• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Қараша, 2020

COVID-19: Әлемнің әлі де әлі келмей жатыр

267 рет
көрсетілді

Пандемия кедей мемлекеттер түгілі алпауыт елдердің экономи­касы­ның да шәт-шәлекейін шығар­ды. Канада билігі осындай сәтте қиын жағдайға қалған кедей елдерге вакцина беруді қарастарып жатқан сыңайлы.

Жер жүзінде COVID-19-ға арналған вакцинаны өз тұрғындарының санынан артық мөлшерде сатып алудан Канада ең алдыңғы орында кө­рінеді. Сондықтан артылып қал­ған вакци­нанының бір бөлігін Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы арқылы гуманитарлық көмек ретінде кедей елдерге таратып береміз деген ойда екен.

* * *

Әлем бойынша індет ілмегіне дәл АҚШ тәрізді түскен ел кемде-кем. Осы күндері COVID-19-дан көз жұмғандар саны жарты жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.

Хопкинс атындағы университет­тің мәліметіне қарағанда, 14 мамырдан бергі індеттен ажал құшқандар статистикасы бойынша қарашада қаралы санның басымдығы артып, 17 қарашада 1 707 пациент COVID-19 кесірінен өмірмен қоштасқан. Ал 19 қарашадағы мәлімет бойынша пандемия бастал­ғалы бері вирусты 11 468 739 адам ін­дет жұқтырып, 249 935 амери­калық көз жұмыпты.

Осындай жағдайға байланысты АҚШ Қор нарығы индексінің де бәсі көтеріле алмай жатыр. Қарашаның 18-і күнгі кешкі жабылуда Уолл-стритте Dow Jones 344,93-ке (1,16%) түсіп, S&P 500 41,74-ке (1,16%) төмендеген.

 * * *

Ресей ғалымдары жасаған COVID-19-ға қарсы вакцина мәре сызығына таяғаны жайлы REGNUM хабардар етеді.

«Спутник V» вакцинасын жасаушылар жаңа вакцинаны бағалау үшін барлық материалды ДДҰ құзырына өткізіпті. Ол жайында 18 қараша күні ДДҰ-ның Ресей Федерациясындағы өкілі Мелита Вуйнович айтты. «Қазір вакцинаны жасаушылар мен ДДҰ-ның арасында сараптауды жүргізу тәртібі бойынша әңгіме өтуде, ал вакцинаға сараптама қортындысы шыққан кезде ДДҰ өз мәлімдемесін жасайды», деді ол. М.Вуйнович 2021 жылдың аяғына дейін жер жүзінде 2 млрд адам вакцина алып, аурудан қорғанады деген үмітте екенін де айтты.

* * *

Дәрігерлер коронавируспен ауырған пациенттерді емдеу барысында темекі шегушілерге індеттің әлдеқайда ауыр тиетінін байқаған.

Темекі өкпе жұмысына әншейінде де кедергі келтіреді. Ал инфекция жұққанда күресуге дәрмені де азаяды екен. Оның үстіне темекі тартқан уақытта ауыз бен мұрынның ашық болуы себепті темекі­мен бірге вирусты жұту қаупі де бар.

Каталониядағы Cognitive Neurolab зерттеу тобының ғалымы Диего Редолар COVID-19-дан көз жұмған әйелдер мен ерлер арасындағы айырмасына тоқталып, барлық елде вирус жұғуы екі жыныс үшін де біршамада болғанымен, әйелдерге қарағанда ер адамдар көбірек ажал құшқанын жазады. Ғалым ерлердің өкпесі темекі шегу салдарынан вирус екпініне шыдай алмай жатқанын алға тартқан.