Қостанай облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» деп аталатын республикалық акция өтті.
Шара барысында учаскелік полиция қызметкерлері мен психолог мамандар отбасы-ошақ қасында үй ішінің берекесін алып, әйелі мен бала-шағасына әлімжеттік көрсетуді дағдыға айналдырған азаматтардың үйлерін аралады. Әр отбасының тұрмыс жағдайымен танысып, үйде неше жан барын, балалардың тұрмысын, олардың ата-аналарының жұмыс жағдайын сұрастырып білген мамандар үй ішіндегі татулықты сақтаудың маңызын, отбасылық жанжалдың соңы абырой әкелмейтінін түсіндіріп, уақытша жұмыссыз немесе жас баламен отырған әйелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша кеңес беретін сенім телефондарын қалдырды. Өз отбасында әлімжеттік көрген жандарға дағдарыс орталығы мен «Прогресс катализаторы» қоғамдық қорының білікті психологтері көмек көрсететін болады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сенсек, биыл аймақта жыл басынан бері өз отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 3337 әйел тіркеліпті. Құқық қорғаушылар мұның өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 29%-ға төмен екенін айтып отыр.
«Биыл отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 6293 қорғау ұйғарымы шығарылды. Құқық бұзушыларға қатысты тоғыз жүзден астам ерекше талаптар белгіленді. Бұл қылмыстардың көбі негізінен үй ішіндегі қолайсыз жағдайға байланысты, сондай-ақ отбасындағы тұрмыстық жағдайдың төмендігіне, отбасы мүшелерінің арасындағы өзара сыйластықтың, түсіністіктің жоғалуына немесе үйде ерлі-зайыптылардың қосылып алып алкогольді сусын ішуінің салдарынан туындап отыр», дейді полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Кенже Қонысбай.
Отбасындағы әлімжеттіктің алдын алу мақсатындағы шара барысында полиция қызметкерлері дағдарыс орталығының психологтерімен бірлесіп, есепте тұрған отбасы мүшелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Мамандар пандемияға байланысты аймақта қабылданып жатқан карантиндік шектеу шараларының отбасылық қарым-қатынасқа теріс ықпал етіп отырғанын айтады. Мәселен, биыл жыл басынан бері дағдарыс орталығына 696 әйел өтінім түсіріп, психологиялық көмекке жүгінген. Орталық мамандары 117 әйелге психологиялық көмек көрсетіп, өз отбасынан қағажу көрген 867 әйелге телефон арқылы кеңес берген. Орталық 4 әйелге психологиялық, моральдық қолдау көрсетумен қатар, өз қамқорлығына алып, уақытша баспанамен қамтамасыз етіп отыр.
Облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері және «Прогресс катализаторы» қоры соңғы аптаның өзінде отбасында жәбір көрген 9 әйел мен 10 балаға көмек көрсетті.
Қостанай облысы