Өңірдегі басқармалардан, құқық қорғау орындарынан келетін хабарламалар мен баспасөз баяндарының жиналып қалатыны бар. Сондағы ең көп хабар түсіретін – облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сол мәліметтерден жергілікті полицейлердің қызмет барысындағы жедел іс-қимылын құдды солармен бірге жүргендей сезіп отырасың.
Біз тыныштықты қалаймыз. Көшеге шықсақ та, бақтарға барсақ та, басқа да қоғамдық орындарда жүрсек те, үйімізде отырсақ та алаңсыз екеніміз рас. Өйткені, полицияға сенеміз. Көршің ұйқы бермей қатты музыка қосса, дереу полицияға хабарласасың. Тұрғын үйдің кіреберісіне көлігін тіреп қоятындар болса, тағы да құқық қорғау органдарына жүгінесің. Осындай оқиғаларды хабарласаң «қоғамдағы кішігірім құқық бұзушылықтарға бейжай қарамай, оны тоқтатуға үлес қосқаныңыз үшін рахмет» деп тәртіп сақшылары да алғысын айтып жатады.
Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыстағы полиция қызметкерлері 124 мыңға жуық әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап отыр. Қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген 7 мыңнан астам адам Қылмыстық кодекстің 440-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке, тыныштықты бұзғаны үшін 2 640-тан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сонда да болсын айнала тынышталар емес. Арамызда қоғам тыныштығын бұзатындар көп.
Мәселен, облыс орталығында «жарылғыш зат қойылған» ғимараттан 7 адам эвакуацияланды. Оқиға орнына жедел тергеу тобы шығып, ғимарат аумағын қоршайды. «Биыл 16 қарашада сағат 10.10-да қалалық полиция бөліміне Қ.Сәтбаев көшесі, 25/1 мекенжайы бойынша орналасқан ғимараттың кез келген минутта жарылуы мүмкін екені туралы хабарлама түсті. Аумақ пен ғимаратты тексергеннен кейін күдікті немесе жарылғыш заттар табылған жоқ. Қоңырау жалған болып шықты», деп хабарлайды Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Ізінше, полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтайды. Ол облыстық психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған 41 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Ал облыс орталығына қарасты Павлодар ауылында танк снарядтары табылыпты! Осы жылы 11 қарашада сағат күндізгі 11-лер шамасында ауылға шақырту бойынша шұғыл қызметтер: полиция, жедел жәрдем, өрт сөндірушілер, жару техникалары жетті. Снарядтар жеке үйдің ауласында екені анықталды. Үй иесі металл сынықтарын қабылдаумен айналысады екен. Үй полиция күшімен қоршалып, 10 адам басқа жерге көшірілді. Саперлер танктің екі снарядын және миномет минасын тауып алды. Кейін оқ-дәрілер тәркіленіп, баспасөз қызметі хабарлағандай Қылмыстық кодекстің 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Павлодар облысының экологиясы, қоршаған ортасы толық тазара қоймаған өңірлердің бірі екені бәрімізге белгілі. Зауыттар, кәсіпорындар көп шоғырланған, сүзгілер әлі толық орнатылмаған, ауаға ыс, күл тарауда деп дабыл қағамыз. Жалғыз кәсіпорындар емес, өңіріміздің, қаламыздың қоршаған ортасын ластайтын көлік жүргізушілер қатары да аз емес екен. Облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың мәлімдеуінше, жергілікті полиция қызметкерлері басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, атмосфераға зиянды заттар шығарудың рұқсат етілген нормасынан асатын автокөлік құралдарын анықтау бойынша алдын алу іс-шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
«Осы жылдың 10 айында облыстың 440-қа жуық жүргізушісі еліміздің заң талаптарына сай «Ластаушы заттардың болуы нормативтен асып кететін автомотокөліктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп бұзушыға ескерту жасалады немесе 2-ден 5 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады», деді осы тақырыпқа сай өткен брифинг барысында Ж.Қайыров. Қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына кері әсер ету дәрежесі бойынша бірінші орында автокөліктер пайдаланатын құрамында қауіпті химиялық қосылыстары бар газдар тұр. Сондықтан, полиция қызметкерлері өткізетін бұл арнайы шаралар – көліктердің қоршаған орта экологиясына зиянды әсерін барынша азайту.
Қаладағы тұрғын үйлердің ауласы қаптаған көлік. Саналы түрде көлігін автотұраққа апаратын менің көршім Хамит аға сияқты көлік иелері өте аз. Көліктерін тұрғын үйдің кіреберісінен 5-6 қадам қашықтықта қоймайтын да көлік иелері бар. Тұрғындардың үйден кіріп-шығатын жолын жауып тастайды. Сондағы сылтаулары – заманауи жерасты автотұрақтарының жоқтығы.
