ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар министрі Александр Козловты қызметімен құттықтап, Жайық өзені проблемасын талқылауға шақырды. Бұл туралы Экология министрінің халықпен онлайн-кездесуі кезінде белгілі болды.
Қабылдау барысында Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Алексей Свечников Жайық өзенінің тартылуы туралы сұрақ қойған еді.
“Өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облысында экологиялық және су ресурстары проблемалары қазір өте өзекті. Онымен біз тұрақты түрде айналысып келеміз. Жайық өзенінің проблемасы бойынша кеше Ресеейдің Табиғи ресурстар министрі Александр Козловпен сөйлестім. Екеуміз осы мәселені талқылау үшін кездесуге келістік”, - деп жауап берді Мағзұм Мырзағалиев.
Министр өңір тұрғынына белсенді азаматтық позициясы үшін алғыс білдіріп, мемлекет қоршаған ортаны қорғау бойынша мәселелерді жедел шешіп отыру үшін облыстағы экология департаментімен тығыз байланыста болуға шақырды.
Сонымен бірге кездесу кезінде Қарағанды қаласының тұрғыны Вадим Ашеулев қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша атқарып жатқан ағарту жұмыстары туралы баяндап, экологиялық мәдениетке үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
Балық шаруашылығындағы, Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитетінің жұмысына қатысты проблемалар бойынша да бірқатар сауалдар қойылды.
Барлық ұсыныс-шағымдар министрдің жеке бақылауында болады.