• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Қараша, 2020

Алматы әкімі кәсіпкерлерге алда күрделі кезең тұрғанын ескертті

158 рет
көрсетілді

Бүгін мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде кәсіпкерлерді ынтымақтастық танытуға және карантиндік шектеулерді қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, 32 монторингтік топтың белгіленген шектеулердің сақталуын қадағалайтындарын еске салды. 8 қазаннан 17 қараша аралығында 444 рейд жүргізілді, оның барысында 3,6 мыңға жуық нысан тексерілді.

Тексеру барысында 828 нысанда (22,5%) бұзушылықтар анықталды, 90 заңды тұлғаға 28,7 млн теңге көлемінде 453 әкімшілік айыппұл салынды. Маска режимін бұзған жеке тұлғаларға 15,5 миллион теңге айыппұл салынып, 374 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылды.

«Алда күрделі кезең күтіп тұр, ауру өрши түсетін болады. Вакцина пайда болғанша біз санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға тиіспіз», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Мегаполис әкімі ойын сауық және қоғамдық тамақтандыру салаларында жұмыс істейтін ШОБ өкілдерін осынау күрделі кезеңде ынтымақтастық танытуға қадам жасауға шақырды. «Егер біз бірімізге-біріміз көмектеспесек, шектен шыққан заң бұзушылықтар жалғасады, яғни коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артатын болады. Сондықтан алматылық ынтымақтастықты танытып, карантинге қатысты белгіленген жұмыс кестесін сақтау қажет», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.