Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ордалы отыздың шеруінде иықтасып нық басуға нұсқайтын бұлжымас бағыттары, Ұлт жоспары, «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» идеялары мемлекет дамуының ұзақ жылдарғы директивалық тезистеріне айналса, ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауынан туындайтын міндеттер бізді жаңаша жұмыс істеуге, мемлекеттік реформаларды табысты жүргізу жолында ақыл-ойымыз бен білім-білігімізді, қайрат-жігерімізді, ізденіс-іскерлігімізді жарқырата жұмсауға үндейді.
Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет.
«Дей тұрғанмен, болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс» деп басталатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының алтын арқауы – «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» ендігі кезекте ешкімге еліктеп-солықтамай, есеміз кеткен тұстардың орнын толтырып, ел өміріндегі еңсегей мәселелерді екшеп, билік пен бұқара болып бірлесе шешу жолдарын ұсынып отыр. Демек, Мемлекет басшысының былтырғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауындағы тегеурінді тұжырымдар бастапқы инерциялық қуатын үдетіп, бүгінгі басты құжатпен кіріге жымдасып, жауапкершілік пен міндеттер бөлінісін айқындап, қазақ ұлысының даму стратегиясының тұтас панорамасын құрайды.
Бұл ретте Жолдаудың өн бойында сымдай тартылған 11 бағыттың қай-қайсысының да халықтың көкейіндегі түйткілдер мен үміт пернесін дөп басқан, осыған дейін қол жеткізген келелі көрсеткіштеріміздің қабатында қордаланып, ілгері ұмтылған қадамымызды ілгектей тартқылаған, күнделікті пенделік тіршіліктерімізде сәт сайын беттесіп, тобығымыздан тұсаулаған, қоғамдық ой-пікірдің қозғалысын тежеп, әлеуметтік белсенділігімізді бәсеңдететін стереотиптік қалыптардан арылуға жол ашқан негізгі факторлар екенін айтуымыз орынды. «Көш жүре түзеледі» десек те, «қимайтын», бірақ атанның белін қинайтын «ескі кебежелерді» «жұртта» қалдыратын уақыттың жеткені ғой бұл!
Билік жаңа реформалық өзгерістерді өзінен бастап отыр. Тікелей Президент бағынысындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін және Реформалар жөніндегі жоғарғы президенттік кеңес құру – мемлекеттік басқарудың бірегей үлгісін қалыптастырып қана қоймай, «адам ресурстарын барынша жұмылдырып, яғни жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктестер ретінде жұмыстың барлық кезеңіне – жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартып», іс-қимыл үдерісінде түпкі нәтижелерді қамтамасыз етпек. Осылайша өзіміз көптен көксеп жүрген азаматтық қоғамның шынайы моделі орнықтырылады. Әйтпесе, бас-басына би болған сан-салалық министрлердің декоративтік «реформаларынан» діңкелеп біткеніміз қаш-шан! «Судың да сұрауы бар» шығар, бірақ ащы да болса ашығын айтайық, дақпырттың жұмырында жоғалған қомақты қаржының сұрауы болды ма? Нарқы келмегенмен, ниет түзу, ешкім жазаланбайды. Ең арысы, «реформаторыңыз» орнынан түсіп немесе басқа қызметке ауысып, тіпті кейбірі жоғарылап кетіп жатады.
«Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн» деп Мемлекет басшысының Жолдауда айтқанындай, мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландыру, кәсіби біліктілігі жоғары, озық тәжірибелер жиынтығын бойына сіңірген, бастамашыл, зиялы мамандарды жасақтау арқылы қайта құру, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын 2020 жылдың аяғына дейін 10, 2021 жылы 15 пайызға қысқарту, үнемделген қаржының есебінен қалған қызметкерлердің жалақысын көбейту шараларына ұласуы көңіл көншітеді. «Еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көп. Бұл мәселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, сондай-ақ ең сорақысы, жемқорлыққа әкеп соқтырады» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының «диагнозымен» келіспеске амалың жоқ.
