Риддер – өндірістік қала ғана емес, Батыс Алтайдың бөктеріндегі туризмді дамытуға қолайлы өңірлердің бірі. Облыс орталығына таяу жатқандықтан қысы-жазы туристер көп ағылады мұнда. Саяхатшылар жаздай тау-тасын араласа, қыста шаңғы тебу үшін өңірді бетке алады.
Ертеректе өндірісіне ғана мән беріліп келген өңірде 1992 жылдан бастап Батыс Алтай табиғи қорығы құрылып, тұмса табиғат мемлекеттің қорғауына алынды. Ағаш отауға, аң атуға үзілді-кесілді тыйым салынды. Содан бері мемлекет қанатының астындағы аумақта аң-құс көбейіп, табиғаты құлпыра түскен. Кейінгі жылдары қысқы, жазғы туризмді дамыту да мықтап қолға алынды.
Үлкен додаларда топ жарып жүрген шаңғышылар осынау Батыс Алтайдың асқарларында жаттығады. Мұндағы тау шаңғысы кешендерінің беткейлері әртүрлі биіктікте болғандықтан, кәсіби шаңғышылардан бастап аяғына шаңғыны жаңа байлаған демалушыларға дейін уақытты тиімді өткізе алады.
2019 жылы тау-шаңғы базаларының екі алып жолағы «FIS» сертификаттарына қол жеткізген. Демалу кешендері таудың бөктерінде орналасқанымен, жаяу және автокөлікпен шығатын жолдары сайрап жатыр. Халықтың келіп, тынығып кетуі үшін тиісті жағдайдың барлығы жасалған.
Сонымен қатар Батыс Алтайдың киелі жерлерін жаяу, атпен аралап шығуға болады. Ол үшін туристік маршруттар белгіленген. Риддер қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Әсел Жұмабаеваның айтуынша, өңірдегі туризмнің негізгі түрлері: мәдени, танымдық, ауылдық-этнографиялық, спорттық және экстремалды.
Әр саяхатшы таңдауына қарай, Батыс Алтайдың шыңдарын, орман-тоғайын, өзен-көлдерін аралап, көріп шығуларына болады. Қажет болса, көптеген туристік фирмалардың қызметтеріне жүгіне алады. Олардың ұсынатын бағдарламалары, туристік бағыттары да сан алуан.
Саяхатшылардың көбін қызықтыратын киелі нысандардың бірі – таудың биігіндегі Радон көлі. Көлдегі радон зерттелмегенімен, мұнда халық көп қатынайды. Сонымен қатар Британ аралындағыдай, қаз-қатар тізілген алып тастар Риддер өңірінде де бар. Туристерді қызықтыратын бір нысан да сол, «Ертегі тастары». Ал таулы өлкенің биік шыңдарына өрмелеу үшін алыс-жақын шетелдерден альпинистер де келіп бақтарын сынайды.
Туристификация картасына сәйкес, Риддер қаласы үздік 50 нысанның қатарында екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ Алтай курорттық және тау шаңғысы кластері аймақтарына енген. Ал өңірдегі этнографиялық туризмді дамыту мақсатындағы үш басым аумақ – Үлбі кенті, Поперечное және Коноваловка ауылдары белгіленген. Аталған ауылдарды аралаған саяхатшылар орыстың ұлттық тағамдарынан дәм татып, қолөнер шеберлерінің бұйымдарын сатып ала алады. Бәрінен де қызығы, орыстың сәл ерте замандағы мәдениетіне куә боласыз.
Қазіргі таңда жол бойындағы сервис пен марал шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Марал өсіру үшін жер учаскесі белгіленді. Болашақта Риддерде де Катонқарағайдағыдай пантымен емдеу орталықтары ашылуы мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысы