Үкімет пен Ұлттық банк әу бастан «ауа жайылып», бақылаусыз кеткен микроқаржы ұйымдарына қатысты талаптарды күшейтуде. Әсіресе соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсті. Соның бір дәлелі – келер жылдан бастап микроқаржы ұйымдарына қатысты бірнеше талап заңды күшіне енбек.
Басын ашып алатын бір дүние бар. Микроқаржы ұйымдары деген санатқа микроқаржы ұйымдарынан бөлек, ломбардтар, несие серіктестіктері, онлайн-несие үлестіретін компаниялар жатады. Міне, осылардың бәрі 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет жүргізуге құқық беретін арнайы лицензияны алуға міндетті. Лицензияны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі береді.
Атап өтерлігі, микроқаржы нарығында жүрген ойыншылардың барлығында лицензия жоқ. Олардың ішінде реттеушіден лицензия алмай жұмыс істеп жатқандар жетерлік. Енді жаңа талап нарықтағы ойыншылардың бәріне міндетті болмақ. Демек, агенттік «көлеңкеде» жүрген ұйымдарды күн астына шығарады. Осылайша нарықтағы ахуалды толықтай өз бақылауына алмақ.
Осы орайда, миркоқаржы ұйымдары лицензия алуға өтініш берген кезде компания туралы толық ақпаратты ұсынуға тиіс. Оның ішінде ұйымның иесі туралы ақпарат міндетті түрде болуы керек. Мәселе лицензия алумен бітпейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілі бір мерзімде нарықтағы ойыншыларды тексеріп отырады. Ондағы мақсат – ұйымның заң талаптарына қаншалықты сай екенін анықтау.
Сондай-ақ жаңашылдыққа сәйкес, миркоқаржы ұйымы басшылық ауысқан жағдайда орын алған өзгерістер туралы реттеушіге ескертуі керек. Осылайша ұйым туралы ақпаратты уақтылы жаңартуға тиіс. Сонымен қатар реттеуші нарықтағы ойыншыларды олардың бір-бірімен қаншалықты байланысы барын да мұқият тексеретін болады.
Негізі микроқаржы ұйымдарына қатысты жаңашылдықтардың негізгі бөлігі осы жылдың шілдесінде заңнамаға енгізілген болатын. Енді міне, қосымша нормалар енгізіліп жатыр. Бұл нормалар негізінен ұйымдардың басшыларына, құрылтайшыларына және акционерлеріне қатысты. Бұл ретте микроқаржы ұйымдары басшыларының іскерлік беделі мінсіз болуы керек. Заңнамада дәл осындай талап бар. Бұл дегеніміз – өтелмеген немесе күші жойылмаған соттылықтың болмауы, оның ішінде қаржы ұйымының басшысы лауазымын атқару құқығынан айыру және қаржы ұйымының ірі қатысушысы болмау түріндегі жазаның, заңды күшіне енген сот шешімінің жоқтығы.
Қысқасы, реттеу нормаларына сәйкес, микроқаржы ұйымдары нарығын маңызды өзгерістер күтіп тұр. Капитал мен өтімділікке қатысты нормалар, сондай-ақ аудит пен есептілікті ұсынуға қойылатын талаптар белгіленді. Түптеп келгенде миркоқаржы ұйымдары банк секторындағы ойыншылармен теңестірілді десе де болғандай.
Жоғарыда жарғылық капитал туралы айтып қалдық. Өзгерістердің бір парасы бұл бағытты да айналып өтпеді. Мәселен, қазір микроқаржы ұйымдарының жарғылық капиталы 30 млн теңгеге тең. 2021 жылдан бастап олардың ең төменгі жарғылық капиталы 50 млн теңгеден кем болмауы керек. Ал 2023 жылдан бастап бұл көрсеткіш 100 млн теңгеге дейін ұлғаятын болады. Сол секілді келер жылдан бастап ломбардтардың жарғылық капиталы 30 млн теңгені, несие серіктестіктерінің жарғылық капиталы 20 млн теңгені құрауы тиіс.
Микроқаржы ұйымдарының басшыларына, құрылтайшыларына және акционерлеріне қойылатын талаптарды ескерсек, Қазақстан нарығындағы ұйым басшыларының 10 пайызы және бұдан да жоғары үлесі микроқаржы ұйымдарының атқарушылық органдарын басқара алмайды. Яғни микроқаржы ұйымдарының қожайындары өз ұйымдарының директоры немесе басқарма төрағасы атану құқығынан айырылады. Өйткені олар жаңа талаптарға сәйкес келмейді.
Осы орайда «Курсив» басылымы активі жағынан Қазақстандағы ең ірі бес микроқаржы ұйымының құрылтайшылары туралы деректерді зерделеп көрген екен. Олардың басым бөлігінің шетелдік акционерлері бар болып шыққан. Мәселен, KMF компаниясының сайтындағы деректерге сүйенсек, оның ірі акционері – KMF Demeu Fund корпоративтік қоры (45,44%). Аталған қорды америкалық ACDI/VOCA корпорациясы құрған.
eGov сайтының деректеріне назар аударсақ, «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» ұйымының құрылтайшысы – Toyota Financial Services (UK) PLС. Бұл компания Ұлыбританияда тіркелген. «ОнлайнКазФинанс» микроқаржы ұйымының құрылтайшысы екеу. Екеуі де шетелдік – ресейлік «Онлайн микрофинанс» және кипрлік IDF Holding LTD компаниялары.
Тағы сол eGov сайтында «Арнұр Кредит» ұйымының бірнеше құрылтайшысы бары көрсетілген. Олар Кайман аралдарында, Люксембургте, Нидерланд пен Чехияда тіркелген. Қазақстандағы ірі микроқаржы ұйымдарының бестігін «МК-Финанс» компаниясы түйіндеп тұр. Компания сайтындағы дерекке сүйенсек, ұйым «Астана Моторс» қазақ мотор компаниясы» ЖШС құрамында құрылған.
Жоғарыда аталған бес микроқаржы ұйымының басшылары – қазақстандықтар. Бірақ олар аталған компаниялардың тікелей басшысы емес. Микроқаржы ұйымы нарығындағы ойыншылардың ішінде басшысы да, құрылтайшысы да бір ғана тұлғадан тұратын компаниялар өте сирек кездеседі.