Бүгін Арал ауданында аудандық ауруханаға жаңа реанимобильдерді табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жедел медициналық көмек көрсетуге арналған заманауи құрылғымен жабдықталған реанимобильдер жергілікті ірі өндіріс орны саналатын "Аралтұз" АҚ-ның сыйы. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев реанимациялық көліктердің тұрғындар саулығын сақтауда көп көмегі тиетінін айтып өтті.
"Денсаулық сақтау саласы ауданымыз үшін қашанда маңызды салалардың бірі болып табылады. Сондықтан да демеушілеріміз медициналық мекемелер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін қолдауға баса назар аударып келе жатқаны қуантады. Алдағы уақытта білікті дәрігерлер басы ауырып, балтыры сыздаған аудан тұрғындарына жаңа көліктер арқылы қажетті әрі сапалы медициналық көмек көрсететін болады деп сенеміз", деген аудан басшысы дәрігерлер еңбегіне сәттілік тіледі.
Айта кету керек, "Аралтұз" АҚ-ның негізгі өндірістік нысандары Арал ауданында орналасқан. Биыл қайырымдылық көмек аясында акционерлік қоғам өз қаражатынан 50 миллион теңге бөлген.
Бұған дейін осы акция аясында аталмыш компания аудандағы жұқпалы және провизорлық ауруханаларды індетпен күресуге арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен.
Қызылорда облысы