ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, 9 адам зардап шеккенін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
ТЖМ хабарлауынша, бүгін сағат 11:36-да Ақтөбе облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне Ақтөбе облысы Хромтау қаласында бір қабатты үйде өрт шығып, салдарынан газ баллон жарылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына Хромтау ауданы өрт сөндіру бөлімінің 10 адамы және 2 техникасы дереу жетті.
Өрт жалпы 90 шаршы метр жерді шарпып, жарылыстан үйдің қабырғалары құлаған.
"Қабылданған шаралар нәтижесінде сағат 12.29-да өрт толықтай сөндірілді. Оқиға кезінде 9 адам, оның ішінде 3 бала зардап шекті (6, 7 жастағы және жаңа туған сәби, балалар күйік алмаған). Олар қазір Хромтау орталық ауруханасына дәрігерлерінің қарауында", деді Уәли.