• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Қараша, 2020

Өндіріс өрлеуден танған жоқ

271 рет
көрсетілді

Қазір ламинацияланған фанердің қолданылмайтын жері жоқ. Әсіресе құрылыс жұмыстарында, жиһаз жасағанда заманауи кәсіпорындар осынау материалсыз өзінің өнімін шығара алмайды.

Оның ең басты қасиеті – дым­қыл­ды жерден қорық­пай­тын­дығы. Қан­дай дымқылда тұрса да ламинацияланған фанерден жасалған заттар мен бұ­йым­дар бүлінбейді. Сонымен қатар оның сәнділігі де жоғары талап­қа сай. Ламинацияланған фанердің тағы бір қа­сиеті – беріктігі. Қатты тығыз­дал­ғандықтан, ол ауыр салмаққа да, температуралық режімге де шыдайды. 

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің соңғы отырысын­да «Радуга» ЖШС енді 20 күн­нен кейін осынау сапалы өнім – ламинацияланған фанера шы­ғара бастайтын зауытын іске қоса­ты­ны белгілі болды. Сондай-ақ осы кә­сіп­орын базасында электр­тех­ни­ка­лық өнімдер, кірпіш, полипропилен ыдыс­тар жасайтын өндірістер де ашыл­мақ.

Қазақстан рыногында 1994 жылдан бері келе жатқан осы кәсіпорын еліміздің солтүстігінде ғана емес Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Қостанай, Көк­ше­тау сынды еліміздің 12 қала­сын­да және Ресей қалаларында өзінің филиалын ашқан. Алдымен еден сырлайтын түрлі сырлар мен бояулар шығаруға маманданған кәсіпорын қазір құлашын кеңге жайған. Бүгінде компанияның қарамағында 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы 2020 жылдың аяғына дейін 287 млрд теңгедей инвестицияны өндіріске құймақ. Соның ішінде жоғарыда аталған ламинацияланған фанер шығаратын зауыт та бар. Сонымен қатар жылыжай кешенін, май экстракциялайтын зауыттарды да іске қоспақшы. Қазірдің өзінде тартылған инвестиция кө­ле­мі 202 млрд теңгеден асқан. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзі­мін­де тартылған инвестициядан 33,5 млрд теңгеге артық. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов биылғы инвестиция көлемі былтырғыдан 20 пайызға артық болатынын атап өтті. 

– Өндіріске салынған әрбір 4 теңгенің 3-еуі жекеменшік инвес­ти­циялар. Бүгінгі таңда барша әлем жаман індеттің кесірінен тү­сі­ніксіз жағдайға қалып, ертеңгі күн­нен қауіп күтіп, өздерінің іс­кер­лік белсенділігін төмендетіп отыр­ғанда бізде қарқын артқаны қуан­тады. Бір кезде біз де бастаған жобаларымызды аяқтай алмай қалармыз деп қауіптенген едік, бірақ кез келген тығырықтан шығудың жолдары болады екен. Ол үшін тіпті артық тәуекелдерге де барудың қажеті жоқ. Тек қолға алған ісіңнің халыққа, елге пайдалы болатынына деген сенім керек екен, – деді ол.

Өндіріске инвестиция тарту бойынша қазір Солтүстік Қазақстан республикалық орташа көрсеткіштен жоғары қатарда келеді. Өсім облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда да бар. Қолға алынған жобалардың тоқтап қалғаны жоқ, бәрі алға жылжуда. Сондықтан жаман індет өндірісті аяқтан шала алмады деп айтуға толық негіз бар.

 

Солтүстік Қазақстан облысы