Алматыда «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экотуризмді дамыту мақсатында құрылған Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Басқосу барысында парк аумағындағы қалдықтарды бөліп жинау алаңдары таныстырылды.
Іле-Алатау қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың инфрақұрылымын толыққанды жасақтаған Қазақстандағы алғашқы ұлттық парк болып отыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасымен қорық аумағында барлығы 31 жаңа қалдық алаңдары орнатылып, ӨКМ Операторы 225 контейнер қойған. Сондай-ақ құрғақ және дымқыл қалдықты екі бөлек салып әкету үшін елімізде баламасы жоқ көліктік техника құрастырылды.
«2019 жылы Ұлттық паркке 300 901 адам келді. Бұл көрсеткіш артады деп күтілуде. Сондықтан 2030 жылға дейін парк аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау деңгейін 85%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қалдық алаңдары Алма-Арасан, Мұзтау, Қимасар, Аққайың, Қаскелең, Ақсай, Есік, Түрген және т.б. шатқалдарда орнатылды», – деп атап өтті «Іле-Алатау» МҰТП Бас директоры Дамир Малгелдиев.
Экология вице-министрі Ерлан Нысанбаев ұлттық парк аумағында 30 «Эко-Сергек» камерасы орнатылатынын хабарлады. Бұл жоба жергілікті әкімдікпен бірге жүзеге асырылмақ.
– Біз азаматтарымыздың табиғатта өздерін ұстау мәдениетіне қарап, осындай шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Келушілер жиі қоқыс қалдырады, темекі тұқылын тастайды, жаққан отты өшірмей, өртке себепкер болады. Вандализм фактілері де кездеседі. Әрине, «Эко-Сергекті» енгізудегі басты мақсатымыз айыппұл салу емес, табиғат ананы қорғау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу – деді Ерлан Нысанбаев.
Бейнебақылау құрылғылары тек туристерді тәртіпке салып қана қоймай, өрт шыққан кезде жедел дабыл қағып, жылдам әрекет етуге, браконьерлерді анықтауға септеспек. Вице-министрдің сөзінше, қоқысты сұрыптап тастау алаңдары мен «Эко-Сергек» тәжірибесін біртіндеп басқа ұлттық парктерге де енгізу жоспарда бар. Айтылған ұсыныстар Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан толық қолдау тапты. Түрген, Алма-Арасан шатқалдарындағы экотуризмдік инфрақұрылымдарды жетілдіру, экологиялық білім мәселесі жиынның өзегіне айналды.
АЛМАТЫ