Жетісудың шұрайлы топырағына шаншыған шыбықтан шынар өсіп шығатыны жайында бұған дейін қаншама рет айтылған шығар. Біз де осыны қайталаудан танбаймыз. Өйткені, жасыл желегі жайқалған аумақтың көз жауын алатыны ақиқат. Әрі сулы да нулы өлкенің бағы мен бары да осы табиғи келбетінде болса керек.
Қазір бұл тұмса сұлулыққа қолмен егілген бақтар сән бере бастады. Яғни Жетісу өңірі қарқынды бақ өсіру мен жеміс ағаштарының санын көбейту жөнінен де көшбасшы болып отыр. Бұл істе облыс аудандары жедел бастама көтеріп, озық үлгі көрсетіп отыр деуге болады. Мәселен, жер төсіне шыбық шаншып гүлдендіріп қана қоймай, агроөнеркәсіп кешенінің өркендеуіне үлес қосып отырған ауданның бірі – Ұйғыр ауданы.
Ауданда биыл 22 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары себілген екен. Жалпы егілген бақ көлемі 4200 гектарға жеткен. Мұның 464 гектарына осы көктемде көшет отырғызылған. Бақ өсірумен айналысатын шаруашылықтың басым бөлігі ылғал сақтау технологиясына белсенді түрде көшіп жатыр. Қазір аудан бойынша 72 гектар бақ аумағында тамшылатып суару желісі жүргізілген. Бұл іс алма мен дәнді жемістер өсірумен шұғылданып отырған «Alma Prodex» серіктестігінің алқаптарында өз нәтижесін беруде. Шаруашылықта 25 гектар алма бағы бар. Онда алманың «Голден Делишес», «Фудзи», «Бребурен», «Флорина», «Гала», «Грени Смитт», «Ред Чиф» сияқты жоғары өнім беретін танымал сорттары өсірілуде. Серіктестік басшылығы биыл жеміс ағаштарының түрін көбейтуді қолға алған екен. Көктемде 24 гектар жерге сары өрік көшеті отырғызылған.
– Бұл сұрыптар сұранысқа ие. Әрі дәруменге бай, тасымалдауға және сақтауға шыдамды. Алма бақтары тамшылату жүйесі арқылы суарылады. Ағаштарды зақымданудан және ауа райының түрлі факторларынан қорғау үшін көшетті бекіте түсуге арналған арнайы торлы жүйе орнатылған. Ол көшетті күн сәулесінің қатты түсіп күйдіріп жіберуінен қорғайды. Жылына 350 тоннаға дейін өнім аламыз. Өнімнің көп бөлігі отандық нарыққа шығарылады. Мұнда тұрақты жұмыспен 11 адам қамтылған, ал маусым кезінде тағы 30 адам жұмысқа тартылады, – дейді «Alma Prodex» ЖШС директоры Қалиахат Үксүмбаев.
Жалпы былтырғы дерек бойынша Алматы облысында бақтардың жалпы көлемі 23,5 мың гектарды құрады. Оның ішінде 2 мың гектарға жуық аумаққа интенсивті алма бағы егілген. Яғни алма бағының өзі 14,1 мың гектарды алып жатыр. Биыл осы бақтардан 139 мың тонна жеміс-жидек, соның ішінде 92 мың тоннадан астам алма жинау жоспарланған.
Айтпақшы, аймақта жылыжайлар саны көбейіп, көкөніс өсіру бағытында озық технологияларды қолдану да артып келеді. Оның бір дәлелін осы Ұйғыр ауданынан байқадық. Мәселен, «Экопродуктплюс» серіктестігінің жылыжайы Түрік елінің технологиясын пайдаланып, автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді екен. Осындай озық тәжірибенің арқасында шаруашылық жылына 500 тоннаға дейін өнім жинауға қол жеткізіп отыр. Жылыжайда климатты бақылау жүйесі орнатылған. Озық технология жыл бойы бірқалыпты температураны сақтауға мүмкіндік береді. 2019 жылы ашылған кешеннің аумағы 1,5 гектар алқапты алып жатыр. Шаруашылық негізгінен қияр, қызанақ, жуа өсіруге ден қойып отыр. Өнімдердің басым бөлігі ел аумағына шығарылып, көршілес мемлекеттерге экспортталуда. Мұнда қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы Алматы облысында 101,1 гектар аумаққа орын тепкен 101 жылыжай кешені бар екен. Олар биылғы 9 айда 24,5 мың тонна өнім жинаған.
– Қазір көкөніспен өңірдің өзін-өзі қамтуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көкөніс бағасын тұрақтандыруға ықпал ететін тиімді шараның бірі – жылыжай шаруашылығын дамыту. Бұл жағынан Ұйғыр ауданы жерінің құнарлылығы, табиғатының қолайлылығы жылыжай шаруашылығы үшін аса тиімді. Оған қоса автоматтандырылған жүйені енгізу, тамшылатып суару және тыңайтқыштарды қосу әдісі мен жылу жүйесін орнату сияқты озық технологияларға көшу шаруашылықтарға өнімнің сапасын жақсартумен табысты еселей түсуге жақсы мүмкіндік беріп отыр. Жер астынан шығатын ыстық су мен күн сәулесінің қызуы да кәдеге асуда. Табиғат сыйы біраз шығынды азайтуға септігін тигізіп отыр, – дейді тақырыпқа орай ойын айтқан облыс әкімі Амандық Баталов.
Алматы облысы