Мен 1996-1999 жылдары Қызылорда қаласының әкімі қызметін атқардым, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының екі шақырылымының депутаты болдым. Сондықтан мемлекеттік қызметтің жай-күйі етене таныс. Айтатыны жоқ, соңғы жиырма шақты жылда мемлекеттік аппараттың штат бірліктері тым ұлғайып кетті. Министрліктерде, квазимемлекеттік секторда, қала берді аймақтық департамент, басқармаларда билік буындары қосарланып жүр. Қызметкерлер көктемгі құс қонған көлдей жыртылып-айырылады. Бір-біріне сенбейтін мекемелер тәрізді екі жағы да тексеру жүргізеді. Мысалы, облыстарда ауыл шаруашылығымен айналысатын төрт басқарма бар. Екеуі Ауыл шаруашылығы министрлігіне, екеуі облыс әкіміне бағынады. Төтенше жағдай мәселесімен айналысатын екі құрылым да солай. Бірі – министрлікке, екіншісі облыс әкіміне қарайды. Орман, аң шаруашылығымен айналысатын құрылымдар да бірін-бірі қайталайды. Қосарланған соң, кейде бір-біріне бағынбағандықтан, мәселенің шешусіз қалатын кездері де болады. Осының ара жігін ажырату, кімнің немен айналысатынын айқындау мәселесі Президентіміздің өзі міндеттеген талаптарымен үйлеседі. Басқару теориясы бойынша да бір іске басшылық жасау кезінде қосарланған жұмыстарға жол берілетін болса, берекесіздікке әкеп соқтыратыны белгілі.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Президенттің мемлекеттік қызмет мәртебесіне арнайы тоқталуының үлкен мәні бар. Жолдауда көрсетілген міндеттерді мүлтіксіз орындау, басқару, үйлестіру, ең алдымен, мемлекеттік қызметкерлерге жүктеледі. Экстенсивтік сипаттан интенсивтік форматқа көшпесек, «қойшы көп болса, қой арам өледі», түпкі нәтижеге жетудің жолдары ауырлайды.
Және бір ойды ұшқындатсақ, жоғарғы құзырлы органдарда болсын, жергілікті басқармаларда ма, қызметі бірін-бірі айнытпай қайталайтын бөлімдер жеткілікті, штаттық кестесі әжептәуір, техникалық мүкәммалы мол. Ал оларды ұстап тұруға қанша қаржы жұмсалатынын бағамдай беріңіз. Сенат депутаты кезімізде біз Парламенттің күн тәртібінде осы мәселені көтерген болатынбыз. Орталықтандырылған базасы бар сандық жүйеге көшіп жатқан тұсымызда инкубациялық басқарма, бөлім, құрылымдардың қажеті қанша? Бюрократиялық бөгеттерді бұзғымыз келсе, үнемделген қаржыны әлеуметтік мақсаттарға жұмсауды ойласақ, мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор штаттарын қысқарту және ұлттық компанияларды басқару ісін жақсарту үдерісінде мұны ескеруіміз керек.
Жолдаудың беташар сөзінде Президент: «Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданды. Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллионнан астам азаматымыз 42500 теңге мөлшерінде көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті, басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ.
Алдағы айларда күш-жігерімізді барынша жұмылдырып жұмыс істейтін боламыз. Осыған дайын болуымыз керек. Мәселе туындаған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдап, барлығын жан-жақты ойластырып жұмыс істеуіміз керек» деген болатын.
Осы жолдарды оқығанымызда, әлі де әуірі басыла қоймаған пандемияның шарықтау шегінде басымыздан кешкен күрделі жағдаяттарды есіме түсіріп, көңілім бұзылса да, жұқарғанмен – тұяғымыз тозбай, қияғымыз қиылмай, дәуірдің сынағынан аман өтіп келе жатқанымызға шүкіршілік еттім. Коронавирус кеселінен біздің еліміз де зор зардап шекті. Жаратылыстың мұндай жаманатын бұрын-соңды көрмегесін бе, сақтық шараларына оншалықты мойын бұрмай, бір-бірімізден оқшауланбай, «қол сынса – жең ішінде, бас сынса – бөрік ішінде» дейтін жайбарақаттылыққа салынып жүріп, қара дерттің қаупін аңғармай қалғандаймыз. Қиналғанымызды, құрбандықтар болғанын несіне жасырамыз? Сүрінген шығармыз, бірақ құлаған жоқпыз. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. Осындай сын сағатта ынтымағы жарасқан халқымыз жұдырықтай жұмылды. Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды» деуі имандай шындық енді!
