Әлі оң-солын тани қоймаған жасөспірімдер жас шыбық секілді. Қалай исең, солай бой түзейді. Алайда кәмелетке толмағандардың арасында түнімен көше кезетіндер, тіпті наркологиялық есепте тұратындар бар. Мұның себебі алдымен ата-ананың тарапынан бақылаудың босаңсығанына тіреледі. Бұл өңір полицейлері өткізген «Жасөспірім» іс-шарасы кезінде анықталып отыр.
– Мақсат – ішкі істер органдарының есебіне алынған кәмелетке толмаған балалар мен оқу орындарының студенттері арасында профилактикалық жұмыс жүргізу. Сондай-ақ заңға қайшы әрекеттер жасауға бейім жасөспірімдерді, кәмелетке толмағандар тобын, балаларды құқықбұзушылықтарға тартатын ересек адамдарды анықтау. Полиция қызметкерлері ұрлық жасағаны үшін бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы сот үкімінен жалтарып, іздеуде жүрген 17 жастағы жасөспірімді ұстады. Үш күнде ата-аналар тарапынан 147 әкімшілік құқықбұзушылық жасалғаны белгілі болды. Олардың 14-і ата-аналық міндетін орындамаса, біреуі кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдік сатқан. Бір жасөспірім қоғамдық орында масаң күйде жүрген. Түнгі сағат 23.00-ден кейін көше кезген 131 жасөспірім анықталды, – деп мәлім етті облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова.
Сондай-ақ полицейлер есепте тұрған 92 жайсыз отбасы мен 44 жасөспірімнің мекенжайын тексерді. Енді бұлардың қатарына тағы да бір жасөспірім мен жайсыз алты отбасы қосылып отыр.
Ал облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында жаға ұстатар деректер мәлім болды. Мәселен, Жылыой ауданында полицияның есебінде кәмелетке толмаған тоғыз бала тұр. Тіпті бір отбасының екі баласы наркологиялық есепке алыныпты. Мұндай жайт алаңдатпай қоймайды.
– Олардың төртеуі – орта мектептің оқушысы, ал бесеуі арнайы және жоғары оқу орындарының студенті. Орта мектепте оқитын төрт оқушының үшеуі «кәмелетке толмағандар ағзасының психикалық және физикалық функцияларына теріс әсер ететін психотроптық және өзге де күшті әсер ететін заттарды теріс пайдаланатын» санатына жатқызылды, – дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, осы жайтқа орай Жылыой ауданының басшылары тиісті шараларды қабылдауы қажет. Өйткені кәмелетке толмаған балалардың наркологиялық есепке алынуы – алаңдатарлық жайт. Ал caspianlife.kz таратқан ақпаратқа сүйенсек, ауданда кәмелетке толмаған қыздардың арасындағы жүктілік азаяр емес. Мәселен, былтырғы тоғыз айда 27 дерек тіркеліпті. Биыл осындай көрсеткіш 31-ге жетіп отыр.
– Біз әр баланың болашағы үшін жауапты екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Барлық жасөспірімнің, әсіресе есепте тұрған балалардың жақсы тәрбие алуына, қоғамнан өз орнын табуына ықпал етуіміз керек. Осы саланың жауапты мамандары әр балаға толыққанды тұлға ретінде қарауы тиіс, – дейді Бақытгүл Хаменова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметіне қарағанда, арнайы орталықта психиатриялық есепте тұрғандар үшін 145 төсектік орын қарастырылған екен. Ал наркологиялық патологиясы бар кәмелетке толмағандарға арналған бес орын жасақталыпты. Қазір уытқұмарлыққа тәуелді үш жасөспірім тіркелген. Енді жат қылыққа әуес балалар наркологиялық тексеруден өтеді.
Бұрынғының көнекөздері «...баланың көңілі – далада» деуші еді. Бүгінгі баланың көңілі жат қылық пен есірткіге ауып бара жатқандай. Уақытының көбін смартфонға үңілумен өткізіп, баласының көшеде не істеп жүргенінен бейхабар ата-ананың көңілі ше?..
Атырау облысы