• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 16 Қараша, 2020

Теріскейдегі толайым табыс

153 рет
көрсетілді

Еліміздің терістігі биыл жаман індет тежеу болғанына қарамастан, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда экономиканың даму өсімін сақтап қалды. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 19,9 пайыз, тұрғын-үйлерді пайдалануға беру 12,5 пайыз, құрылыс 10,4, өнеркәсіп 5,5, ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі 3 пайызға артып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің 10 айдың қорытындысын қараған отырысында айтылды.

Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі он айда 700,8 млрд теңгеге жеткен, ал былтыр жыл бойында ол 612 млрд теңге болған еді. Өсім өсімдік өнімдерінің көлемі 3,4 пайызға артқандығының және мал шаруашылығы өнімдерінің 1,8 пайызға артқандығының есебінен болып отыр. Әрине, бұл жерде биылғы бағаның былтырғымен салыстырғанда жоғары екенін де есепке алған жөн. Дегенмен өсім айтарлықтай. Соның ішінде Тимирязев ауданының ауылшаруашылық өнімдерінің өсімі тіпті 19,6 пайызға, Шал ақын ауданының қарқыны 18,8 пайызға артқан.

Мал шаруашылығы өнімдерінің арасында ет және ет өнімдерінің артуы облыс бойынша 4,1 пайыз, ал сүт өнімдерінің артуы 5,4 пайыз болды. Соңғыларының артуына сүт фермаларының пайдалануға берілулері әсер етіп отыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың өзі осындай фер­малардың көбеюін қатаң бақылауға алған.

– Біз ендігі жылы Тайынша ауданында 3 мың бас сиырға арналған сүт фермасын пайдалануға береміз. Бұл біздің облыс қана емес, еліміздегі аса ірі сүт фермасы болмақ, – деді ол отырыста сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар облыс аудандары арасында тек Жамбыл ауданында ғана сүт фермасы әлі күнге салынбағанын атап өтіп, аудан әкіміне осы мәселені қарастыру туралы нақты тапсырма берді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің арасында тек жұмыртқа алу ғана былтырмен салыстырғанда 23 пайызға дейін төмендеп кеткен. Бұл биылғы күзде тұмау келіп, құстың жаппай қырылғандығының кесірінен болып отыр.

Ет өңдеу де биыл былтырдың сәй­кес мерзімімен салыстырғанда 4,1 па­йыз­ға ұлғайды. Бұл «Мясокомбинат» ЖШС, «Леонтьев» ЖШС және тағы бас­қаларының есебінен қол жеткізілген табыс. Ет консервілеу қарқыны да был­тырғымен салыстырғанда 28 пайыз артты. Жалпы алғанда, биыл аймақта 1300 тонна ет өнімдері шығарылған екен.

Майлы дақылдармен де облыс ди­қандары жергілікті тұрғындарды толы­ғымен қамтамасыз ете алады. Олардың да үлесі биыл былтырғыға қарағанда арт­қан. Ауылшаруашылық саласы бойынша қо­рытынды сөзінде Құмар Ақсақалов бар­лық аудан әкімдеріне биылғы ораққа тиянақты сарап жасап, еңбек өнімділігін арттыра алмаған шаруалардың жерін алу мәселесін қа­растыруды ұсынды. Өйткені олар жаңа технологияларды қолданбай, ты­ңайтқыш сеппей, тұқым сапасын арт­тырмай отыр. Жерді тоздырып, тек өнім алуды ғана көксейтін мұндай шаруа­ларға тиісті шаралар қолданылуы керек деді әкім.

Өнеркәсіп өнімдерінің жалпы құны биылғы 10 айда 235,6 млрд теңгені құ­рап, былтырғы жылдың сәйкес мерзімі­мен салыстырғанда 5,5 пайызға артқан. Ал тау-кен өндірісінің өсімі 13 пайыз­ға дейін жеткен. Өнеркәсіп өнімдері­нің өсімі бойынша Есіл мен Жамбыл аудандары алда келеді. Петропавл қаласы­ның өзіндегі негізгі зауыттар тұрақ­ты түрде тапсырыстармен қамтамасыз етілген. Тапсырыс портфелінің екі есе артқандығын айрықша атап өтуге болады. Соның ішінде ЗИКСТО зауыты үшін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясынан 2 мың вагон дайындау туралы тапсырысқа қол жеткізу – үлкен табыс.

– Келіссөздердің қаншалықты қиындықпен жүргізілгендігін айтпай-ақ қояйын, әйтеуір біз үлкен олжаға қол жеткізіп, облыс үшін орасан зор тапсырыс алдық», деді әкім. Бұл тапсырыстың құны 45 млрд теңге. Енді аталмыш кәсіпорын жыл бойы толық күшінде жұмыс істеп, жұмысшыларының әлеуметтік ахуалын, салық төлеуді арттырады. Қазірдің өзінде алғашқы қаржыландырулар түсіп отыр. Алдымыздағы жылдың сәуір айынан бастап осы зауыт жұмысшыларының еңбекақысы 20 пайызға артатындығы көзделген.

Сондай-ақ «Киров зауыты», «Мұ­наймаш», «Поиск» кәсіпорындары да өздерінің өнімдерін былтырмен са­лыстырғанда әжептәуір арттырған. «Со­ның ішінде «Киров зауыты» кә­сіп­орны жоғары технологиялы ІТ өнім­дер шығарады дегенде жұрттың бәрі скептикалық көзқараста болған еді. Ал бүгінгі таңда осы зауыт 5 мың дана компьютер, 19,5 мың дана ноутбук, 8 мың дана планшет шығарып, 3,8 млрд тең­генің өнімдерін өндіруге қол жет­кізді. Оның өнімдеріне деген тапсырыстар көршілес Ақмола, Қостанай, Түркістан облыстарынан да түсіп отыр», деді Құмар Іргебайұлы.

Құрылыстың өсімі 10,4 пайызға дейін артып, биылғы он айда 79,9 млрд теңгені құрап отыр. Бұл сала бойынша Петропавл қаласынан басқа Уәлиханов, Тимирязев, Шал ақын аудандары алда келеді. Тұрғын-үйлерді пайдалануға беру бойынша биылғы 10 айда 29,8 пайыз өсім болған. Әзірге 112,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жылдың аяғына дейін бұл сан арта түседі. Сондай-ақ кірпіш, пропилен және басқа да құрылыс материалдарын шығару да облыс бойынша артып отыр.

Осылайша Солтүстік Қазақстан облысы жаман індетті елемей, экономикада жоғары табыстарға жетіп отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы