Облыстық конференциялар барысында Мәжіліске Nur Otan-ның партиялық тізіміне тағы 5 өңірден үміткерлер анықталды. Сондай-ақ тиісті облыстық сайлауалды бағдарламалары бекітіліп, партияның XX Съезіне қатысу үшін делегаттар сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz
Партия Орталық аппаратының баспасөз қызметі хабарлағандай, пікірсайыс қорытындысы бойынша облыстың өкілдік квотасына сәйкес, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарынан партиялық тізімге 24 адам енгізілді.
Мәселен, Түркістан облысында 7 орындық квотаға 23 адам үміткер болды. Нәтижесінде, кәсіпкер Қайнар Абасов ең көп – 127 дауыс жинады. Ол 120 дауысқа ие болған Мәжілістің қызметтегі депутаты Құдайберген Ержанды басып озды. Сонымен бірге, дауыс беру қорытындысы бойынша тізімге бизнес өкілі Сырым Ертаев, мәдениет саласының өкілі Мөлдір Бақытжанова, мемлекеттік қызметші Гүлжан Құрманбекова, жеке сектор өкілі Хайрулла Қожабаев және медицина қызметкері Ұлжанат Жұрымбетова енді.
Шығыс Қазақстан облысында пікірсайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды кәсіпкер Лұқбек Тұмашинов иеленді. Л.Тұмашиновтан 4 дауыс аз жинаған денсаулық сақтау саласының өкілі Зарина Қамасова екінші орында. Ал үшінші орында – партияның Курчатов қалалық филиалының төрағасы Алексей Глазинский. Бұдан басқа тізімге Риддер қалалық мәслихатының хатшысы Игорь Панченко, жеке сектор өкілі Марина Быкова және білім беру саласы өкілі Азат Сарпеков енді.
Ақтөбе облысында өткен пікірсайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Грек-рим, еркін және әйелдер күресі аймақтық федерациясының басшысы Рахат Сыдықов иеленді. Одан кейінгі орынға 96 дауыспен мемлекеттік қызметші Аманғали Бердалин жайғасты. Сондай-ақ тізімге денсаулық сақтау саласының өкілі Ғалымжан Елеуов пен жасотандық Асылжан Бүркіталин кірді.
Қостанай облысында пікірсайыс қорытындысы бойынша тізімге енгендер: кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Екатерина Смышляева, жеке сектор өкілдері Самат Ақышев пен Қырмызы Жаңбыршина және Адиля Агайсина.
Батыс Қазақстан облысында 15 үміткер бақ сынады. Нәтижесінде, партияластарының ең көп қолдауына ие болған облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері Жаңабек Жақсығалиев пен Сабира Сүндетова үздік үштікке кірді.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілістің партиялық тізіміне елорда, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Қызылорда және Қарағанды облыстарынан кандидаттар сайланған болатын. Қорытынды тізім 25 қарашада партияның XX Съезінде бекітіледі.
Бұған дейін барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа 6253 адамнан тұратын партиялық тізімдер жасалғаны айтылған болатын.
Әйелдердің үлес саны 22-ден 34%-ға дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24%-ке дейін артты. Қазіргі қызмет етіп отырған мәслихаттардың құрамымен салыстырғанда орташа жасы 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды.
Партиялық тізімдердің 24%-ын қызметтегі депутаттар құрайды, ал 76%-ы – жаңа тұлғалар. Сонымен қатар партия қатарына 42 мыңнан астам жаңа мүше қосылды. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір үшіншісі Nur Otan-ның партиялық тізіміне енді.
Электронды дауыс берудің нәтижелерін және кандидаттар тізімін primaries.kz. сайтынан қарауға болады.