Америкалық әйгілі иллюзионист, актер Гарри Гудиниді білмейтін адам кемде-кем. Сиқыршылықтың сырын жетік білетін оның өнеріне бүкіл әлем әлі күнге дейін таңдай қағады. Тарихқа терең үңілсек, 1903 жылы жазда Мәскеуде Эрмитаж жазғы бағының ашық сахнасында Гудини тұтқындардың арбасына әдейі қамалып, одан көпшілік алдында адам сенбес әрекеттермен ешкім аша алмайтын құлыпқа кілт тауып, босап шығыпты.
Ол ол ма, 1908 жылы Ресейге гастрольмен тағы бір келген сапарында Бутырка түрмесінен «өлім жазасына кесіліп тұрса да» аман-сау қашып шыққанын көрсетіпті. Шіркін-ай дейміз ғой, сол қабырғасы қан сасыған тозақ түрмеде біздің қаншама марғасқа тұлғаларымыз жазықсыз оққа ұшқан жоқ па? Тым құрығанда бір Алаш ардақтысы Гудини құсап құтылып кетсе, ел игілігіне есепсіз қызмет етпес пе еді?
Жә, айтпағымыз ақтаңдақ тарих та емес, Гудинидің сиқыршылығы да емес, әңгіме Арқадағы Боқты тауларын бауырлай қонған Абыз деген ауылдан шыққан Асқар Абылайұлы атты қолы шебер, өмірі қызық адам жайлы болғалы отыр. Жалпы, қазақтың қай қиырына барсаңыз да қолы ісмер, жасаған бұйымдары жалпақ жұрттың кәдесіне молынан жарап өткен жандар аз кездеспейді. Дегенмен бұл кейіпкеріміздің қолөнер туындылары сонау Кеңес өкіметі тұсында Мирзоян мырзаңыздың өзін таң-тамаша еткені бізді бейжай қалдырмады.
Алдымен Асқар Абылайұлы туралы айтарда сол өлкеде өрті тұтанып, халықтың наразылығынан туған атақты Боқты көтерілісін айналып өтуге болмайтын сияқты. Өмірі осынау тарихи кезеңге тұспа-тұс келген біздің кейіпкерді көзі көрген ақсақалдар сол көтеріліске қару-жарақ дайындаған ұста деп көп айтып кетіпті. Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетіне шыққан «Боқтыдағы бұрқасын» деген мақалада журналист, өңірдің азаматы Құрманғазы Өтебай сол Асқар Абылайұлы туралы бір тарау арнап, жеке тоқталыпты. «Атаманның қаруы» деген тақырыпша ішінде: «Менің ауылымда, яғни Боқтының ішінде банды Асқар атанған қария өмір сүрді. Өзі – ұста, дүкен ұстаған шебер кісі. Бөкейдің Көксал деген баласынан тарайды. Кездесе қалса, адасып жүрген ақты да, қызылды да оңдырмаған екен. Күндіз ұры жоталарда келімсектерді торуылдап, түнде қару соққан. Бұл кісі – бір кітапқа арқау болар азамат», деп жазады.
Міне, осы жазбадан-ақ оның қолы шебер, ұста, әр нәрсеге икемі бар еті тірі адам екені көрінеді. Сондай-ақ ұрпақтарының мына бір естелігін оқысақ, оның жай ғана ұста емес, езгідегі елі үшін қолынан келген көмегін аямаған, сол үшін оққа ұша жаздаған адам екенін де байқау қиын емес.
«Дутовтың әскері ауылды ойрандап, бейбіт жұртқа зорлық-зомбылық көрсетеді. Солдаттар атамызды ұрып-соғып, жақпарлы сайдың желкесінде атпақшы болады. Ол сол мезетте ойланбастан, қалың бүргенді сайға қарғып кеткен екен. Жоғарыдағылардың оғы дарымай, еш жері майып болмай, етектен шыққанда үстінде лыпа қалмапты. Киімі бұталардың біздей тікенінде қалыпты. Содан түн ортасында мұржаны бітеп, ақтың біраз әскерін қырып салады. Олжалаған оқ-дәріні майлап, киізге орап, терімен қаусырып Боқтының сай-саласына жасырады. Мұндай оқиғалардың саны болыпты сол кезде», дейді атасының естелігімен бөліскен Хасен Асқаров.
Шынымен де ол адамның көтерілісті басып-жаныштау үшін арнайы жасақталған отрядтарға қарсы қимыл жасағанын ешкім жоққа шығармайды. Сол әрекеттері үшін кейін Магаданға жер аударылыпты. Оны айтпас бұрын абыздық Асқардың Мирзоянмен кездескендегі қызық әңгімеге тоқталғанымыз дұрыс. Бұл әңгімені тарихшы Арман Ахметовке Асқарға аталас туыс Болат Тәңірбергенов баяндап беріпті. Тарихы қызық кездесу А.Ахметовтің «Барақ сұлтан» атты шежіре кітабында толық айтылады. Ал енді Асқар Абылайұлы Барақ сұлтан туралы кітапта қайдан жүр дегенге келсек, оның арғы аталары Әли сұлтан – Барақ сұлтанның шөбересі, Бөкей ханның немересі, Көксалдың үлкен баласы. Былайша айтқанда, оның қудалануының негізгі себебі, төре тұқымынан шыққан арғы тегі тікелей себеп сияқты.