Көлік демекші, биыл 31 қазанда облыс орталығындағы Мир көшесі, 36/1 мекенжайында орналасқан «Diamond» көлік жуу орнында оқыс оқиға болды. Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған және алкогольдік масаң күйде болған ер адам көлік жуушы В.Найдинаны қағып кетті. Жедел жәрдем бригадасы 31 жастағы әйелді облыстық ауруханаға жеткізді. Ауруханада әйелдің аяғы ампутацияланды. Аталған факті бойынша ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, Қылмыстық кодекстің 346-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ көлік жуу орнының Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Енді жұмысынан да, аяғынан да айырылған әйелге көлік жуу орны протез бен дәрі-дәрмек шығынын төлейтін болады.
Елімізде індет таралмауы үшін бірқатар шектеулер қойылғаны белгілі. Бірақ, ол талаптарға бағынбай, полицияны сыртта 5 сағат күттіріп қоятын да караоке, кафе иелері бар екен. «Биыл 15 қарашада сағат 22.30-да полицияға Астана көшесі, 16/2 мекенжайы бойынша караоке-бардың жұмыс істеп тұрғаны туралы ақпарат келіп түсті. Бардың жанында полицейлер 5 сағат күтуге мәжбүр болды. Ал әкімшілік таңғы 3.30-да ғана бардың есігін ашты», деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметі. Аталған факті бойынша тексеру және анықтау жұмыстары үшін полиция бөліміне 28 келуші мен 7 бар қызметкері жеткізіледі. «Бұл күні 8 факт анықталды. Сағат 21.40-та Малайсары батыр көшесіндегі қаланың лаундж-барларының бірі жұмыс істеген. Келушілер кальян шегіп, би кешін өткізген. Кальян шеккен клиенттерге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Мекеме әкімшісі кальян тұтынуға жол бергені үшін Қылмыстық кодекстің 441-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ материалдар жинақталып, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды», дейді департамент қызметкерлері.
Қазір карантиндік шектеулер кезінде адамдар үйде болғандықтан, кейбір отбасылар тапсырыспен онлайн қызмет жеткізілімін пайдалануда. Осыған байланысты алаяқтықтың да түрі көбейген. Департаменттің мәліметінше, онлайн қызметпен тамақтың түр-түрін «жеткізбекші» болған 17 топ ұсталған. Қазіргі таңда алаяқтық бойынша 150-ден астам іс тергелуде.
Ал енді, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылының тұрғыны Амангелді Халчабеков Павлодар облысында болған оқыс оқиғаны ешқашан ұмытпайтын шығар. Біздің өңірмен өтетін «Омбы – Майқапшағай» бағытындағы халықаралық автожолға асфальт-бетон төселгені жергілікті жүргізушілерге белгілі. Осы жолмен 12 қараша күні Амангелдінің де «DAF» маркалы 16 тонналық жүк көлігі келе жатты. Бұл күні қар қалың жауды. Жолдың асфальт-бетон жабыны алғашқы жауған қалың қардан көрінбейді. Осылайша, ауыр көлік сырғанап барып Ертіс өзені жағалауының жанындағы жыраға аударылады. «Мен кабинадан қалай шыққанымды өзім де түсінбедім. Бірден «102»-ге қоңырау шалдым. Патрульдік полиция экипажы тез келіп жетті. Тереңкөл аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Серік Асылбеков те келді. Апат болған жерге екі К-700 тракторы мен автокран келіп, олардың көмегімен көлігім шығарылды», дейді А.Халчабеков.
«Ал көлікті төменнен жоғарыға шығару барысы 8 сағатқа созылды. Өте мұқият әрекет етпесек, ауыр жүк көлігі суға түсіп кетуі мүмкін еді. Бірақ қиын және үйлесімді жұмыс нәтижесінде көлікті шығарып алдық. Амангелдінің өз үйіне аман-есен жетуін бәріміз тіледік», дейді көмек көрсеткен Серік Асылбеков. А.Халчабеков алыстағы ауылына аман-есен жеткен соң, С.Асылбековке, аудандық полиция қызметкерлеріне қиын сәтте көмектескендері, жедел жұмыс істегендері үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хат жолдапты.
Иә, күнделікті өмірде полиция жайлы анық-қанығына жетпей айтылатын небір жөнсіз сөздерді естіп жүрміз. Соған жауап ретінде тәртіп сақшыларының күн демей, түн демей атқарып келе жатқан тынымсыз қызметін еш қоспасыз, шынайы мысалдармен жазып отырмыз. Ойлы оқырман өзі ой түйеді деп сенеміз.
Павлодар облысы