• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Оқиға 18 Қараша, 2020

Үздік бекетке – қызметтік көлік

376 рет
көрсетілді

Қоғам тыныштығының сақшысы – полиция қызметкерлері. Олар күндіз де, түнде де уақытпен санасуды біл­мейді. Жылдың төрт мезгілінде де тұр­ғындардың қауіпсіздігін қорғау үшін қатерге басын тігеді. Облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің мәліметінше, модульдік типтегі стационарлық бекет­тер қаланың адамдар көп шоғыр­ланатын бөлігінде ашылды.

Қазір полицейлер осындай алты бекетте тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жыл басынан бері модульді стационарлық бекеттердің кезекші қызметкерлеріне түрлі мәселе бо­йынша 500-ден астам азамат жүгініпті. Мұн­дай бекеттер қоғамдық орындарда бола­тын құқықбұзушылықтар санының екі есеге төмендеуіне, жалпы қылмыстық әре­кет­тер­дің ашылуына оң әсерін тигізіпті.

– Облыс әкімдігінің қолдауымен биыл жоспарланған 34 учаскелік полиция пункт­терінің 28-і іске қосылды. Құқықбұзу­шы­лықпен күреске жедел ден қою, тұрғындар қауіпсіздігін қорғайтын учаскелік инспектор қызметінің қолжетімділігін арттыру үшін салынған учаскелік полиция бекеттерінің 22-сі тұрғын үймен біріктірілді. Қазір облыс аумағында 92 учаскелік полиция бекеті қызмет атқарады. Атырау қаласындағы 27 учаскелік полиция бекетінде 90-нан астам учаскелік полиция инспекторы мен 30-дан аса олардың көмекшісі қызмет атқара­ды. Бұған қосымша тағы да учаскелік полиция бекеттерін ашу қарастырылуда, – дейді Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, өңірде 232 учаскелік полиция инспекторы жұмыс істейді. Инс­пек­­торлардың жұмысының тиімділігін арт­­тыруға септесетін 71 көмекшісі бар. Олар­­дың бәрі портативті бейнетіркегіш, радио­станса, планшет секілді заманауи тех­никалармен қамтамасыз етіліп отыр. Жа­қында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баевтың тапсырмасымен учаскелік полиция инспекторларына автокөліктер бөлінді. Сондай қызметтік көліктің бірі Аты­рау қала­сындағы №14 учаскелік полиция бекетіне берілді. Өңірдегі үздік учаскелік полиция бекетіне «Нива» көлігін облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция пол­ковнигі Қамза Үмбетқалиев табыс етті.

– Мемлекет басшысының Жолдауын­дағы тапсырмаларды іске асыру мақсатында учаскелік полиция қызметкерлерінің мәрте­бесін көтеру, олардың өкілеттігін кеңей­тіп, материалдық-техникалық жағдайын жақ­сарту қолға алынды. Қазір халықпен ұдайы байланыста болатын учаскелік инс­пек­торлар жұмысының тиімділігін арт­тыруда материалдық-техникалық базаны нығайту жүргізілуде. Мемлекет тара­пынан азаматтардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етіп, жедел әрекет ету үшін поли­ция қызметкерлеріне барынша қолдау көр­сетілуде, – дейді департамент бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Атырау қаласындағы №14 учаскелік полиция бекетінің инспекторлары 48 мыңға жуық тұрғыны бар «Нұрсая», «Болашақ», «Жеті қазына», «Тұлпар», «Жерұйық» бір­неше шағын аудандағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Мұнда жаңадан салынған көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, спорт­тық кешен, кәсіптік білім беретін жо­ғары кол­ледж, Назарбаев зияткерлік мек­тебі, үш орта мектеп, аурухана, бірнеше көңіл кө­теру орны секілді нысандар бар. Бұл учаскелік полиция бекеті де планшеттермен, бейне­тіркегіш, байланыс құралдарымен қатар, әкімшілік аумақтағы аулалар мен басқа да қоғамдық орындар бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

– Мен 2014 жылдан бері учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс істеймін. Ғимаратымыз 2018 жылы пайдалануға бе­­рілді. Енді міне, жаңа көлікке ие бол­дық. Бұл біздің шақыртуларға жедел же­тіп, қо­ғамдық тәртіпті бұзушыларды «құ­рық­тау­ға» ықпал етеді, – дейді аға учас­ке­лік поли­ция инспекторы, полиция капитаны Рүстем Жұмабаев.

 

Атырау облысы