Арман Қиятұлы аталған еңбекте: «Қарқаралы ауданының Абыз ауылында бірнеше үй төре бар. Олардың көпшілігі өздерін «Әли төренің кіші ұлы Досанның ұрпағымыз» дейді. Досанның артында Абылай, Абылхан есімді екі ұл қалған. Абылайдың жалғыз ұлы Асқар төре елге сыйлы, беделді кісі болыпты. Бірде Өкінбай деген жердегі атақты Тәтім Құсайынов старшындыққа кандидатурасын ұсынып, шабармандарын жан-жаққа шаптырып, дауыс жинатыпты. Сонда барлық ауыл дауысын Тәтімге беруге келісіп отырса, жалғыз Асқардың ауылы үндемей қалыпты. «Е, ол өзі келсін деп отырғаны ғой, жиналыңдар, жолға шығамыз» деп Тәтім адамдарын ертіп, Асқар отырған Әбілғаппар деген жерге бет алады. Әдейі алыстан көзге түсу үшін «Шашырап жүріңдер!» деп бұйырады. Өкімбай мен Әбілғаппар ауылдарының арасы жиырма шақырымдық жер екен. Асқар дүрбісімен қарап, бәйбішесіне: «Анау ит өзі келе жатыр, самауырыныңды көтере бер!» дейді. Асқардың үлкен үш самауырыны болыпты. Біреуі ет пісіруге, ал екеуі шайға арналған. Төре әкесі сияқты қолынан іс келетін шеберлігімен де танымал екен. Аулаға жақындап қалған салт аттыларға назар аудармай, әдейі зергерлігімен айналысып отыра беріпті. Бір-бірінің мінезін жақсы білетін көрінеді екеуі. Тәтім оның әдейі отырғандығын біліп отырса да: «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасады. «Уағалейкүмассалам!» деп жауап қайырған төре жұмысын істей береді. Сонда Тәтім: «Әй, түсейін бе? Жоқ кете берейін бе?» десе, «Қоймадың ғой, түс енді!» деп асын салып қонақтарын жақсы күтіп, аттандырып салады. Қонақтар елге кетіп бара жатып: «Біз осы ет жеуге бардық па? Дауыс туралы әңгіме де қозғаған жоқсыз?» деп сұраған адамдарына Тәтім: «Сендерге сеніп жүрген мен ақымақ екенмін. Әй, оның «Аттан түс» дегені күллі Кент өңірінің тасы біздікі деген сөз» деп жауап береді. Осы Тәтім мен Асқар өмірінің соңына дейін жақсы араласып тұрған» деп Асқардың бет-бейнесі мен болмыс-бітімі туралы көп мәлімет келтіреді.
Ал енді Мирзоянмен кездесуіне келсек, Левон мырзамыз Қазақстанның түпкір-түпкірінен қолы шебер өнерлі он адамды таңдап, жұмыстарын тамашалауға бәйге жариялапты. Зергерлігімен аты шыққан Асқар сол ондықтың ішінде болып, Мирзоянға сегіз жасырын коды бар құлып істеп апарыпты. Құрылысы күрделі құлыппен әрі алысып, бері алысып, ақыры аша алмаған армян дала қазағынан жеңілгенін мойындап, өзіне ашуын өтініпті. Өзі жасаған құлыпты жып еткізіп аша қойған Асқар құлыптың ішінен елу рубль алып шығыпты. Мирзоян «Бұл не ақша?» деп сұраса, «Ашқан адам ақшаны алады, аша алмаған адам ақша салады» деп күліп жауап беріпті. Мирзоян да жымиып: «Екі рет аша алмадым, жүз рубль салайын» деп мырзалық танытыпты. Екінші әкелген заты бәкі, үшіншісі жеті таспадан тұратын сақина, төртіншісі он екі таспалы сырға екен. Олар да ерекше бұйымдар ретінде өте бағалы саналған. «Мәскеуге жәрмеңкеге барасыз, жиналыңыз» десе, барудан бас тартып, елге қомақты ақшамен қайтыпты. Бұл 1934 жылы Халық арасындағы шығармашыл қайраткерлердің Алматыда өткен 1-ші слеті екен. Бірақ кейіпкеріміз кейін 1937 жылы репрессия тізіміне ілігіп, 25 жылға сотталып кетеді. Жағылған күйе мен жабылған жала жоғарыдағыдай. Алайда бір жарым жылдан кейін, Мәскеуден НКВД адамдары іздеп оны қайтадан тауып алады. Сөйтсе, баяғы Мәскеуге жіберілген заттардың бірі жерге түсіп шашылып, оны ешкім жинай алмаған соң, әдейі шебердің өзін іздеп келген беттері екен. «Әлгі затты жинап бергені үшін бірнеше айдан кейін босатылыпты. Асқардың Мәскеудегі жәрмеңкеге бұйымдар жібергені туралы ұлттық энциклопедияда жазылған», дейді тарихшы А.Ахметов.
Сондай-ақ Асқар төренің бәйбішесі Сәлима Керейбайқызы да төре әулетінен тарайды екен. Бөкей ханның кіші ұлы Әбілғазының немересі. Екеуінен үш ұл: Мүфтал, Малкелді, Амангелді дүниеге келген. Бүгінде Мүфталдан тараған ұрпақтар сол Абыз аймағында, еліміздің басқа да қалаларында өмір сүріп жатыр. Мүфталдың ұлдары: Құсайын, Хасен, Бақытбек, Ғазиз.
Айтпағымыз, Гудини сияқты атақты болмаса да, құрылысы күрделі құлып жасап, оны оп-оңай аша алатын адамдар қазақ даласында да болғаны. Мәселе, ел басына төнген зауал-зобалаңдар осындай талантты, шебер адамдардың небірін итжеккенге айдатып, түрменің түбінде шірітті. Мирзоян әлгі құлыпқа таңғалмаса, бұл адам да сол Магаданның маң даласында сүйегі қурап қалар ма еді. Өнері өлтірмеді, ұрпақ жалғауына жалғыз бұйымы солай себеп болыпты.