Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен «Сандық және жаһандық өзгерістер дәуіріндегі оқырман ұлт» тақырыбында Халықаралық онлайн оқу Конгресі өтті.
Кітапхана саласының барлық маманына, ғалымдар мен қоғам қайраткерлеріне ұлттық құндылықтарды, рухани-адамгершілік һәм мәдени аспектілерді оқу, сақтау, қолдау мәселелері, вирус пандемиясынан кейінгі жаһандық қайта құрулар кезеңіндегі кітапханалар жұмысының бағыттары бойынша пікірталас кездесуіне қатысуға мүмкіндік беру үшін ақпараттық және ғылыми-мәдени онлайн алаң құруды мақсат тұтқан Халықаралық оқу Конгресі Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп отыр.
Жиынға Қазақстан Республикасының Даниядағы Құрметті Консулы Leif Midtgaard Pedersen қатысты. Консул өз сөзінде қазіргі қоғамдағы кітапханалардың кітап оқуды насихаттау ісіндегі үлкен рөлін атап өтіп: «Кітапхана саласының мамандары үшін онлайн-ақпараттық платформа құру жөніндегі осы бастаманы алға басқан игі қадам деп санаймын. Тарихтан сабақ алуға мүмкіндік беретін ұлттық құндылықтар мен мәдени аспектілер осы процестің негізі болуға тиіс. Осы онлайн платформа келешек ұрпақтың игілігі үшін жасалатын жоба болады», деді.
Қазіргі уақытта кітапхана жұмысын виртуалды оқырманға да қолжетімді қылу – кітапхана аудиториясының әлемдік стандартқа сай болуының алғышарты іспеттес.
Қазақстандағы халықаралық оқу Конгресіне алғаш рет қатысқан халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер Федерациясының (ИФЛА) президенті Кристин Маккензи пандемияға байланысты ақпараттық қоғамдастықтағы жаңа өзгерістер кезеңіндегі ИФЛА жұмысы туралы һәм сауаттылық пен оқуды әлемдік ауқымда ілгерілетудің маңыздылығы жайында баяндама жасады.
Сондай-ақ аталған шараға Ресей, Қытай Халық Республикасы, Мажарстан, Түркия, Латвия, Дания, Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық және басқа да кітапханаларының мамандары қатысты.