• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қараша, 2020

Үкіметтік емес ұйымдар алғысқа бөленді

385 рет
көрсетілді

Бүгінгі қоғамдағы түйткілді мәселелердің шешу жолдары қандай? Бұл тақырып жуықта өткен «Азаматтық қоғам және мемлекет: Серіктестік пен дамудың 30 жылы. «Birgemiz» атты облыстық форумда талқыланды.

Пандемияға байланысты онлайн форматта өткен азаматтық форумға кез келген ниеттілер қосылып, өз пікір­лерін ашық айта алды. Әлеуметтік желі­лерде үкіметтік емес ұйымдардың бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру, «ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рым­дамасын дамыту, қоғам­дық ба­қылау жүргізу үшін азаматтар­дың дұрыс шешім қабылдау сынды мәсе­ле­лер бойынша диалог алаңдары ұйымдастырылды.

Сондай-ақ өңірлердегі жекелеген мәселелер төңірегінде қалалар мен аудандарда да онлайн кездесулер өтті. Пандемияға қарамастан, осы уақытқа дейін азаматтық сектордың жұмысы тоқтаған жоқ. Бірақ заманауи форматта жүргізілді.

– Біз осы қысқа уақыт ішінде өзгеше жұмыс істеуді үйрендік. Бір қызығы, жұмыстың дәл осы түрі тиімдірек болып шықты. Белгіленген уақытта азаматтарды тез жинаудың, форумға қатысуға ниет білдірушілердің барлы­ғын қамтудың тиімді жолы осы – онлайн формат екен түсіндік. Басқа­сын айтпағанда, облыс орталығынан алыс аудандарда тұратындар ат арытып Өскеменге сабылмайды. Жол шығындары да қысқарды, – дейді «ШҚО Азаматтық Альянсының» төрағасы Олег Чернышов.

Ал «Тринта» қоғамдық қоры­ның жетекшісі Юлия Натарованың айтуын­ша, біздің облыста үшінші сектор ұсынылған диалог алаңдарында белсенді жұмыс істейді. Бұл сектор маңызды мәселелерден хабардар болуға және сол тақырып төңірегінде халықпен тілдесуге мүмкіндік береді.

Биыл облыста жастар саясаты, гендерлік білім беру, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында 81 жоба іске асырылды. Алайда қазіргі уақытта бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері мемлекеттік тапсырыссыз жұмыс істеу керектігін алға тартады. Яғни қосымша инвестиция тартып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту керек деп есептейді.

– Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін миллиондаған қара­жат қажет емес. Біз көпбалалы от­ба­сылармен екі жыл жұмыс істеп келеміз. Бәрі ойдағыдай. Облыстың, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әлеу­мет­тік қорғау органдарымен өз­ара тығыз жұмыс істесеміз, – дейді көпбалалы ана, әрі «Ақжүніс» ерік­ті аналар қоғамдық бірлестігі филиалы­ның облыстағы жетекшісі Жұлдыз Ақтан­жанова.

Ал Өскемен қаласының қоғамдық кеңесі жұмыс тобының төрайымы Елена Абилова-Березинская кейбір үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы мемлекеттік тапсырысты орындаумен ғана шектелетінін айтады.

Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатқаны тиімді болғанымен, оны алу принципі бас­қаша болуы тиіс. Үкіметтік емес ұйым мүшелері өз қызметтерін бюд­жеттен қаржыландыруға ынталы емес, бірақ атқарушы билік үкіметтік емес ұйым­дардың қызметін көріп, оны қолдауға өздері шешім қабылдайтын көрінеді.

Форум барысында көтерілген мәсе­лелерді мұқият тыңдап отырған облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат өңірдің атқарушы органдары мен азаматтық қоғам алдында нақты міндеттер жүктеді.

– Жастардың ұйымдары мен олардың бастамаларына әрқашан қолдау көрсетуіміз керек. Жұмыссыз­дарды жұмыспен қамту мәселелеріне де ден қоюға тиіспіз. Жалпы жастардың қоғамда бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды, – деп атап өтті Әлішер Мархабат.

Онлайн форматта өткен жиынның соңында азаматтық қоғам институттарын дамытуға үлес қосқандар алғыс хаттарымен марапатталатыны белгілі болды. Олар әлбетте, жыл бойы марапатқа лайық жұмыс атқарды.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының ҮЕҰ мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс істеуде республика көлемінде үздіктердің бірі болып танылған. Этномәдени орта­лық­тар, діни ұйымдар сынды әлеу­мет­тік маңызы бар институттар да азаматтық қоғамның дамуына айтар­лықтай үлес қосып келеді. Әсіресе пандемия кезінде қоғамдық және жастар ұйымдары мұқтаж жандарға көмек қолдарын созды. Волонтерлердің бастарын қосып, көптеген қайырымдылық шараларын өткізді.

Бүгінгі таңда аймақта 1500-ден астам коммерциялық емес ұйымдар мен қоғамдық қорлар тіркелген. Алай­да олардың 200-ден астамы ғана бел­сен­ді. Облыс бойынша 81 жоба, яғни жас­тар саясаты, гендерлік білім беру, жер­­гілікті өзін өзі басқаруды дамыту, аза­мат­тардың құқықтары мен мүд­делерін қорғау, қоғамдық келісімді нығайту саласында жүзеге асырылып жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы