Алматы қаласында қала әкімдігінің қолдауымен Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен фотокөрме өтуде. Фотокөрмеге қала тұрғындарының жұмыстары қойылған, - деп хабарлайды Egemen.kz
Шараның басты мақсаты - коронавирустың болуы ықтимал жаңа толқыны қарсаңында санитарлық талаптарды, әсіресе маска тағу режимін ұстанудың маңыздылығын, пандемиямен күресте алдыңғы шептен табылатын жандардың (медицина қызметкерлері, эпидемиологтар, полиция, еріктілер және т.б.) жұмысының құндылығын тұрғындардың есіне салу.
Осы мақсатта көрмеге жұмысын ұсынған «Қазақ газеттері» порталының редакторы Досжан Балабекұлы өз пікірімен бөлісті:
«Биыл коронавирус пандемиясы әлем халқына тосыннан үлкен соққы жасады. Жер ғаламшарында өмір сүріп жатқан барлық адамзат үшін бұл үлкен қиындыққа, қасіретке әкеліп соқтырған алапат соғыспен тең болды. Қаншама адам өмірімен қоштасып, қаншама шаңырақты астан-кестең етті. Вирустың адам таңдамайтынын, одан құтылудың ең бірінші жолы - қатаң карантиндік ережелерді сақтау екенін ұғындық», - деп атап өтті Досжан Балабекұлы. Ол қала тұрғындары күнделікті өмірінде бетперде режимін тиісінше сақтаса, оның вирусқа тосқауыл болатынын айтты.
Сонымен қатар, пандемияға байланысты азаматтардың қауіпсіздік шараларын ұстануға байланысты жауапкершілікті арттыру керектігін атап өтті.
«Қазір Алматыда бетперде тағып жүргендерді кез-келген жерден кездестіреміз. Бұл – жауапкершіліктің басты белгісі. Тақпайтындар да, салғырт қарайтындар да бар. Қоғам болғаннан кейін, барлығы да орын алады. Біз бетперде тағып жүрген қалалықтардың бейнесі көпке үлгі болсын деп бірқатар суреттер түсірдік. Өзім түсірген фотосуреттерде карантин жағдайында өмір сүріп жатқан ортаның бүгінгі келбеті көрініс тапқан. Мақсат - ой салу. Біз әрқайсысымыз осылай бір ғана бетперде режимін сақтай отырып, коронавирус пандемиясын бірге жеңеміз деп ойлаймын. Ал байқау бойынша ұсынған суреттерім Алматының бірқатар жеріне ілініпті, барып тамашалауға болады», - деді Д. Балабекұлы.
Естеріңізге сала кетейік, фотокөрме 13-19 қараша аралығында өтуде. Алматылықтар жіберген фотосуреттер мен графикалық кескіндер ірі сауда және сауда ойын-сауық орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында орналастырылған. Сондай-ақ, қаланың жарықдиодты экрандарынан да көруге болады.