• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Қараша, 2020

Алматыда ел чемпионаты басталды

191 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының жалауы желбіреді. Бір аптаға созылатын жарыс барысында көрермендер нағыз «жан алысып, жан беріскен» айқастардың куәсі болатынына күмәніміз жоқ. Өйткені бүгінгі таңда грек-рим мен еркін күресте барлық салмақ дәрежелері бойынша мықты бәсекелестік байқалып тұр. Оның үстіне, келесі жылы Токио Олимпиадасының алауы тұтанады. Ғаламдық додада бақ сынауды армандаған әр балуанның Алматы бозкілемінде барын салатыны анық. Бүгінгі әңгімеміз еркін күрес шеберлері жайында.

Жарыстың шымылдығын еркін күрес шеберлері ашады. Олар 10 салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа салады. 57 кг салмақ дәре­жесіндегі балуандардың дең­гейлері бірдей. Олардың арасынан ешкімді бөле-жара атай алмаймыз. Есесіне, 61 кг салмақтағы тартыс қызықты өтеді деген ойдамыз. Негізгі бәсе­ке­лестік Нұрислам Са­­наев пен Ра­сул Қалиев арасында өтуге тиіс. Екеуі де 29 жас­та. Қандасымызға қарағанда Ты­вадан келген жігіттің атақ-даңқы әлдеқайда зор екені мәлім. 2018 жылы Будапеште өткен әлем чемпио­натында күміс ме­даль­ды еншілеген ол 2019 жылы Нұр-Сұлтанда қолаға қол созды. Азия чемпионы деген атағы та­ғы бар. Алайда Расулдың да «өз ай­­тары» бар. Ол да – Азия бі­рін­шілігінің жеңімпазы. Инчхонда алауы тұтанған Азия ойындарының күміс жүлдегері. Тегін балуанның ондай дәрежеге жетпейтіні анық. Оның үстіне, осыдан бірер жыл бұрын жауапты жарыстардың бірінде Қалиевтің Санаевты сан соқтырып кеткені есімізде. Егер бас жүлде үшін талас осы қос саңлақ арасында өтіп, қалғандары сырттан бақылап отырады деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Бұл салмақта Адлан Асқаров есімді дарынды өрен бар. Жас жолбарыс өзі құралыптас балуандар арасындағы әлемдік деңгейдегі жарыстарды тегістей ұтып, жанкүйерлердің көз­айымына айналды. Былтыр 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем біріншілігінде 19 жастағы Адлан кү­міс медальды мойнына ілді. Осы жайттың барлығы бұл жігіттің шынайы әлеуетін байқатса керек.

65 кг салмақта Дәулет Нияз­­бековтің шоқтығы биік. 31 жас­­тағы Сыр бойының саңлағы әлем чемпионатының екі дүркін жүл­дегері, Азияның үш дүркін чемпионы және сол жарыстың төрт дүркін қола жүлдегері деген атақтары бар. Алматыдағы додада Дәулеттің басты қарсыласы – Саят­бек Оқасов. 29 жастағы Павлодар облысының тумасы – Азия ойындары мен чем­пионатында жеңіс тұғырына көтерілген сақа спортшы.

Жанкүйерлер 70 кг сал­мақтағы Мейіржан Әшіров пен Амандық Бакеев арасындағы тар­тысты та­ғат­сыздана күтуде. Бұған дейін бір-бірін алма-кезек ұтып жүрген са­йыпқырандар осы жолы кімнің шын мықты екенін анықтайды. Ал 74 кг салмақ дәрежесінде күш сынасатындар шетінен «сен тұр, мен атайындар». Олар – Нұрлан Бекжанов, Нұрқожа Қайпанов және Данияр Қайсанов. Үшеуі де әлем чемпионатының жүл­дегері атанған апайтөстер. Нұр­лан бұл атаққа 2016 жылы Буда­­пештте қол жеткізді. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен додада Нұр­қожа күміс алса, Данияр қола медальды мойнына ілді. Бірақ ол кезде Қайпанов 70 кг сал­мақта күрескен еді. Одан бөлек, есімдері аталған өрендердің барлығы да құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқылдады.

79 кг салмақтың фавориті Ға­лымжан Өсербаев екені сөзсіз. Олим­­­пия ойындары мен Әлем чем­­пионатында бесінші орынға табан тіреп, бірқатар халықаралық дода­да жүлдегерлер санатына қо­сылған саңлақты тұғырдан тайдыру үшін Мейір Көшкенбаев пен Болат Сатаев сынды жастар барын салуға тиіс.

86 кг салмақта Азамат Дәулет­бековтің қарқыны күшті. 26 жастағы Семей өңірінің тумасы Азия чем­пио­натында екі мәрте жеңіс тұғы­рына көтерілді. Оның сыралғы қар­­сыласы Әділет Даулынбаев бұл жарысқа қатыспайды. Бірақ соған бола Азамат босаңсымау керек. Өйт­кені қазіргі кезде Есқали Дәулет­қазы мен Бақтияр Ізбасаров бас­таған бір топ жас өреннің те­геуріні күшті.

92 кг салмақта Нұрғали Нұр­ғайыпұлы мен Илисхан Чилаевты өтап өтуге болады. 97 кг салмақ­та Ерғали Әлішер мен Мәмед Ибра­­гимов бар. Ал 125 кг салмақ дәре­жесінде айқасатын үш алыптың бәсекесі көрермендер көңілінен шы­ғатынына сенімдіміз. Олар – Олег Болтин, Іңкәр Ермұхамбет және Юсуп Батырмұрзаев.

Міне, еркін күрес шеберлері арасындағы жарыстың басты фа­вориттері осылар. Бірақ бір шоғыр жас жолбарыс олардың ізін басып, өсіп келе жатқанын да естен шығармайық. Олардың да өз жос­парлары, көздеген мақсаттары бар. Сол себепті біздікін тек жорамал деп қабылдаңыздар. Ал солардың арасынан кімнің мықты екенін боз кілемдегі «жан алысып, жан беріскен» белдесулер анықтайды.

 

АЛМАТЫ