Нұр-Сұлтанның тұрғын аудандарында үйлерді газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Железнодорожный тұрғын алабында(Алматы ауданы) бірінші тұтынушы газға қосылды. 700-ден астам тұрғын техникалық шарттар алды, фронт-кеңселерде 3 мыңнан астам адам кеңес алды. Газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге төмендетілді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Газға қосылған алғашқы үйлердің тұрғындары: "Бізге бір түнде 20-ға жуық көршіміз келіп, қарап, қызығушылық танытты. Әуелде көмірден газға ауысуға болатындығына сенімсіздік болды. Қазір бәрі өте қуанышты. Туыстарымыз жазып, қоңырау шалып, газға қосылғанымызбен құттықтап жатыр", дейді олар.
"Газ тартылды. Бұл ұзақ уақыт бойғы тынымсыз еңбек нәтижесі. Газға 11 қарашада қосылдық. Біздің аудандағы чатта тұрғындар қазір бізден кейінгі көптеген адамдар нақты мысалды көріп, көмірден газға көшуге бел буғанын жазады. Биыл газ тартылатынына сенбейтіндер де болды", дейді Индустриальный ТА тұрғыны Дәулет Бекбосынов.
"Кеше газға қосылдық. Елбасы елордаға газ жеткізілетінін айтқан болатын. Біз сол жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Өте ризамыз", дейді қала тұрғыны Зейнолла Әбдіров.
Агроқалашық тұрғын алабының бір бөлігі, Промышленный, Көктал-2 тұрғын алаптарында да құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қысымды сынау жүріп жатыр. Қосылу үстіміздегі жылдың желтоқсан айына дейін жоспарланған. Жыл соңына дейін Көктал-1 тұрғындары да газға қосыла алады.
"Елорданы газдандыру – Елбасының тарихи жобасы. Газдандыру қоршаған ортаны жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жеке сектор тұрғындарының өмір сүру жағдайларын айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Көмірді қайда сақтау керегін, оның сапасын уайымдаудың қажеті жоқ. Адамдар көмірқышқыл газымен уланған жағдайлар болды. Осы мәселелердің барлығы шешімін табады. Газдандыру процесі бірнеше сатыда өтеді және барлық тұрғын аудандар кезең-кезеңімен қосылады. Осы жылыту маусымында ЖЭО-1 және ЖЭО-2 бірқатар қазандықтары да газға ауыстырылды", деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Ішкі газбен жабдықтау желілерін орнатқан тұрғындарды қосу үшін Республика даңғылы, 24 мекен-жайы бойынша "Парасат" бизнес орталығы "Қазтрансгаз Аймақ" АҚ кеңсесіне хабарласу қажет. Бұл ұйым ішкі газбен жабдықтау желілерінің қауіпсіздігі мен тікелей қосылуын тексерумен айналысады, әрі қарайғы жұмысына да жауап береді.