Президент Жолдауындағы «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму» бағыттарын зерделеп оқығанымда, мен алға қойылған міндеттердің әлеуметтің бүгінгі көңіл күйі мен мүмкіндігіне, игерілмеген игіліктердің иініне орайластырылып түзілгенін аңғардым. Жолдауда айтылғандай, «әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ». Іс-қимыл үстінде жаңалық ашатын практикалық диссертацияға жүк болғандай, контурлық сұлба немесе утопиялық уағыздан аулақ, билік пен баршаның нақты жауапкершілігін нығыздаған тараудағы жеті қағидатты:
Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі. Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі. Әділ бәсекелестік, кәсіпкерліктің жаңа буыны үшін нарық ашу. Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және технологиялық сипатын арттыру. Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту. «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау. Мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам алдында жауапты болу.Менің негізгі мамандығым – экономист-ғалым. Университетте де, қала басқару ісінде, Сенат қабырғасында да Президент көтерген мәселелермен талай мәрте бетпе-бет келіп, талқыладық және уақыт кеңістігінде солардың оңды шешілетініне сендік те. Сондықтан бір кезде әріптес болған, сыртқы саясаттың сардары, Үкімет басшысы, Мемлекеттік хатшы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Сенат спикері лауазымдарын атқарып, жер-жаһанның жарақты мемлекеттерінің ішкі-тысқы қарым-қатынасын, индустриялық өрлеу тетіктерін, әлеуметтік ахуалын, инвестиция тарту иірімдерін терең зерттеген, экономикалық маңызды модульдерді еліміздің өндіргіш климатына берік орнықтыруды көздеген Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанған тұжырымдамасын бар діліммен қолдаймын.
Жер ауқымы жөнінен ғаламда тоғызыншы (2 млн 724902 шаршы шақырым), Азияда (Қытай, Үндістан, Ресей) төртінші орынды иеленетін, Еуропаның 12 мемлекеті еркін сыйып кететін, бір ғана Қарағанды облысына 1 Германия немесе 2 Беларусь, тіпті ұсақтасақ, 4 Болгарияны орналастыруға болатын Қазақстанда Менделеев кестесіндегі 126 элементтің 99-ын өндіру мүмкіндігі бар. Оған 1225 түрлі минералдар қоспасын құрайтын 5000-ға жуық кенішті қосыңыз! Мұншама мүкәммалды сыртқа шикізат күйінде шығара бергеннен ұтарымыз қайсы?
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда дұрыс мәселені қозғады: «Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану». Қазір Еуропа елдерінде, Шығыс Азияда, көршілес мемлекеттерде қайта өңдеу кәсіпорындарын салудың зәруліктері жеткілікті. Біріншіден, өзіндік шикізат қорлары арзымайды, алыстан алдыруға шығын көп, екіншіден, халық тығыз орналасқан аймақта экологиялық тепе-теңдік бұзылады, өнім қалдықтарын төгетін орын жоқ, оның үстіне «жасылдардың» екпіні қатты! Үшіншіден, саяси форматтардың әлсін-әлсін өзгеріп отыруынан туындайтын транзит тасымалының күрделілігі. Тағысын-тағылар... Ал, аумағы 163 миллион халқы бар 18 Бангладешке тең Қазақ жеріне 163 зауыт салсаң да, көптік етпейді! «Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды». Дүние жүзінің 146 елімен экономикалық, гуманитарлық бағытта ынтымақтасқан еліміздің шикізаттық сектордан шеткері шығып, экспорттық басымдыққа ие болуы осы факторларға байланысты.
Биылғы жылы Қазақстан халқының саны 19 миллион адамнан асады, оның ішінде қазақтың саны 13 миллион адамды құрамақ. Жергілікті ұлт үлесі, құдайға шүкір, жастар арасында өсіп келеді. 8 миллион 794 мың адам жұмыспен қамтылған, бірақ оның 6 миллион 700 мыңы жалдамалы, 1 миллион 500 мыңы жеке жұмысшылар, 262,1 мың фермер бар. Ал жұмыс күші құрамына кірмейтін 4 миллион адамды былай қойғанда, жарты миллионға жуық жұмыссыз тіркелген. Жолдауда көрсетілгендей, 2020-2021 жылдары 10+15 пайыз мемлекеттік, «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтерінің бірігуінен 50 пайыз қызметкерлердің қысқаратынын ескерсек, уақытша жұмыссыздар саны көбейейін деп тұр. Сонда олар қайда барады?
Мамандықтарына сәйкес жаңадан құрылған өндеуші кәсіпорындарда, көлік-логистикалық кешендерінде, ауыл шаруашылығында, шағын және орта бизнесте, тағы басқа сұранысты салаларда жұмыс істейді. Қайта, бұрын мемлекеттік қызметпен айналысқан жастар енді қосымша мамандықтар алып, билік баспалдақтарындағы біліктілігі мен тәжірибесіне сүйеніп, жаңа экономикалық дамуымызда қуатты, шешуші рөл атқарады. Олар ұлттық индустрияны өркендету үшін жаңғыртылған заңнамаларды тез қағып алады және тұрақтылығын қамтамасыз етеді, реттелетін сатып алу жүйесіне бөлінетін 15 триллион қаржыны игеруге қатысады, өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде бір жарым есе арттыруға үлес қосады. Демек, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметін оңтайландыру – Қазақстанның әлеуетін күшейтетін жаңа экономикалық саясаттың бір парасына айналмақ.
Президент Жолдауындағы «Сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнама қажет. Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс. Мемлекет пен инвесторлар арасындағы уағдаластықтарды бекіту үшін стратегиялық инвестициялық келісім жасалады. Бұл – жаңа тәсіл» деген тұжырымдар айтылмыш саланың тұғырын тапжылмайтын, болашағын баянды ететін, кен қазбаларынан басқаға қаржы құюға құлықсыздау немесе өңдеу өнеркәсібінің өміршеңдігіне сенімсіз қарайтын шетелдік инвесторлардың сезігін сейілтетін, болмаса, сәтті уақытында мол пайдаға кенеліп, бірақ дәулетін сырт елдің сейфінде сақтап, пайыздық өсіміне малданған отандық ірі кәсіпкерлеріміздің қаржыларын «амнистиясыз-ақ» Қазақстанға қайта әкеліп, өндірісіміздің өркендеуіне жұмсауға жол ашатын сенім грамотасы іспетті. Сондықтан Мемлекет басшысы тапсырған заңды әзірлеуде және қабылдауда инвестиция тартымдылығы және кәсіп иелерінің жауапкершілігі барынша ескерілуі тиіс.
Мен «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңін» қазып оқып, ғалым түйсігімен қадала зерттегенімде, аңғарғаным – бұл Жолдау абстрактілік ойлардан ада, нақты әрекеттердің қадамын санайтын, зәру мәселелердің себеп-салдарын дәл анықтап, оларды іскерлікпен шешудің жолдарын ұсынған, «сыры да, сыны да кетпейтін», спринтерлік уақытпен шектелмейтін көпжылдық құндылық. Жасыратыны жоқ, біз әдетте, осы кезге дейін жыл сайынғы Жолдауларды биліктің дәстүрлі іс-шарасы ретінде қабылдап, оның ұзақ мерзімдік мазмұнына бойлай бермей, тез арада ақпараттық – насихаттық топтар құрып, жер-жерді аралап, «конспектілік» нұсқасымен елді таныстырумен келдік. Үйінде отырып-ақ ғаламтор арқылы жаһанның жақпар-жартасымен тілдесетін, саясатыңыздың қатпарын қыртыстаған, қызыл сөзбен көбік сапырғаннан мезі болған қазағым сіздің су төгілмес жорғадай желдіргеніңізге ден қоя ма? Мәнді құжаттың маңызын қалқып ішіп, сырттай сүйсініп, іштей түйсініп, ендігі кезекте жоспарланған іс-қимыл шоғырына ат қосуға шарт түйініп әзір отырған жоқ па? Ендеше, Президенттің тапсырмаларына орай, Үкімет, министрліктер мен агенттіктер, аймақтар басшылығы бұрынғы экстенсивтік көрсеткіштерді құрайтын конвейерлік бағдарламалардан іргені аулақ салып, әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық және шикізаттық-технологиялық рельефіне сай келетін, «барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшіп», Жолдаудағы міндеттер аясында түзілген іс-шараларын халыққа жариялап, баршаны ортақ мақсатқа жұмылдыруы керек! Бұл да – азаматтық қоғам қалыптастырудың көрінісі.
Мен Президент Жолдауындағы ауыл шаруашылығы және шағын және орта бизнесті дамыту, қолжетімді әрі сапалы білім мәселелерін әдейі айналып өттім. Ауыл. Кәсіп. Білім. Бұлар – иісі қазақ баласының кешегі, бүгінгі және ертеңгі өмірімен өзектесе өрілген, тұтас тағдырының өлшемі іспетті мәңгілік тақырыптар! Бір туындының көлеміне сыюы мүмкін емес. Және де Қасым-Жомарт Кемелұлының аталмыш тақырыптар төңірегіндегі толғамдары ғұмырының бір тіні ауылға байланған, өмір бойы білім саласында көзмайын тауысқан, экономист-ғалым ретінде кәсіпкерліктің табиғатын ғылыми-практикалық тұрғыда зерттеген маған көкірегімде көптен бері қозданған оймауыт ойларды салмақтап, саралап, даралап жазуды міндеттеп отыр. Сондықтан сәтті күні осы үш бағыт туралы талдау пікірімді еліміздің бас газеті – «Egemen Qazaqstannyń» оқырмандарына ұсынатыным кәміл.
Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Қызылорда облысының құрметті азаматы