпен апай мен өзінің атынан ғана емес, барлық ауған соғысына қатысқан сарбаз аналардың атынан жазып отырғандай ерекше әсер қалдырады.
Мақалада айтылғандай, Кеңес Армиясына қарасты 66-бригаданың 2-батальоны 7-ротасындағы 1 және 2-взводтағы 17 жауынгердің Ганджгалда ерлікпен қаза тапқаны жайлы деректер ашылған соң, елеусіз қалған ерлерді іздеушілердің арқасында 17 ердің ерліктері лайықты бағаларын алған екен. Ресей елі өзінің жауынгерлерінің бәріне дерлік Ресей Федерациясының Батыры атағын берген. Өкініштісі, осы топтағы қазақстандықтар Серікбай Тұрлыбаев, Владимир Прохоренко, Борис Бочкиннің ерліктері ескерілмей қалған. Кезінде ол жөнінде белгілі журналист Қайнар Олжайдың да «Табыт – біреу, тағдыр – екеу» мақаласында сөз болғанын оқи отырып, өз ұлымыздың, өз ерлеріміздің ерліктері қашан лайықты бағасын алады дегенге біз де қосыламыз.
Осы орайда, шынында да Ауған соғысындағы ерліктерді бағалауға келгенде, қазақстандық биліктің неге мойындары жар бермейтінін түсіну қиын. Қаншама жыл бойы жоғарыға жазып жүріп, Ауған соғысына қатысқандар «Ардагерлер туралы» заңына сәйкес кейбір жеңілдіктерге енді ғана ілікті. Аты аңызға айналған «Қара майор» Борис Түкенұлы Керімбаевтың ерлігі туралы қанша жазылса да, «Халық Қаһарманы» деген атаққа қол жеткізе алмай, дүниеден өтті. Өте өкінішті.
Енді міне, тағы бір еріміз, қазақстандық жауынгер Серікбай Тұрлыбаевтың өшпес ерлігі туралы Баян Қуандыққызы барлық айғақ деректерді алға тартып, «Халық Қаһарманы» атағына лайықты екендігін жеріне жеткізе жазған екен. Иә, Ұлы дала батырларының ерлік дәстүрі бүгінгі жастар үшін де, ертеңге болашақ үшін де маңызды нәрсе.
Еліміздің жақында атап өтетін Тәуелсіздік мерекесіне орай немесе 2021 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауған елінен шығарылғанына 32 жыл толуы қарсаңында Отан алдындағы өз борыштарын адал атқарған, жауынгерлік намысты жанкештілікпен қорғаған Борис Керімбаев пен Серікбай Тұрлыбаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріліп жатса, елдіктің, ерлік пен батырлықтың өнегелі дәстүрі толыға түсетіні сөзсіз.
Елі үшін өшпес ерліктің асқан үлгісін көрсеткен ерлеріміз осылай лайықты бағаларын алып жатса, Кеңес елінде ескерілмей қалған әділетсіздіктің орны толар еді, Сәпен апай сияқты батыр ұл өсірген аналар алдындағы парызымыздың бір өтеуі қайтар еді.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
әскери журналист,
запастағы полковник