• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қараша, 2020

Қылмыс деңгейі төмендеді

484 рет
көрсетілді

Алматы қаласында қылмыс деңгейі едәуір төмендеген. Шаһар­дың бас полицейі солай дейді. Қанат Таймерденов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте бұзақылық, ұрлық, қарақшылық сияқты қылмыстардың айтарлықтай бәсеңдегенін мәлімдеді.

Күн санап аумағы артқан қа­ла­дағы қауіпсіздік мәселесін қалт жібермей қадағалау үшін мыңға тарта тәртіп сақшысы қыз­мет етеді. Таймерденовтің сө­зіне сенсек, қазір мегаполистегі жағ­дай тұрақты. Соңғы он айдың қорытындысы бойынша барлық бағыттағы қылмыстар 47,5%-ға азайған.

– Атап айтқанда, қарақшылық шабуыл – 2,0 есеге, зорлау – 2,1 есеге, тонау – 2,2 есеге, бөтен­нің мүлкін ұрлау – 2,4 есеге, пә­тер ұрлығы – 3,0 есеге, көлік ұрлығы 2,6 есеге, көлік ішінен ұрлау фактісі – 37,5 есеге, көлік қапталындағы айналардың ұрла­нуы – 2,5 есеге, бұзақылық – 2,1 есе­ге, алаяқтық 22,5 есеге тө­мендеді. Сондай-ақ қоғамдық орын­дарда орын алатын құ­­қық­бұзушылық 2,9 есеге, көше­лер­де – 3,5 есеге, кәмелеттік жас­­­қа толмағандар жасаған құ­­­қықбұзушылық – 35,3%-ға, ұйым­дасқан топ – 18,9%, от­ба­сылық тұрмыстық салада­ғы қыл­мыс 32,4%-ға азайды, – дейді Қанат Таймерденов.

Полиция департаменті бас­шысының сөзінше, қылмыстық құқық­бұзушылық бойынша жал­пы қыл­мыстардың ашылу көрсет­кіші де көңіл көншітерлік. Нәтиже бұрынғыға қарағанда 11,6%-ға жақсарған. Әсіресе қарулы қа­рақшылық шабуыл, ұрлық, пәтер тонау, алаяқтық секілді аз­ғындықпен айналысқандардың жолы кесілген.

Бірер апта бұрын қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бо­­­йынша учаскелік инспектор­лар­дың жұмысын жандандыру мәселесі бойынша кеңес өткізген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, түр­лі қылмыстардың алдын алу бойынша профилактикалық жұ­мыс­тарды күшейтуді тапсырған еді.

Кеңес барысында учаскелік инспекторлардың жұмыс нәти­желері тыңдалды. Бүгінгі таңда Алматыда 491 учаскелік инспектор мен олардың 102 көмекші­сі қызмет етеді. Сондай-ақ 102 учас­келік пункт жұмыс істейді. Өт­кен жылы қауіпті аймақтарға орнатылған 37 модульдік полиция бекетіне биыл тұрғындар тарапынан 40 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Жыл басынан бе­рі учаскелік инспекторлар 5 мың­нан астам қылмыстық істі әш­керелеп, алматылықтардың 370 мыңнан астам арыз-шағымын қанағаттандырған. Нәтижесінде, 61,6 мың азамат әкімшілік жауап­кершілікке тартылыпты.

Бүгінде учаскелік полиция қызметінің материалдық-тех­никалық базасын нығайту, полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мәселелеріне айрықша маңыз беріліп отыр. Шаһарда бұл бағытта кешенді бағдарлама қа­былдау жайы да назарға алынған.

 

АЛМАТЫ