• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Оқиға 16 Қараша, 2020

Сенімді басқару мектепке өзгеріс әкелді

191 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылында Кеңес Одағы жылдарында неміс тұрғындар өте көп болып еді. Бәрі де еңбекқор әрі мәдениетті халық ауыл көшелері мен үйлерін қыздың жинаған жүгіндей құлпыртып қоятын.

КСРО темір шымылдығын аш­қан сәттен бастап немістер өз­­дерінің тарихи Отанына оралды. Олардың орнына инфра­құры­лымы жақсы ауылға жаппай қазақтар қоныстана бастады. Қазір «Петропавл – Мамлют» трас­­сасының бойындағы жарқы­раған жақсы ауылдың негізгі тұрғындары қазақтар.

Осындағы екі қабатты мектеп үйі 1969 жылы салынған екен. Күтіммен ғана тұр­ған ғимараттың 80 пайызы бәрі­бір тозған. Міне, осы мек­теп­ті биыл жергілікті билік мем­лекет-жекеменшік әріптес­тігі шең­берінде жергілікті кәсіп­керге сенім­ді басқаруға берген. Ол мек­тепті жаңғыртуға биыл жаз бойы 300 млн теңгедей қара­жат құйып, қазір оны адам танымастай өзгертті. Мектептің ішін ғана емес алдын да, спорттық алаңдарын да жайнатып, қажетті жабдықтармен жарақтады.

Басқаруға алған кәсіпкер мек­тепті жөндеп қана қоймай, оның ішін заманауи жиһаздар мен құрал-жабдықтарға да тол­тырған. Сонымен қатар қажет­ті компьютерлер мен интер­ак­тивті тақталар да барлық сы­нып бөлмелеріне қойылған. Мектеп директоры Бауыржан Төленовтің айтуына қарағанда, жалтыраған жиһаздар бала­лар­дың эстетикалық құш­тарлығын ғана арттырмай, оқуға деген бел­сенділігін де арт­ты­ру­да екен. Мұндайда мұға­лім­дер білік­тілігін де арттыру алда тұрған мақсаттардың бірі екен­дігі айтылды. Осы мақсат­пен мектеп Петропавлдағы Назар­баев зияткерлік мектебімен ынты­мақтастық орнатыпты. Оның мамандары осы мектепке келіп, мұғалімдердің ІТ-техно­логия, шет тілдері бойын­ша бі­лік­тілігін арттыруға көмектеседі.

Мектептің алдағы жоспар­лары­ның қатарында жақын ауыл­д­ардан келіп оқитын бала­ларға арнап интернат үйін тұр­ғызу тұр. Өйткені қазір ыдырап жат­қан кейбір ауылдардың мек­­тептері күтусіз қалған, он­дағы оқушылардың ата-аналары балаларын Петерфельд мек­тебіне беруге құштар екен. «Біз көрші ауылдардың балаларын қабылдауға дайынбыз. Тек интернат үйін салдырып алсақ болды», дейді директор. Айта кетер­лігі, бұл мектепте оқу­шы­ларға бір мезгілдік ыстық тамақ та тегін беріледі.

Облыс әкімі Құмар Ақса­қалов­тың айтуына қарағанда, мектептерді осылай сенімді бас­қаруға алғысы келетін кәсіп­керлер облыста баршылық екен. Соның бірі «Радуга» ком­­па­ниясы­ның бас директоры Дмитрий Ша­ра­паев. Ол өзі оқыған Бескөл село­сы­ның мек­тебін сенімді бас­қару­ға алуға ниет білдірген. Білім беру сала­сын­да осындай ынтымақ­тастық­­тың болашағы зор болатын сияқты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы