• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қараша, 2020

Сақтандыру ісі күшейіп келеді

117 рет
көрсетілді

Қобданың қиырында індеттің екінші толқынының алдын алу, әрі мүмкіндігіне қарай оны болдырмау үшін тиісті іс-шаралар кешені белгіленіп, жүзеге асып келеді. Бұл мақсатта құрылған қос мониторингтік топ өз жұмысын екі арна мен екі тармақ бойынша жүргізуге бағыт ұстауда.

Бірінші кезекте Әкімшілік кодекс­тің 425-бабы негізінде тәуліктік және күнделікті қолданатын шаралардың арнасы кеңейе түсуде. Мұның өзі – рейдтік және жоспардан тыс тексерулер, салынған айыппұлдар мен кері қайтарылған материалдар. Әрине, шектеу тәртібі мен нормаларын сақтамаған жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік шаралар қолдану – басты және жалаң мақсат болып қалмауға тиіс. Сақтану жолдары мен мәселелері әр тұрғынның сана сезімінен берік орын алмаса, бірде-бір әкімшілік шара немесе отбасылық басқосулар өткізгені үшін салынған айыппұл ойдағыдай нәтиже бере қоюы екіталай. Бұл туралы өз ой-пікірін Қобда ауданының әкімі Болат Кулов былайша жеткізді.

– Аудан орталығында бірнеше мейрамхана бар. Қазір оның бәрі де жабық тұр. Әрине, ел болған соң өз үйінің ауласында киіз үй тігіп, шағын той жасағандар кездесті. Әйтсе де олардың саны сау­сақпен санап алуға да жетпейді. Дүниеде кез келген құбылыстың қадір-қасиеті салыстырмалы түрде айқындалады емес пе? Бұл тұрғыда ауданымыздың тұрғындары белгіленген заң мен тәртіпті сақтап, оған құлақ аса алатындығымен ерек­шеленіп отырғанын айтқым келеді. Мы­салы, қазіргі күні санитарлық дәрі­герлердің қойған талаптарын орындау жөнінен облыста ең алдыңғы қатарда келе жатқанымыз – осы ой-пікірімнің ай­қын дәлелі. Әйтсе де бұл жайт бізге про­филактикалық шараларды ұдайы жүргізу ісінен ажырата алмайды, – дейді ол.

Бұдан әрі аудан басшысы аталған жа­­ғымды жайт Қобда өңірінде белгі­лен­ген са­нит­арлық-эпидемия­лық талаптарды бұзу көрінісі жоқ еке­нін білдірмейтінін атап өтті. Қазіргі іс-қи­мыл соны жоюға ба­ғытталып отыр­ғанын жеткізді. Осы орай­да жағдайды жоға­рыдан бақылауға б­ағыт­талған дрондар сатып алыныпты. Осы­ны өздігінен басқарылатын аппараттар жұма, сенбі және жексенбі күндері ауыл ішіне жеткізіледі екен. Міне, об­­­лыстың оңтүстік-батыс бөлігінде ор­на­­­лас­қан ауданда індетті ауыздықтау ісі осы­­лайша күннен-күнге белең алып келеді.

 

Ақтөбе облысы,

Қобда ауданы